Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінде «Бірге жасаймыз, бірге түсінеміз» тақырыбында тренинг-квест өтті. Шараға 7 отбасы мен олардың балалары белсенді түрде қатысып, өзара бірлік пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті.
Шараның ашылуында ұйымдастырушы, колледж психологі Бақтылы Боранбайқызы сөз алып, командалық жұмыстың шарттарына тоқталды. Оның айтуынша тренинг- квестің негізгі мақсаты – ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті арттыру, сенімді қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар бірлескен әрекет арқылы бірін-бірі тыңдау, түсіну және қолдау дағдыларын дамыту, қатысушылардың эмоционалдық жақындығын күшейтіп, отбасылық құндылықтарды қалыптастыруға жағдай жасау.
Топтық жұмыста жанұялар «Менің ішкі әлемім», «Сенім көпірі», «Диалог шебері», «Шекара белгілеу», «Ұятпен салыстыру», «Қақтығыстан шығу» және «Бірлескен креатив» кезеңдері бойынша ата-ана мен бала арасындағы командалық жұмыстарын көрсетті. Солардың бірі – «Шабыт» тобының мүшесі Айгүл Шағырбаева. Ол өзінің тренингтен алған әсерімен бөлісті.
- Тренингтен алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Командалық жұмыс барысында отбасымызбен қарым-қатынасымыз одан әрі нығайып, жеңіске деген құлшыныс арта түсті. Барлығымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлікте ойын көрсеттік. Осы шараны ұйымдастырған колледж психологі Бақтылы Боранбайқызына алғысымыз шексіз. Мұндай шаралар қазіргі заманда өте қажет деп білемін. Алдағы уақытта жалғасын таба берсін, біз қолдаймыз,-дейді Айгүл Шағырбаева.
Әділқазылар алқасының айтуынша, қатысушылардың жұмыстарын бағалау оңайға соқпаған. Себебі барлық отбасылар жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. Ата-аналар мен балалар өздерінің жан-жақты қырларын ашып, бірлікте жұмыс істей алатындарын дәлелдеді. Әр кезең бойынша қатысушылар арнайы бағалау шкаласына сәйкес бағаланды.
Командалық жұмыс қорытындысы бойынша «Шабыт» тобы 1 орынды иеленді. 2 орынға «Бірлік» тобы лайықты деп танылса, 3 орынды «Үміт» тобы қанжығасына байлады. Жеңімпаздар арнайы алғыс хатпен марапатталып, сыйлықтар тарту етілді.
А. Мейрамбайқызы



