ЖЕҢІС РУХЫН ЖАҢҒЫРТҚАН ЖҮЗДЕСУ

Жылдар жылнамасына шегініс жасап, өңір халқының сұрапыл соғыс кезіндегі ерлігі мен тылдағы ерен еңбегін дәріптеп, келер ұрпаққа жеткізу, сол арқылы бүгінгі бейбіт өмірдің қадір-қасиетін ұғындыру – басты парыз. Міне, осы мақсатта аудандық музейде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Жылыой ауданы – Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Иә, сол бір қиын-қыстау кезеңде тылдағы Жылыой жұртшылығы мен қан майданға аттанған боздақтардың ерлігін бүгінгі ұрпақ жақсы білуі тиіс. Сондықтан да шараға жаралы жылдар жаңғырығы жадынан өшпеген ардагерлер, ауданға белгілі қаламгерлер, ақын-жазушылар, тарихты таныған мәдениет және білім саласының майталман мамандары мен көзі қарақты жастар қатысты. «Дөңгелек үстелді» аудандық музей директоры Мұрат Қақпанбаев ашып, кездесудің мақсат-міндетін түсіндірді:

- Жеңістің 80 жылдығы – тарих алдындағы үлкен белес. Бұл – өткенге – тағзым, ерлікке – құрмет және бүгінгі бейбіт өмірге шүкіршілік ету күні. Осы шара арқылы біз жылыойлықтардың соғыс кезіндегі ерен еңбегін қайта жаңғыртып, жастарға аманаттап отырмыз,-деді.

Шараны музейдің ғылыми қызметкері Гүлжауһар Анкашеваның тарихи шолу баяндамасы жалғады. Ол өз сөзінде сол кездегі Жылой ауданынан майданға аттанған жауынгерлер, олардың тағдыры, елге оралған майдангерлер мен ұрыс даласында қалған боздақтар туралы деректермен бөлісе отырып, музейдегі Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы экспозициялық жинақтар туралы да айтып өтті. Өлкеміздің азаматтары, соның ішінде соғыс ардагерлері туралы бірнеше шығармалардың авторы, ақын-жазушы, журналист Қонаш Қалдыоразұлы «Майдангерлер туралы жазбаларым» кітабынан әңгімелер өрбітті. Жаңа Қаратон кентінен келген тыл еңбеккері Бағыт ата балалық шақтағы естелігі, ауыр еңбек күндерін тебіреніспен еске алды. Осы тақырыпта қалам тербеп жүрген ардагер-ұстаз, өлкетанушы Наурызбай Төлеуовтің естеліктері тыңдалды.

Ішкі істер саласының ардагері, өлкетанушы Ұлықпан Сисекеновтің «Жылыойлықтардың тылдағы еңбегі – жеңіске қосылған үлес» атты мазмұнды баяндамасы тыңдалды. Ал аудандық кітапхананың қызметкері Бибісара Ерболатқызы мәдени-рухани ұйымдарда жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Ол соғыс тақырыбындағы іс-шаралар, кітап көрмелері мен шығармашылық байқаулардың жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

«Ашық микрофон» бөлімінде «дөңгелек үстелге» қатысушылар бірнеше маңызды ұсыныстарын ортаға тастады. Атап айтқанда, ерлігімен танылған жерлестеріміздің есімдерін ұлықтап, насихаттау, 1941–1945 жылдары марапатталған майдангерлер туралы ақпараттар жинағын дайындау, орден, медаль иегерлерінің тізімін, өмірбаянын жинақтап, арнайы кітапша етіп шығару, мәдени ұйымдарда “Даңқ бұрыштарын” жасақтап, тұрақты жаңартып отыру, фото, құжаттар, деректермен толықтырып, заманауи форматта қайта жасау ұсынылды.

Білім беру ұйымдарында Ұлы Отан соғысындағы ерлік дәстүрін жастар тәрбиесінде кеңінен пайдалану – эссе байқаулары, патриоттық клубтар, әскери-патриоттық тақырыптағы кездесулерді жүйелі өткізу, тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегін дәріптеу – олардың есімдерін де мәңгі есте қалдыру, жас ұрпаққа үлгі ретінде таныту, қала, ауылдардағы мемориалдық тақталар мен “Жеңіс” саябақтарының жаңартылуын, көгалдандыру жұмыстарын жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды. «Дөңгелек үстел» соңында қатысушылар айтылған ұсыныстарды бірлесіп жүзеге асыруға, келешекте мұндай кездесулердің жиі әрі кең көлемде өткізілуін қамтамасыз етуге уағдаласты. Шара өткенге тағзым етіп қана қоймай, ел ерлігін ұлықтау, жастар бойына отансүйгіштік сезімді қалыптастыру жолында жасалған маңызды қадам болды.

Иә, Жеңіс – әр үйдің, әр жүректің тарихында өз ізін қалдырған қастерлі ұғым. Жылыойлықтар бұл Жеңіске майдан даласында да, тылда да адал еңбегімен үлес қосты. Бүгінгі ұрпақтың еншісіне бейбіт өмір тиді. Ендеше, сол бейбіт күннің қадіріне жетіп, шын жүрекпен ұғына білу – ұлт алдындағы парызымыз.

Г. МЕЙРАМҚЫЗЫ,

«Атамұра» музейінің кіші ғылыми қызметкері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT