ЖЕҢ ҰШЫНАН ЖАЛҒАСҚАН...

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып тұр. Үлкен әлеуметтік қасірет әкелетін бұл кесел тек қана біздің елдің тұтқасын ұстаған азаматтарды ғана емес, әлемдегі барлық мемлекет басшыларының қай-қайсысын да алаңдататыны анық.

Елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң талаптары аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесу үшін қоғам болып қарсы тұрып, бұл жолда белсенділік таныта білуіміз керек. Өйткені, парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді. Заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себепші болады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет артқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдар, мекеме ұжымдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызмет түрлерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық бағытындағы қылмыстарға, негізінен, лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету секілді ауыр қылмыстардың барлығы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен сыбайластықпен жасалады.

Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі - ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Елдің барлық күш-жігерін біріктіріп, бұл кеселдің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолданып қана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Өйткені, сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматының борышы деп білуіміз керек.

Гүлназ КУПЖАН,

аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT