ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛДЫРҒАН ЖИЫН

Әлқисса, ғалымдардың биылғы зерттеуіне сүйенсек, Мұғалжар тауының басына қар қалың түскен. Жылдағыдай емес, құз басында әлдеқайда өзгеріс орын алып жатқанын көрген олар жергілікті билік пен тұрғындарды ертерек құлақтандырды. Өйткені, көктемде су тасқынының қаупі жоғары болуы мүмкін. Сондықтан жергілікті билік төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қазірдің өзінде қамданып, бірқатар іс-шаралар жүргізу үстінде.

Су басу қаупі жоғары болуы мүмкін деген жерлердің барлығында бөгеттерді биіктету жұмыстарының жүріп жатқанын осыған дейін де жазған болатынбыз. Мамандар болжаған тасқынға тосқынды нығайту мақсатында аудандағы Жем өзенінің бойы мен Қамыскөл көлінің жағасына топырақ төселіп, бөгеттер тексерілді. Басқа да көптеген жұмыстар атқарылуда.

Өткен аптада ауданда екі күн бойына ұйымдастырылған «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны, міне, осыған арналды. Ол төтенше жағдайдың алдын алу және оларды жою бойынша іс-қимылға Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, сондай-ақ көктемгі су тасқыны кезеңіне басқару органдарын, азаматтық қорғаудың күштер мен құралдарын ден қоюға даярлау мақсатында өтті. Жиын облыс әкімі-облыстық азаматтық қорғаныс бастығы Серік Шәпкеновтің «Облыста «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын дайындау және өткізу жөніндегі» ұйымдастырушылық нұсқауы бойынша жүзеге асты. Оқу-жаттығудың тақырыбы: «2024 жылғы су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға мүдделі органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» болды.

Екі күнге созылған жиынға аудан көлеміндегі азаматтық қорғаныс штабының тиісті мекеме-кәсіпорындары қатысты. Оқу-жаттығу 8 ақпан күні сағат 8:15-те келіп түскен «Бастау-1001» сигналымен басталды. Аудандық басқару органдары басшыларымен жедел топтың жиналысы өткізіліп, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметі жағдайын тексеру және оқу-жаттығуды өткізу бойынша міндеттер қойылды. «Жылыоймұнайгаз өндірістік басқармасының» учаскесінде аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова және аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Қобылан Кенжебеков ауданда құрылған азаматтық қорғау құрылымдарының күштері мен құралдарының дайындығын қарау мақсатында саптық байқау өткізді. Барлық құрылымдардың дайындығын жіті тексеріп, төтенше жағдай кезінде жасалатын іс-әрекеттеріне куә болды.

Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова байланыс құралдары арқылы әкімдік ғимаратынан қоңырау шалып, дәрігерлердің жедел қызмет көрсету аппараттарын тексерді. Басқа да құрылымдардың арнайы техникаларының дайындығын тағы бір пысықтады. Саптық байқауда жалпы көлемі 67 адам мен 26 бірлік техника дайындыққа келтірілді. Сағат тілі 11:00- ге жеткенде аудан көлемінде орналасқан құлақтандыру жүйелері іске қосылды. Шыны керек, аудан құлақтандыру жүйесімен 65% қамтылған. Алдағы уақытта бұл мәселе толықтай шешіледі деп күтілуде. 12 сағат 30 минутта «Тұлпар-2002» ескерту сигналы түсіп, басқару органдарына жіберілді. Тәжірибелік тапсырманы орындау үшін аудандық жедел мән беру жасағының құрамы жинақталып, оқу-жаттығудың шартына сәйкес әр қызметкерге міндеттеме жүктеліп, ол тәжірибе жүзінде орындалды.

Оқу-жаттығудың практикалық кезеңінде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында, Қара-Арна ауылдық округі және Құлсары қаласында қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Оған барлығы 23 техника мен 84 адам жұмылдырылды. Осыған орай аудандық мемлекеттік құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Әділет Жандос былай деді:

-Аудан әкімі Жұмабек Қаражановпен бірлесіп, аудан бойынша елді-мекендерде көктемгі су тасқынынан қорғану жөнінде іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті мекемелерге тапсырмалар берілді. Аудан бойынша осал тұстары анықталып, 2023 жылдың күзінде-ақ топырақпен биіктету және нығайту жұмыстары жүргізілді. Қазір бұл жұмыстар жалғасын табуда. Төтенше жағдай орын алса азаматтық қорғау қызметтері дайын. Яғни эвакуациялық бөлімшелерге адамдарды жинаймыз. Сонымен қатар, анықталған осал тұстарға нығайту жұмысын жүргіземіз.

Апат айтып келмейді. Дегенмен, технология дамыған заманда көптеген кесапаттың алдын алуға болады. Қауіпсіздік шаралары жеткілікті деңгейде жүргізілсе, қауіптің де бұлты сейілері анық. Бірақ, төтенше жағдайдың көбінесе өзіміздің салғырттығымыздан болып жататыны жасырын емес. Оған 1993 жылы және одан кейінгі жылдары бірқатар су шайып кету оқиғаларының орын алуы куә. Кері қайталанбас үшін де көптеген жұмыстар жасалуда. Дегенмен, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, арнайы құрылымдар ғана емес, бүкіл халық болып жұмылса ғана қауіптің алдын алуға болады.

Ерназ АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT