Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес облыс көлемінде «Халық жады» кітабын дайындау қолға алынып, оның материалдары 30-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ұрпақтарының естеліктерін жинақтау арқылы жасақталды.
Сот үкімінсіз айдалада атылған...
Кезінде еліне, жұртына қайырымды да қамқор байлардың бірі - Адай руының өкілі, 1835-1917 жылдары өмір сүрген Оразалы Есенұлы еді. Оның әулетінің тағдыры туралы сол кісінің бесінші ұрпағы Атырау университетінің аға оқытушысы Гүлмира Жамбауыловадан төмендегі мәліметтер жазып алынды:
- Менің арғы атам Оразалы Есенұлы 1895 жылы кіші қажылыққа, 1900 жылы үлкен қажылыққа барған Қызылқоға өңіріне белгілі пірадар адам болыпты. Сағыз, Мұқыр, Кенбай, Қоңыраулы бойын жайлаған, елге қамқор, қолы ашық, жомарт жан екен. Қазіргі Мұқыр ауылы маңындағы Жаңасуда құдық қаздырып, елді сумен қамтамасыз еткен. Бұл құдықтан күні бүгінге дейін ел су ішкен. Әйелі Тәжі сұлуға салдыртқан бейіті - Қазақстан мәдени ескерткіштерінің қатарында, мемлекеттік қорғауға алынған. Бір жылдары бес теңгелік тиын ақшаның бетіне «Тәжі сұлу мавзолейі» бейнеленді. Оразалының бейіті Майкөмген ауылының күншығысындағы «Ұшқан әулие» қорымында орналасқан.
Оразалы қажының мұрагері - Саптаяқ Оразалыұлы 1860 жылы дүниеге келді. Әкесі Оразалыға 1918 жылы Қоңыраулыда улкен ас бергенде 600 үй тігіліп, ат бәйгесі ұйымдастырылғаны өз алдына, сол өңірдің кедей-кепшіктер мен жарлы-жақыбайларына 20 000 сом Керенский ақшасы үлестіріліп беріліпті. Оразалыұлы Саптаяқ 1928 жылы кәмпескелеуге ілігіп, оның меншігіндегі 10 000 койы, 3000 жылқысы және 1000 түйесінен Қызылқоға ауданындағы «Бірлік», «Алғабас» колхоздары құрылған көрінеді. Саптаяқты інісі Қыздарбаймен бірге Гурьев түрмесінде тергеп, екеуін Актөбе қаласына айдайды. Жолда екеуін де атып өлтіріп, бір жыраға жүздерін жасыра салған. Бейіті жоқ. Ал Саптаяқтың ұлы Шам 1901 жылы дүниеге келген. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, хабарсыз кеткен.
Шамұлы Сәлімгерей Саптаяқов 1940-1986 жылдары өмір сүрген. Индер ауданы, «Амангелді» совхозында еңбек етіп, 1963 жылы Құрмет белгісі, 1966 жылы Ленин ордендерімен наградталған атақты шопан болатын.
Бұл жерде біздің пікіріміз: Біріншіден, Саптаяқ Оразалыұлы толықтай ақталуы тиіс. Екіншіден, соттың үкімінсіз атылған Оразалының екі баласы Атырау облысы бойынша ату жазасына кесілген азаматтардың тізіміне енгізіліп, болашақта есімдері ортақ ескерткіште көрініс табуы тиіс.
Бай Ізім Бөтешұлы туралы ұрпағы Индер ауданы, Аққала ауылының тұрғыны 1964 жылы туған Камал Әдиетов өз атасы туралы естелігінде былай деп әңгімелейді:
- «Тарихыңды білмей болашағыңды болжай алмайсың» деген ғой. Қарттардың айтуынша, біздің атамекен атакүлдігіміз Жайықтың Бұқар беті Тайсойған өлкесі деседі... Беріш Жайық, Тумаш... Ерназардан: Алдар би (Х.Досмұханбетовтің атасы) Абдан, Көшім, Мəтей...Біз Абдан атадан тараймыз... Содан 1801 жылы Бөкей хандығы Самар бетінен жер алғанда Тайсойғанның атақты байы Ерназар атамыз үлкен ұлы Алдарды қарашаңыраққа алып қалып, Абдан, Көшім, Мəнтейге Жайықтың Самар бетіне жер қайысқан төрт түлігімен енші беріп шығарған екен дейді-ау... Алғашқыда Жайықтың Текеге (Орал) жақын жерін жайлап, казактармен шатасып Нарынға қарай ығысқан көрінеді. Қазір Текеге бара жатқандағы Көшім деген жер аталарымыз жайлаған өлке деседі ...
...Содан менің арғы атам Бектен, Барақ, Бөтеш, Ізім, Әдиет əкем Толыбай деген жерді жайлаған екен. Толыбай өте ауқатты бай (журналист, ақын Төлеген Жаңабайдың атасы) болған көрінеді. Толыбай ата Бөкей ханмен сөзге келіп, кейін Тайсойғанға көшіпті дейді... Атам Ізім өте бай болған адам. Төрт түлігінен жер қайысып жатады екен. Сол өңірдегі ең түйелі бай болса керек...
1928 жылы кəмпескі басталып, жеке меншігіндегі 1000 түйесі тартып алынып, 1931 жылы атам Ізімді (құжатта Ізмағамбет болуы мүмкін ) Текенің Ілбішін деген жеріне тышқан аулауға жанұясымен жер аударыпты. Үйде төсек тартып жатқан Ізімнің əкесі Бөтешті де белсенділер алып кетейін деп жатқанда бауырына басқан жиырмаға жетпеген немересі Төлеген: - Атама тимеңдер, мен орнына барып түрмеге қамалайын,-деп атасының орнына айдалып кете барыпты (Толыбай құмында Бөтеш қыстағының орыны əлі бар). Біздің əулеттің бар малын тартып алып, Ілбішін деген жерге апарып қара жұмысқа салыпты.
Осы бір жазықсыз азапты көтере алмаған Ізім атамыз 58 жасында қайтыс болып, Ілбішіннің бер жағындағы Жайық жағасындағы бір қауымға жерленіпті. Сүйегін елге əкелуге де рұқсат бермепті қызыл өкімет... Ол кісі қайтыс болғасын жанұясы атаның қабірін қимай жылай-жылай елге келіпті дейді. Сол кезде 1928 жылы туған Әдиет əкем 3 - 4 жаста ғана екен... Кейде жазықсыз қарапайым малымен күн көрген қазақты жау санап қуғындағаны есіңе түскенде жүрек қарс айырылады екен... Не жазығы бар еді... Бірнеше жылдан кейін Ізім атаға белгі қоюға барса жар құлап, барлық мүрде суға кетіпті. Қайша әжем немерелері – бізге айтатын: «- Оралға кетіп бара жатқанда Ілбішінің тұсынан өткенде құран оқыңдар, ол жерде атаңның бейіті бар» деп... Бөтеш қарттың орнына айдалып кеткен Төлеген келгесін үйленіп, Карима, Аманкелді атты ұрпақ сүйіп, Ұлы отан соғысынан оралмады...
Халық жауы болып кеткен жазықсыз аталарымыз ақталды ма əлде əлі халық жауы деп жазылып архивте жатыр ма... Біздің міндет жазықсыз жарық дүниеде жау атанғандар ақталып, ақиқат айнасына жарқырап шығып, тарих бетінде тұлға болып қалса деген ой,-дейді ұрпағы.
Камалдың айтқанына біздің қосарымыз, аталары Ізімді Орал жаққа жер аударып жібергенде, ол кісінің меншігіндегі 1000 түйені, сонша ірі қара мен жылқыны «Амангелді» колхозына алған болуы мүмкін. Бай Исатайұлы Тумыштың тағдыры туралы ұрпағы Атырау қаласының тұрғыны, 1963 жылы туған Биғазы Тумышев өзінің естелігімен бөлісті. Тағдыр пешенесіне солай жазған шығар, оның үстіне сол баяғы қатыгез кеңестік өкіметтің пәрменімен сонау Маңғыстау өңірінен бүкіл жиған-терген малынан айырылып, жан сауғалап Жайық бойына аштықтан бұратылып көшіп келген Адай руының ірі бай әулетінің қазіргі өкілі Биғазы Балтақанұлы өз аталарының қилы тағдыры туралы былай деп әңгімелейді:
«-Әкем Балтақанның айтуынша, атамыз Тумыш Исатайұлы 1888 жылы Маңғыстау облысы, Шетпе ауданы Жармыш деген жерде туған. Менің атам Исатай төрт түлікке бай, салтанатын кезінде бүкіл астана жұртшылықтан оздырған көрінеді. Жарлы-кедей адамдардың еңбегіне қарай малын, киімін беріп, бәрінің адам болуына жәрдемдескен. Тумыш атамның әкесі Исатай еліне сыйлы, бір сөзді, инабатты, өз шаруасына мұқият болған.Тауда, қазіргі Жармыш маңында малы өсіп-өніпті. Оның қызығын шаруасы нашарлау ағайындар көрген, атамыз еркін соларға берген. Бұл атамыз 1910 жылы қайтыс болыпты. Ол кезде Тумыш ата 20 жаста екен.
Исатай атамыз өзінен қалған шаруасын үлкен ұлы Тумышқа тапсырған. Бұл өте үлкен шаруа еді, жас балаға. Ол сол малдың бәрін ауыл ақсақалдарының ұйғарымымен басқа балаларға бөліп берген. Малдың көбі Тумыш атамда қалған. Сөйтіп шалқып жүргенде 1932 жылы Жем бойындағы ауылдық кеңестер бейне бір жауды көргендей атты әскермен қоршап ұстап, кәмпескеге ұшыратыпы. Кеңес өкіметі орнап жатыр, колхоз, совхоз болады, еріктеріңмен беріліңдер, болашағы бар жақсы заман орнатып жатырмыз депті. Сендердің малдарың көп дей отыра, асыра сілтеушілікпен жазығы бас пен мал өсіргеннен басқаны білмейтін жазықсыз жандарды, мал-мүлкінен ешнәрсе қалдырмай, өкіметке алып, әйелдерін жесір, балаларын жетім етіп, ер-азаматтың бәрін Үйшіктің түрмесіне айдап апарып, қамауға алыпты. Сол жылы атам «көрмегенім қызыл жағалылар болсын» деп түрмеден қашып шығыпты. 1934 жылы қараша айында Бақсай өзегі беті қатып жатқан мезгіл, милициялардан қашып жүріп, осы өзектен жүзіп өтіп, қамыс арасына жасырынған. Атамның ажалы сол суық судан болып, кеудесін салқын алып кеткен. Сол шаншумен қатты ауырып жатып, 1934 жылы қараша айының соңғы күндері қайтыс болады. Қазіргі Таңдай ауылынан Хамит Ергалиевке баратын күре жол бойында, Бурабай қауымына жерленді, ұрпақтары белгі қойдық»,-деді. Осы екі әулеттен (өз әулеті және нағашылары) тараған ұрпақтарының арасында республикаға, облысқа танымал тұлғалар баршылық. Солардың бірі - Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, экономика және құқық факультетінің деканы Эльмира Әдиетова.
«Ескерткіш тозса да, естелік тозбайды»
Тағы бір қилы тағдырдың иесі - бай Керей Сейітұлы туралы ол кісінің Атырау қаласында тұратын ұрпағы Ғаділжан Кереевтің естелігінен мынадай мәліметтерді білдік:
«-Тарих – өткеннің сабағы. Кез келген өркениетті мемлекет өз тарихын қастерлейді, оны ұрпақтардың санасына енгізуге жағдай жасайды. Өйткені, тарих дегеніміздің өзі - бір ұрпақтың жасаған құндылығының сабақтастығы арқылы екінші ұрпаққа ауысуы. Тарих өткенге де, келешекке де бейжай қарай алмақ емес. Оның тағылымдық мәнін айқындайтын және сол арқылы өскелең ұрпақты парықсыздықтан сақтандыратын киелі күш - тек қана ақиқат. Сондықтан да егемендіктің ширек ғасырында ел тарихының көмескі беттері қайта ашылып, мемлекетіміздің соңғы жүз жылдықта жүріп өткен сүрлеуіне жаңаша баға берілуде. «Халық жаулары» деп жала жабылған арыстар есімі қайта жаңғыртылып, шаң басқан архивтердегі мәліметтер ерекше мәнге ие болуда. Ел басына төнген қаһарлы күндерде замана соққысына тап болған азаматтардың жан күйзелісі мен қайғы – қасіретін тарих әлі де іздестіріп, көнекөз қариялар арқылы тауып, тануда.
Халқымыз «Ескерткіш тозса да, естелік тозбайды» дейді. Тарихтың өткенді іздеуі – жоғалтқанының көптігінен. «Ақиқатты тек ақылды көздермен ғана көрсек» деп шарқ ұрып әкемнің әкесі туралы деректерді іздеушілердің бірі мен едім.
Менің атам Керей Қыстаубаев Сейітұлы 1873 жылы Гурьев уезінің 8-ауылында туған екен. Есен беріш руының биі Сейіттің бел баласы. Ортадан жоғары байлығы бар, елге белгілі адам. Екі әйелі болған, руы Жаппас Ақкенже деген бәйбішесі ертерек қайтыс болғаннан кейін Нарын құмында мешіт ұстаған, арабша сауатты Ықылас молданың қызы Шәмшияны алған.
Керей атамыздан үш ұл - Әдиетолла, Мұхидолла, Хисметолла, төрт қыз - Қоңыр, Рабиға, Жібек, Мария тарайды. Қоңыр апамыз руы Қаратоқай Төлен деген азаматқа тұрмысқа шығып, төрт жиен (Дүйсенғали, Тыныштық, Әмина, Дүкенғали) өрбіді. Рабиға апамыз руы Қаратоқай Тоқабай деген азаматпен тұрмыс құрып, Хамза атты жиеніміз болған. Жібек апамыз Бегіс руынан Жантұрған деген азаматқа шыққан, ол кісі соғыста қаза тапқан, ұрпағы болмаған. Мария апамыз руы Бегіс Самалық деген азаматпен некелесіп, одан тоғыз бала (Меңдіғали, Қабдығали, Қилымғали, Қазира, Шаһидолла, Қазима, Ғайнолла, Нұролла, Ғалия) туды, бұл күнде бәрінің де ұрпақтары бар.
Керей атамыз 1927-1928 жылдары кәмпескелеуге ұшырап, малының көбінен айырылып, мамандығына байланысты Сарытоғайға жіберілген. Сондағы үлкен алма бағының ұйымдастырушысы, негізін қалаушысы болған деседі. Бізге белгісіз, әкемнің айтуынша, ол кісі «бай болды, жалшы ұстады» деген арызбен 1936 жылы Орал түрмесіне айдалады. Одан өзінің немере інісі Молдағали Жанахметовтің көмегімен аурулық жағдайын айтып, елге жету үшін қашып шығады. Жасырынып жүріп, қыс түскенде Төлен жездеміздің үйінде қайтыс болады. Бұл жағдайды Дүйсенғали жиен ағамыз өзі қайтыс боларынан он бес күн бұрын мені шақырып алып, «әкемнің аманаты еді, оны өз әкеңе де айтпадым, атаң Махамбеттегі (Брагин сад) қазіргі асхананың артындағы зиратқа жерленген болатын» деп айтқан-ды. Ал өз әкем 1988 жылы дүние салды. Біздің әкемізден алты бала - Ғаділжан, Әлімжан, Зейнегүл, Замзагүл, Маржангүл, Гүлфара бармыз.
Иә, «Тарих деген – ескірмейтін ескі сөздер» дегендей, қай уақытта да атамыз туралы естеліктерге құлағымызды түріп жүретініміз жасырын емес. Атамыздың Досжан деген немере інісі көкемізді 1927-1928 жылдардағы ірі байлардың қатарына жатқызылып кәмпескелегенімен, халыққа қорлық-қиянат жасамай, көп жақсылық жасағаны ескеріліп, агрономдық білімі болған соң Сарытоғай ауылының алма бағын салуға жібергендігі туралы айтқан естелігі есімде қалды. Менің арғы атам, Керейдің әкесі Сейіт көкеміздің ХIХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген айтыскер ақын, жырау, майталман жыршы, термеші Мұрат Мөңкеұлымен де араласқандығы оның «Елге сәлем» жолдауында да айтылыпты.
Беріштен жеті баулы Тәңірі айырды,
Салса да мұнан зорды жоқ-ты шара.
Сәлем де Сейіт, Шойтас, Тәшімдерге
Еркелеп бірге жүрген асылдарға.
Сәлде деген атамыз ол Керей атам жерленерде күн қатты боран болып, өзі салып кеткен сегізінші ауылдағы тамына жеткізе алмағандықтан, Махамбеттегі МТС маңына жасырын жерленгенін растайды. Ал ел тарихын терең білетін ақсақалдардың бірі Ғарибжан Төлеуұлының естелігінде: «Балалық, жастық шағымызда осы Жайық бойын жайлаған көнекөз қариялардың әңгімесіне қанық боп өстік. Олар талай қиын-қыстау кезеңдердегі адам тағдырларын, естіп-білгендерін, көргендерін тебірене баяндап отыратын-ды. Бірде қарттардың «Керей моласы», «Керей төбесі»деген жердің тарихын баяндап отырған сәтіне тап болдым.Сонда түйгенім, төбе басына салынған «Керей моласы» кесенесінде ол кісі, яғни Керей жерленбеген екен.Тірісінде өзіне арнап салған кесенесі өзіне бұйырмапты, себебі ауқатты жанұядан шыққан белсенді еңбеккер, көзі ашық Керей атамыз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, абақтыға жабылып, жер аударылды» - деді.
Ауыр азаптың салдарынан айықпас дертке шалдығып, көз жұмады. Менің атам жазықсыз жапа шегіп, өз жерінде қуғындау мен жаппай жазалану шараларының құрбаны болғандардың бірі ғана. Тарихтың өткенінен терең сабақ ала отырып, халқымыз қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлер есімін еске алуды және олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес. 37-жылдың тақсіретін, адамдардың тартқан азабын тек тарих қана көтере алар, иә өткенсіз тарих жоқ. Бір кем дүние!
Осы жолдарда айтылған Есен Беріш Сейіт есімді байдың ұлы Керей 5000 жылқының иесі болыпты. Сол кісінің немересі, облысқа белгілі ұстаз Ғадылжан Кереевтің айтуынша, Сейіттің ұлы Керей ағайын-тумаға, кедей-кепшікке қарайласып, көмектесіп отырған. 1928 жылы мал-мүлкі тәркілеуге ілініп, барлық малынан айырылған. Керейдің бағбандық өнері де болыпты. Сондықтан тәркілеуден кейін жер аударылмай Сарытоғай ауылында алма бағына агроном қылып қалдырады. Кейіннен Махамбетте қайтыс болғанда селоның орталыгындагы зиратта жерленеді. Бұл кісі де ақталмаған.
Шахман Нағымов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері