Жазушы – елдің ардағы

Жуырда Құлсары қаласындағы №5 Абай атындағы орта білім беретін мектептің 7-сынып оқушылары мен ұстаздар қауымы Қазақстан және Халықаралық Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы, “Талант” сыйлығының иегері, белгілі ақын-журналист, жазушы, өлкетанушы Қонаш Қалдыоразұлымен кездесті.

“Ақын - елдің ардағы, Қонаш Қалдыоразұлы-80 жаста” деген тақырыппен ұйымдастырылған кештің шымылдығы жазушының шығармаларынан ұйымдастырылған көрмемен ашылды.

Онда кеш иесінің жарық көрген көптеген кітаптары қойылып, оқырмандарға таныстырылды. Оқушылар Әсел Дәулетбаева, Арай Сағындық, Айдана Қалбаева, Дияс Құлжанов, Гүлсезім Болғанбай, Ерәлі Иван ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. “Махаббат әні” әңгімелер жинағынан үзінділер келтіріп, Іңкәр Қайыржанқызы мен Альмира Бақбергендей балғын өнерпаздар қоңыр домбырамен күмбірлете күй тартты.

Кеш барысында балалар жазушыға бірқатар сауалдарын да қойды. «Кітаптағы оқиғалар өмірден алынған ба?», «Кітап жазуда кім, не шабыт береді?», «Ата, қанша кітабыңыз бар?», «Өзіңізге ең ыстық кітабыңыз қайсысы?», «Алғашқы өлеңіңіз...Ол кімге арналды?», «Отбасыңыз туралы білгіміз келеді?», «Қай мектептерде оқыдыңыз?», «Қазіргі жастарға, жасөспірім оқушыларға көңіліңіз тола ма?» деген секілді өзге де қызықты сұрақтар жазушыны ойландырып тастады.

Кеш иесі оқушылар мен мұғалімдердің сауалына жауап бере келіп, өзінің өмірі мен еңбек жолынан, тағдыр талайынан тағылымдық әңгімелер өрбітті. Жазушы мектеп кітапханасына “Қабиболла-Меңдекеш”, “Қыр қырандары”, “Тақырыпты өзі берді өмірдің”, “Қайран да, қайран інілер”,“Қасиетті кәриялар”атты кітаптарын тарту етті. Ал “Сексеннің сеңгірінде” атты еңбегін мектеп директоры Ұлжан Жаймұқановаға сыйлады. Кездесуді мектеп директоры қорытындылап, жазушының иығына шапан жапты. Соңынан оқушылар мен мұғалімдер естелік суретке түсті. Мағыналы кеш оқырмандарына жақсы әсер сыйлады.

Мейрамгүл ҚАЛИЛИЕВА,

мұғалім, Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521