Жаз келсе, суға жарымаймыз

Қойнауында Қазақстан мұнайының үштен бір бөлігін беріп отырған «Теңізшевройлдай» алып шетелдік компания бар Жылыойды көзі қарақты адамның бәрі таниды.

Бірақ осы жерден бастап парадокстар басталады. Еліміздегі алыс-жақын өлкелерден нәпақасын табуға келетіндердің қарасы мол, бірақ жергілікті халықтың бәрі бірдей табысты жұмыста маңдайы шылқып отырған жоқ. Ресми орындар іргемізде орналасқан зауыттың қоршаған ортаға бөлетін өндірістік қалдықтарызиянсыз деп ақпарат бергенімен, экологияға қандайда бір зардаптары болмайды деп айта аламыз ба?Ал ең аяғы бай аудан бүгінде қара суға жарымай отыр. Су тапшылығы – ауданда жаз айы басталысымен алдыңнан кесе-көлденең шыға келетін өзекті мәселе. Биыл судың жыры ерте басталып кетті, өйткені ауа температурасы мамыр айының өзінде 30-35 градус ыстықты көрсетіп тұр.

Қала тұрғындары ауызсудың зардабын тартып отыр Мұндайда қиындықты бірінші көретін - ықшамаудан тұрғындары. Ауласында құдығы бар жеке үйлерге қарағанда қайраңға шығып қалған балықтың күйін кешетін де - осылар. Қалай мамырдың мінезіне сай келмейтін оқыс ыстық басталды, солай ықшамаудандарда шүмектерден су өлеусіреп қана ағып, ақырында тамбай да қалды. Ықшамаудандықтар әлеуметтік желілерде назарылықтарын білдіріп жатыр. Көпшілік құзырлы орындарға арыз-шағым түсіре бастады. Бірқатарыредакцияға дамұңдарын шағып келді.

ПНГС ықшамауданы тұрғыны Нұрмаш Сағынғалиев:

-Мамыр айының орта тұсынан бастап пәтерімізде үш тәулік бойы мүлдем су жүрмей қалды. Одан соң аз ғана уақытқа сыздықтап жүретін болды. Ал басқа-басқа, ыстық күнде үйіңде су жүрмесе, бұл нағыз азап емес пе? Әжетханасы да, жуынатын бөлмесі де үй ішінде орналасқан ықшамаудан пәтерлерінде азып кете жаздайсың. Тар үйде қашанғы қамалсын, далаға ойнауға жиі шығатын балалар күнқақты боп, шаң-шаңбоп келгенде шайынатын да су жоқ. Жылы су екібастан. Өйткені аристон құрылғысы аз мөлшердегі суды жылытпайды ғой. Жаздыгүні адам тез ыстықтағасын тез жиналатын кір-қоңды да су тапшылығынан іріктеп жуып, қалғанын үйіп қойып отырмыз. Бір жағы, Рамазан айы. Күні бойы ауыз бекіткен жандар үшін тіпті қиын. Кей пәтерлер суды сораппен тартып отырған көрінеді. Бұл онсыз да аз судың барлық үйге тең таралуына кедергі келтіреді. Бірақ оларды да түсінеміз, «берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» дегеннің керін жасағандары ғой. Су керек, қайсін енді? Бұл жердегі мәселе – қалаға су көлемінің жетпеуі ғой.

7-учаске, жеке үй тұрғыны Айгүл Амандық:

- Күн ысығалы су да сырылдап тұрды да, сап тыйылды. Одан кейін су қала бойынша үш мезгіл уақытпен беріледі деген хабар алдық. Бірақ су сол берілетін уақытында да сыздықтап жүріп тұр. Орталық магистральға сенген біз ауламыздағы су құдығын жылы жауып қойған едік. Енді соның зардабын тартып отырмыз. Жеке үйде тұрғасын, отбасы мүшелері де көп, келімді-кетімді қонақтарымыз да бар. Осындайда сағаттап жинап қойған ыдыстарымыздағы су бүркуге келмей қалады. Ал ыдысқа жинап қойған судың түсін көргенде «Мынау расымен ауызсу ма?» деп қаласың, сап-сары боп тұнып тұрады. Қазіргі жағдайымыз осы, ертең 40 градус ыстық жазда не істейміз? Су есептегіш құрылғысын қойдық, судың тарифі жыл сайын өсіп жатыр. Бірақ сан да, сапа да жоқ, бұл қалай?

Қала неге сусап отыр?

Біз тұрғындардың осы сауалдары бойынша қаланы және Жаңа Қаратон кентін ауызсумен қамтып отырған «Жылыойсу» мекемесі директоры Ринат Мұратовпен кездесіп, мәселенің мән-жайын сұраған едік.

- Аудан Қиғаштың суын тасымалдаушы «Казтрансойл» мекемесі арқылы ауызсуды тұтынып отыр. Жыл аяғында «Казтрансойл» мекемесімен келісімшартқа отырамыз. Өткен жылы желтоқсанда 2018 жылға тәулігіне 7100 мың куб су берілетін боп келісілді. Аталған су көлемі күз-қыс айларына жеткілікті. Өйткені салқын мезгілде су көп шығындалмайды. Мысалы, орталық жылу жүйесінен жылу алып отырған көпқабатты ықшамаудандар ыссы техникалық суды тұрмыстық шаруаларына пайдаланады. Ал жаз айларында тәулігіне 7100 мың куб су жетпейді. Себебі жаз маусымында тұрғындар көгалдандыруға, бау-бақшасына осы ауызсуды пайдаланады. Биыл ыстық мамыр айында ерте түсіп кетті, халыққа суды пайдаланба дей алмаймыз, көгалдандыру, бау-бақша үшін техникалық су қарастырылмаған.

Ал үлкен бір себеп – ол қала халқының күннен-күнге өсіп келе жатқаны. Мысалы, 2015-2018 жылдар аралығында ең аз дегенде 1100-дей абономент суға жалғауға сұраныс беріп отыр. Сол себепті қалаға бұрынғы белгіленген су көлемі жетпейді. Қалаға толық көлемде су жетуі үшін 10 мың куб су қажет. Дегенмен халықтың наразылығына байланысты, біздің сұранысымызбен дәл қазіргі мезгілде су беруші мекеме судың көлемін тәулігіне 8400 мың кубқа арттырды.«Казтрансойл» мекемесі бұл көлемде қашанға дейін беретіні белгісіз, бірақ осы мүмкіншіліктен айырмауға өтініш етіп отырмыз. Соның өзінде жетпей жатыр, сондықтан суды сағатпен беру режиміне көшірдік. Яғни, 06.00-09.00, 12.00.-14.00, 17.00-22.00 сағат аралығында үш мезгілде. Бұл - басқа уақытта су тоқтатылады деген емес, тек осы уақыттарда қысыммен айдалады деген сөз. Жаз маусымында болатын су жетіспеушілігіне байланысты алдағы үш айға аталған мекемеден 10 мың кубсұрап отырмыз. Ал тарифке келетін болсақ, антимонополиялық комитеттің бекітуімен су бағасы 5 жыл бұрын көтерілді. Бірақ халыққа бірден көтеріңкі бағамен төлеу қиын болмасын деп, көтерілген пайызды 5 жылға дейін, яғни 2020 жылға дейін жылма-жыл бөлшектеп көтеріп отырмыз. Мұны тұрғындардың көбі түсінбей, «жылда су бағасы көтеріле ме?» деп наразылық білдіреді.

«Казтрансойл» су көлемін көбейтсе, су тапшылығы шешіле ме?

Иә, «Жылыойсу» мекемесі осылай дейді. Яғни«Казтрансойл» мекемесі қала үшін су мөлшерін көбейтпесе, қала жаз айында осы сусаған күйі отыра бермек. Бірақ «Казтрансойлдың» суды артық беруге мүмкіншілігі де жоқ көрінеді, себебі мекеме көршілес облысқа да су таратып отыр. «Жылыойсу» мекемесі басшысының айтуынша, мекеменің «Казтрансойлға» беретін қарыздары жоқ. Мекеме бүгінде толық өз аяғына тұрған. Мұны айтып отырған себебіміз, бұрын «Жылыойсу» мекесі «Казтрансойлға» қыруар қарыз болғаны үшін ауызсу тапшылығы мәселесі туындайды деген пікір туған болатын. Біз Құлсары мұнай құбырлары басқармасы Құлсары су тазалау ғимаратынан магистральдық су құбырлары мәліметін білген едік. Осы мәліметке сенсек, қазір қалаға тәулігіне 9 мың куб су беріліп отырған көрінеді. Бұл жерде ескере кететіні, Құлсары мұнай құбырлары басқармасы қазір тек мұнайға ғана жауапты. Ал су мәселесі бүгінде облыстағы магистральдық су тарату басқармасына қарасты.

Қиғашқа ғана сенеміз деп сусыз қалмайық

Бәрін айт та, бірін айт,«сенген серкеміз» артық су бермейтін болса, бұл ситуациядан шығатын өзге су көздері бізде жоқ. Бұған дейін өз облысымыздағы «Жаңа су», «Бали» жерасты суларын пайдалану мақсатындағы жобалар басталды да, білуімізше, қандай да бір қиындықтарға байланысты тоқтап қалған. Ақтөбе облысына қарасты «Көкжиде» су кенінен су тарту мәселесінде әзірге зерттеу жұмыстары ғана жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа табиғи су фонтандары құр босқа далаға ағып жатыр, мұны да пайдалануға болар ма еді? Ең аяғы тұрғындарға шаруашылық мақсатында тұтыну үшін техникалық суды берудің де жүйесі қарастырылмаған, өйткені сорап станциясы жоқ. Техникалық су тек қыс айларында жылыту жүйесіне пайдаланылады. Біздікі - техникалық су берілсе, бау-бақшаларға кетіп жатқан ауызсу үнемделе ме деген болжам ғой. Дегенмен бұл да мәселені шешпейтіні белгілі. Ал су тапшылығы алдағы уақытта шешіле ме, жоқ па деген мәселеге келсек, мұның жауабы жоғары біз жазған жайттардан-ақ көрініп тұр ғой. Мәселені сараптай келсек, жылыойлықтардың сусыз күндері әлі де алда екенін аңғарамыз.

Р.S.: Сейсенбі күнгі аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында депутат Талғат Майлыбаев осы аудандағы су тапшылығы мәселесін көтерді.Оның айтуынша, алдағы уақытта су мәселесі бұдан күрделене түсуі мүмкін. Өйткені аудан халқының саны күннен-күнге өсуде. Мұның үстіне Теңізде Үшінші буын зауыты құрылысын қосыңыз. Ал онда қазірдің өзінде су жетіспеушілігі бар көрінеді. Міне, суға деген ауданның сұранысы зорайып тұр. «Сондықтан бұл мәселені жоғары жаққа көтеруіміз керек. Жерасты суларын пайдалану жобаларын қолға алу қажет пе, әлде «Казтрансойл» мекемесі қосымша реконструкция жасауы қажет пе? Мұның бәрі -республика деңгейінде шешілетін мәселелер», - дейді депутат.

Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521