ЖАУЫНГЕР ӘКЕ ЖОЛЫ

Әкесімен мақтанбайтын адам бар ма?! Жоқ, әрине. Әке туралы жазар болсақ, жауапкершілік те еселене түсетінін бала жүрек сезбейді ғой, шіркін.

Менің әкем Ұлы Отан соғысының ардагері Кәрім Үмбетов - 1924 жылы бұрынғы Гурьев облысы, Бақсай ауданында дүниеге келген. Туған әкесі Қалыш ағасы Үмбетте бала болмаған соң ұлын бауырына салып берген. Атамыз Үмбеттің өзі «Қартайғанда туған Кәрімім», – деп есімін өзі қойғанын айтатындар өткеннен сыр шертіп отыратын-ды.

Атамыз Қалыш 1915-1917 жылдары Кеңес одағы орнағанға дейін Ішкі Ордаға қарасты 2 старшындықта староста болған екен. Кеңес өкіметі келгеннен кейін репрессия басталып, алғашқы құрбан болып ауылдың үлкендері атылып кетеді. Қалған кішкентай балаларын жинап, ат арбаға тиеп «кулактың күшіктері» деп одақ бойынша әр жердегі жетімдер үйіне өткізеді.

Әкем Ресейдің Саратов қаласындағы жетімдер үйіне Шаланбай деген ағасымен бірге түседі. Ағасының айтуымен әкем өзінің әкесі Қалыш екенін, егізі барын естіп біледі. Бірақ ағасының «Үмбеттің есімін өлтірме» деген өтінішін аяқасты қылмай, Үмбет болып қала береді.

Ол заманда жасы он төртке толған соң жетімдер үйінен шығарып жібереді екен. Алдымен, ағасы Шаланбай шығарылады. Содан соң інісі, біздің әкеміз Кәрім 14-ке толарында жетімдер үйіне келіп, өзімен бірге ертіп, сол кездегі Гурьев облысы, Мақат ауданындағы Комсомол кен орнына алып келеді. Комсомол ауылына інісін әкелген соң Шаланбай әскер қатарына аттанады. Армияда жүрген ағасынан соңғы хатында «Фин соғысына жіберіп жатыр» деген хабарлама алады. Содан соң еш хат-хабар болмайды. Әкеміз көзі тірісінде осы ағасын көп іздеп таба алмады.

Ұлы Отан соғысы басталып, көп ұзамай әкемізге де шақырту келеді. Комсомолдан 1942 жылы әскер қатарына алынып, Доссор кентінен соғысқа аттанады. Әскерде 391-ші атқыштар дивизиясында сержант шенінде қызмет атқарып, аткыштар полкінде «наводчик» болып неміс фашист басқыншыларына қарсы соғысады. «Қырық жыл қырғында ажалды өледі» дегендей, екі жылға тарта жаумен жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысып, Отаны үшін отқа түседі. Сондай бір сұрапыл ұрыстың бірінде, яғни 1944 жылдың ақпан айында ауыр жараланады. Әскери госпитальда ұзақ жатып емделіп, сол жылдың қыркүйек айында жазылып шығады. Бірақ соғысқа жарақатына байланысты жарамай амалсыз елге қайтады. Өзі жетімдік көріп, жасынан жаны жаралы болып өскен әкемнің дертіне тән жарасы қосылып, өзі соғысқа аттанған Комсомол мұнайшылар кентіне оралады. Ауылға келіп жұмысқа орналасып, кейін Құлсары поселкесіне келеді. Сол кездегі Жылой аудандық байланыс торабына монтер болып қызметке ауыстырылады.

Құлсарыға қоныс тепкеннен кейін анамыз Назым Шахантайқызымен кездесіп, дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтереді. Анамыз сонда 14 құрсақ көтерген екен. Бірақ алты бауырымыз сәби кезінде шетінеп кетеді. Қалған сегізіміз өз қолымыз өз аузымызға жетіп, көптің алдына шықпай, артында да қалмай, ел қатарлы ғұмыр кешіп жүрген жайымыз бар.

Әкеміз сол Құлсарыға келгеннен кейін орналасқан мекемесінде 1975 жылға дейін еселі еңбек етті. Сол жылы соғыста алған жарақаты сыр беріп, мүгедектігіне байланысты зейнеткерлікке ерте шығады. Зұлмат заманның зары мен жетімдіктің тақсыретін тартып, сұрапыл сұм соғыстың от-жалынынан да аман шыққан әкем Алланың қалауымен ағайын туған-туысқандарымен қауыша бастайды. Бұл жерде айта кететінім: бауырдың аты бауыр екен. Қанша алыстатсаң да, алпыс екі тамырың тұла-бойда тулап тұрғанда қаны бәрібір тартпай қоймайды екен.

Осы жерде үлкендердің аузынан естіген бір қызық оқиғаны баяндайын. 1960 жылдары Гурьев қаласына келіп, асханада ас ішіп отырғанда бір орыс келіп «Кәбер» деп жармасады. Әкем «Мен Кәбер емеспін» деп алғашқысында түсінбей қуып жібереді. Біраздан соң баяғы ағасы айтқан өзінің егізі бары есіне түсіп, асханадан сыртқа жүгіріп шығып орысты іздеп табады. Ол әкеме сенбей «Сен Кәберсің, мені қалай танымайсың» деген соң әкем өзінің құжатын көрсетіп, Кәрім екенін, Кәбер деген інісі екенін айтып дәлелдейді. Сол орыстан Кәбердің мекен-жайын сұрастыра келіп, Астрахан облысында тұрып жатқан інісін тауып алады.

Тағы бірде Гуревке келген сапарында бір кісімен сөйлесіп танысып отырғанда тегі мен атын айтқанда әлгі адам орнынан ұшып тұрып: «Сені іздеп таба алмай жүрген бір адам бар», – деп үйіне алып келеді. Іздеп жүрген кісі әкемнің немере апасы екен. Ол атамыз Қалышпен бірге туған Құбайдолланың қызы Дәния апамыз болып шығады. Ал таныстырып ертіп келген жездеміз Капар еді. Апамыз арқылы ағайын-туыспен табысқан соң Оралдың Жанқала ауданындағы Пятиморда тұратын Мерғали көкемізді де іздеп табады. Қазір сол Пятимор ауылында көкеміздің атында мешіт бар. Аллаға сансыз шүкір етеміз, сол кездегі жетім баладан қазір тараған ұрпақтар бір дүйім ел болдық.

Бұл күнде жауынгер әкеміздің төрт ұлы мен төрт қызынан тараған ұрпақтары, Аллаға шүкір, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазақтың үш жүзімен де құда-құдандалы болды. Қазіргі таңда әкеміз бен шешемізден 31 немере мен 51 шөбере бар.

Иә, шын жүректен жазылған естелік көркемдікке бағынбайды екен. Әкеге деген сағыныш жүректі тербеп, жаныңды толқытпай қоймайды ғой. Ол туралы айтылар әңгіме мен хатқа түсер естеліктерді бір ғана мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Ендеше, оны алдағы күннің еншісіне қалдырып, осы жерден тәмамдайын.

Бірлік Кәрімқызы, Алматы қаласы №145 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT