Жауынгер есімі еліне оралды

ken-zhyloi.kz 

Отан соғысы басталып, ел басына күн туғанда қан майданға аттанған жылыойлық жауынгердің бірі – Тәжіхан Қыдыров. Өмірлік жары Қамқашпен қош айтысып тұрып, өзінің қайтып Жылойын көрмесін сезгендей артындағы ұл-қыздарын аманаттап кеткен-ді. Қырықтың қырқасына бет алған азамат сол кеткеннен мол кетті.

Арада бір жылға жетер-жетпесте күйеуінен «қара қағаз» келгенде жас келіншек бірден сене қоймады. Арада жылдар өтіп, жаудың беті қайтып, жұрт Жеңіс күнін тойлап жатты. Құдай қосқан қосағымен бірге кеткен ер-азаматтардың бірқатары елге оралды. Көпшілігі жараланып, мүгедек болып келді. Соның бірі -қайнысы, Тәжіханның туған інісі Қошақан. Ағасымен бірге 1942 жылдың қаңтарында армияға алынып, 429-командамен бірге аттанған-ды. Басынан ауыр жараланып, ІІ топтағы мүгедек болып қайтты. Міне, сол майдангерлер секілді дене мүшесінің біреуі кеміс боп келсе де, қуанар еді. Бірақ нәзік жандының үкілі үміті ақталмады.

Қамқаш Қыдырова - Жеңіс күнін жақындату үшін «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен тылда қайыспас қара нардай колхоздың қара жұмысында аянбай еңбек еткен әйелдердің бірі. Соғыс жауынгерлерінің жесірі, тыл еңбеккері, стахановшы ретінде сол кездің колхозшылары «Сталиннің қолы қойылған» дейтін «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалін кеудесіне таққан. Ол өмір бойына азаматын аңсаумен өтті. Қаралы хабар жеткізген «қара қағаз» кейін жертөле өртенгенде бірге жанып кеті. Бірақ ондаған жыл өтсе де үміт пен сенім сөнген жоқ. Ұл-қызы ержетіп, үйлі-баранды болғаннан кейін енді анасының көзі тірісінде әкесінің жатқан жерін іздестіруге көшті. Өйткені «қара қағаз» келгенін білсе де, барлық дерек тілсіз жаудың құрбаны болған-ды. Ал сол Кеңестік кезеңнің әскери комиссары болса, әкесін іздеген перзентіне тізімдегі «Қадыров Таусик» деген есімді көрсетті. «Латын графикасынан кириллицаға ауысқанда аты қате көшірілген, сіздердің әкелерің осы кісі» деді ондағылар. Онда «Кадыров Таусиктің 1942 жылдың 19 қыркүйегінде Ресейдің Орлов облысы, Новосиль ауданына қарасты Дичня разъездіндегі шайқаста қаза тауып, сол маңдағы талдың түбіне жерленгені» жазылған екен. Бірақ майдангердің ұлдары Есен мен Есеп Қыдыровтар бұған сене қоймады. Москваға, өзге де әскери органдарға хат жазып, әкелерін іздестірді. Соғысқа бірге кеткен өзге жылыойлықтардың аты-жөні дұрыс жазылады да, неге бұлардың әкесіне келгенде өрескел қателіктерге жол беріледі. Үміт пен күдік итжығыс түскен жылдар жылжып өтіп жатты. Еліміз егемендік алып, майдангердің балалары да егде тартып, қайтыс болды. Қадыров Таусиктің шын мәнінде кім екені анықталмай қалды.

Араға ондаған жылдар салып атасын іздестіруге Маңғыстау облысында тұратын Есептің ұлы Қайрат Қыдыров шындап кірісті. Қызметтен қолы қалт еткенде Ресейдің «ОБД Мемориал», «Память народа» секілді сайттарын күні-түні парақтауға көшті. Бірақ орысша жазылған «Кыдыров, Кдыров» деген фамилиямен тіркелген тізімдегі боздақтардың бірде-бір дерегі жылыойлық Тәжіхан Қыдыровтың мәліметімен сәйкес келмеді. Тіпті «Кадыров» деген боздақтарды да қарап көрді. Құлсары қаласындағы бауырлары боранқұлдық Жәнібек Науаровты да көмекке шақырды. Ақыры амалы таусылған соң інісі Қайраттың өтінішімен Құлсары қаласындағы ағасы Марат Қыдыров аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің табалдырығынан аттады. Онда әскерге шақырылғандар тізімінде Тәжіхан аталары туралы «368. Кдыров Тажикан – 1903 г. пос.совет Жилокосинский. Команда 429. 19. І. 1942 г.» деген жазу ғана қалыпты. Дегенмен, өткенді еске алған ағасы «қара қағаз» келгендердің тізіміндегі: «894 стр.полк. Кадрып Таусикан» деген жазуға тағы бір назар аударды. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, бұрынғы әскери комиссарлар осы есімді Қыдыров Тәжіхан деп әкесіне ұсыныс жасағаны бар. Қорғаныс істері бөлімінен алған бар деректі Мәкең Ақтаудағы інісіне жолдады. Ал ол боранқұлдық Ж. Науаров секілді соғыста із-түссіз жоғалған боздақтарды іздестірумен айналысатын Ақмарал Шолақоваға жіберіп, көмектесуін сұрады. Көп ұзамай Ақмарал: «Кадыров Гаусикан. 1903 г. Место рождения: Гурьевская обл.,Жлойкосинский р-он, к/з Кр. Эльба. Дата и место призыва: Жилокосинский РВК, Казахская ССР, Гурьевская обл.,Жилокосинский р-он. Убит 19.09.1942. Первичное место захоронения: Орловская обл. Верховский р-он, раз. Дичня, около в роще» деген мәліметті тапты. Тек «жена – Кадырова Рабиға» деген жазу тағы да күмәнді ойларға жетеледі.

Бұл мәлімет Боранқұл ауылындағы Жәнібек Науаровқа да жолданды. Ол өз кезегінде ақтаулық Ақмарал Шолақовамен телефон арқылы сөйлесіп, Қыдыровтар әулетін әуре-сарсаңға салған құжаттағы қате жазбаларды талқыға салды. Сөйтсек, Науаров 2016 жылы «Кадыров Гаусикан (Кадыров Таусық)» деген жылыойлық жауынгер жайлы дерек тауып, енді артындағы ұрпақтарын іздестіріп жүрген болып шықты. Жәкеңнің жеке архивіндегі мәліметте, Қадыров Таусық - 1942 жылдың 19 қыркүйегінде қаза тауып, Дичня разъездінің маңындағы тал түбіне қойылып, кейін сүйегі Новосиль ауданындағы бауырластар зиратына ауыстырылып, қайта жерленгені жазылған. Осының бәрі ғаламтор мен қорғаныс істері бөліміндегі және Науаровтың қолындағы «Кадыров Гаусикан», «Кадыров Таусикан» мен «Қадыров Таусық» деген атпен белгілі жылыойлық жауынгердің Қыдыровтар әулетінің атасы Тәжіхан Қыдыров деп түйін жасауға негіз болады. Оның үстіне, қорғаныс істері бөліміне барып құжаттарды парақтаған немересінің бірі Ербол Қошақанов бұрын- соңды ешкімнің қолына тимеген папкіге кезікті. Онда машинкамен сары қағазға басылған боздақтар тізімінде Тәжіхан ата туралы: «293. Кыдыров Тажихан. 1903.14.01.42 г. – 19.09.42 г. Орловская обл. Георновесильский р-н» деп аты-жөні дұрыс жазылған екен. «Георновесильский» - қазіргі Новосиль ауданы. Бұл күдік бұлтын сейілте түсті.

-Қыдыров Тәжіханның Орлов облысының Новосиль ауданына қарасты Сутолки деревнясындағы бауырла- стар зиратында жатқанында ешқандай күмән жоқ. Өйткені сол жерде 211 – атқыштар дивизиясының 887, 894, 896 – полктерінің құрамында көптеген жылыойлық жауынгерлер жауға қарсы ірі-ірі шайқастарды бастан кешірді. Ал сіздердің аталарыңыз Дичня түбінде оққа ұшып, кейін бейбіт дәуірде із кесушілердің күшімен сүйектері табылған кеңес жауынгерлерімен бірге бауырластар қауымына қойылған. Бұл жердегі адам аттарындағы бұрыс жазуға келсек, ол штабтағы қызметкерлердің жіберген қателігі,-дейді Жәнібек Науаров.

Осылайша жарты ғасырдан астам уақыт бір әулетті әбігерге салып келген құжаттардағы қателік түзетіліп, тағы бір жылыойлық жауынгер Тәжіхан Қыдыровтың жерленген жері нақтыланды. Немерелерінің ендігі мақсаты: аталарының басына барып, топырақ салып, дұға оқып қайту.

Е. БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521