Жылыойлық жас өрен Айдос Сайлауов өткен жылдың күзінде шырайлы Шымкент қаласындағы Ұлттық Ұланның 6506-шы әскери бөліміне жол тартқан-ды. Ол аз уақыттың ішінде Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарып, жеткен жетістіктері мен үлгілі әскери тәртібімен басқа сарбаздарға үлгі бола білді. Ауылдағы ата-анасы Мақсым Қабдығалиев пен Ақбөпе Өтенованың атына бөлім командирі, полковник М.Рахпановтан келген алғыс – соның айғағы.
Борышын өтеу барысында ол әскери қолбасшылардың көңілінен шығып, бірнеше грамоталармен марапатталды. Ата-анасының ғана емес, Отанының да сенімін ақтаған жас сарбаз өз ісімен соңынан сап түзеп еріп келе жатқан жас сарбаздарға жақсы үлгі бола білді. Жақында ғана Отан алдындағы міндетін өтеп, елге аман-есен оралған Айдос туған жеріне деген сағынышын басып, тума-туыстарымен қуана қауышты. Алдағы жоспары - оқуын жалғастырып, Қазақстан Республикасына енді білімі мен біліктілігімен қызмет ету.
Айдостай азамат атанған жігітке қарап тұрып, әскерге барудан қашып, жүрген жастарды көріп қарының ашады. Алмағайып заманда аттандап жауға шапқан ата-бабамыздың ұрпағына жарасатын тірлік пе бұл? Сарбаздар сапынан сытылып кеткісі келіп жүрген бозбалаларға жерлесіміз А.Сайлауовтың жауынгерлік жолы нақ үлгі.
Рас, қазіргі кезде мемлекет ынталандыру мақсатында әскерге барған жастарға көптеген жеңілдіктер ұсынып отыр. Азаматтық борышыңды өтесең, жоғары білімді тегін алады. Осы мақсатта Қорғаныс министрлігі қырық екі жоғары оқу орнымен келісімшарт жасаған. Сонымен қатар, офицер атағын алу үшін әскери кафедраларда тегін оқу мүмкіндігі қарастырылған. Оның ішіне Қазақстанның белді деген университеттерінің бәрі бар. Бірақ, конкурс іріктеу ретінде жүргізілмек. Ол үшін Қорғаныс министрлігінің комиссиясы сарбаздың мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде жауынгерлік, әскери-кәсіби даярлықта, әскери тәртіпте көрсеткен нәтижесін ескереді. Атап айтқанда, жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейін, жеке тәртібін, тәуліктік нарядта қызмет өткеру барысында арнайы міндеттерді толық орындауын, психологиялық жай-күйін бағалайды.
Бұл келісім аясында үш мыңға жуық сарбаз жүз пайыздық жеңілдікпен білім алмақ. Процестің ыңғайлылығы мен ашықтығы үшін «Әскери міндеттілер 2.0» цифрлық платформасы енгізілген. Мемлекет тарапынан басқа да түрлі жеңілдіктер қаралған.
Міне, осындай мүмкіндіктер туып тұрғанда «сыныққа –сылтау» іздеп әскерден жалтару – ер жігітке тән мінез емес. Бейбіт күнде бой тасалаған жігіттер «ер басына күн туып, етігімен су кешер» кез келсе, Отанын қорғау үшін өмірін беруі екіталай. Елдіктің ертеңі бүгіннен басталмақ. Сондықтан, әр жасөспірім елі үшін еміреніп, өзінің патриоттық сезімімен рухтанып, әскери борышын өтеуге өз еркімен аттанбақ керек. Өйткені жастары жасампаз елді ғана жарқын болашақ күтпек.
Е.АЛТАЙ