Өлкетанушы, тарихшы Аманғали Әміржанұлы соғыс кезінде фашистердің тұтқынынан қашып шығып, Франция жеріндегі партизандық қозғалысқа қатысып, жауға тылда жүріп тұтқиылдан талай соққы берген тұрғызбалық майдангер, жерлесіміз Елеп Балтоғаев туралы бірнеше зерттеу мақалаларын жазған еді. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында соның бірін газет оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.
1941 – 1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысының мың сан тараулы тарихы бар. Соның ішінде қанішер басқыншы жауды ту сыртынан соғып, әлсірету, берекесін кетіру де өте маңызды стратегия болды. Уақытша тартып алған жерлерінде неміс фашистері шоқ басқандай күйге түсті, өздерін бір сәт те тыныш күйде ұстай алмады. Өйткені олар “партизан” десе, зәре-құты қалмай қорқатын.
Шайқастағы Қызыл Армияға және Еуропадағы азатшыл рухтағы армияларға Кеңес Одағы мен Еуропа аумағындағы басқыншылардың қолында қалған жерлерде құрылып, әрекет еткен партизандық құрамалар, отрядтар орасан зор рухани және әскери көмек көрсетті. Осындай “халық кекшілдерінің” қатарында Жұмағали Сайын, Әди Шәріпов, Тоқтағали Жангелдин, Жамал және Жылбек Ағаділовтар сынды қазақ азаматтары да болып, даңқ пен құрметке бөленді. Ал, атағы баршаға кеңінен танымал болған партизан-жазушы ағамыз Қасым Қайсенов өз уақытына сай ерлігінің әділ бағасын алып, оған егемен Қазақстанның ең жоғарғы – “Халық қаһарманы” құрметті атағы берілді.
Осындай жүректі ерлердің қатарында жылыойлық жерлесіміз Елеп Балтоғаев (1921 – 1972) ағамыз да бар еді. Бүгінде арамызда жоқ болса да, кезінде еңбекте де, майданда да ерен істерімен көзге түскен Елекеңнің ғұмырнамасы да назар аударуға тұрарлық. Бір ескерерлік жайт – ол Атырау-Маңғыстау-Жем өңірінде XVIII-XIX ғасырларда кеңінен танылған, атақты Абыл және Шернияздармен дос болған, өзіндік өрнегі болған атақты ақын Есенбақ Дауылұлының шөбересі болып келеді.
Осындай текті ортадан шыққан Елеп ағамыз (есімі толықтай айтқанда “Елепберген” еді) 1921 жылдың 20 ақпанында (НТ 0152941 санды әскери билетінде осылай көрсетіліпті) Жылой жеріндегі Жем ауыл кеңесінде дүниеге келеді. Өз еңбегімен күнелткен әкесі Балтоғай Егеубайұлы (1879 – 1944) 1931 жылы алғашқылардың қатарында жылыойлық ұжымшарларға мүше болды. Үлкен ұлы Елеп 1930 – 1938 жылдары Жем ауыл кеңесіндегі жетіжылдық мектептен білім алды. Ол кезде жеті сыныптық білім едәуір жетістік саналатын. 17 жасар бозбаланы 1938 жылғы 1 мамырда “Жаңа таң” ұжымшарындағы егіс бригадасының еңбек тәбілін жүргізуші-есептеуші етіп тағайындайды. Талапты жас еңбекте ыждағаттылығымен, тиянақтылығымен бірден көзге түседі де, 1939 жылдың 10 мамырында Гурьев қаласындағы үш айлық есепшілік курсқа оқуға жіберіледі. Біліктілігін осылай көтерген Елеп Балтоғаевқа маңызды қызмет сеніп тапсырылады. Сөйтіп ол 1939 жылдың 1 тамызынан 1942 жылдың 1 наурызына дейін “Жаңа таң” ұжымшарының бас есепшісі жұмысын атқарды.
Барша кеңес халқының бейбіт өмірінің шырқын бұзған Ұлы Отан соғысы Елепті де Отан қорғаушылардың қатарына тұрғызды. Армияға 1942 жылдың 13 наурызында келген жас жігіт 193-атқыштар дивизиясының 895-атқыштар полкінде пулеметші болып тағайындалады. 20-наурызда әскери ант қабылдап, басқыншылармен бетпе-бет шайқасқа түседі.
Тарихтан белгілі, бұл кезең кеңесгерман майданындағы аса ауыр тұс еді: кеңес әскерлері әлі де көптеген қиыншылықтарды бастан кешіріп жатты. Алапат соғыс жалынына кірген Елептер кескілескен шайқастың төртінші айын ғана өткізді. Ұрыс қимылдары Харьков бағытында жүріп жатты. Шайқас нәтижелері кеңестік әскерлер үшін қуанарлықтай емес-ті. 13 шілде күні Воронеж қаласының түбінде Елептер күші басым жаудың қоршауында қалып, тұтқынына түсті. “Тұтқын болу” деген қай заманда да қорқынышты, нар жігітті жасытар жағдай ғой. Шарасыздықтан бармағын тістеген сарбаздар “іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың” күйін кешті. Қорланған оларға ендігі өмір тоқтап қалғандай болды алғашқыда. Бірақ оқиғалардың одан кейінгі дамуы, кеңес майданындағы жеңістер тұтқындағы жауынгерлердің сығырайған үмітін шырадай жарқыратты. Олар неміс лагерінде талай азапты көріп жүрсе де, жарқын өмірге деген сенімдерін жоғалтпады. Сондықтан да азат болу жолындағы күресті бір сәт те тоқтатқан жоқ.
Тұтқындарды бір жерден екінші жерге қуалай беретін. 1944 жылы Елептерді немістер Францияға әкелді. Осы жылдың тамыз айының 1-і күні ол бір топ жолдасымен бірге неміс тұтқынынан қашып шығады. Азаттыққа шыққандардың қуаныштарында шек жоқ-ты. Олар енді жаудан кек алып, талайды жалмаған сұм соғысты тез аяқтауды ғана армандады. Осындай ниет жетектеген Елеп пен оның жолдастары 4 тамыздан бастап Францияның Гостри-Альби қаласы маңында немістерге қарсылық қозғалысына қосылып, партизандар полкінде жауға қарсы белсене шайқасты. Жылойлық жігіттің жауынгер ретінде екінші тынысы ашылып, қас дұшпанмен нағыз ерлерше арпалысты. 1953 жылы Жылыой аудандық партия комитетінің бюросы үшін толтырған кадрлардың жеке іс парағына қосымша етіп берген өмірбаянында: “1944 жылы тамыз айында Францияның жерінен совет партизандарының қатарына қашып шықтым. Содан 1945 жылдың мамыр айына дейін партизан қатарында жұмыс жасадым. Бұл жөнінде документім бар” – деп жазған екен. Алайда, бұл құжат оның отбасындағы қағаздарынан табылмай отыр, балаларының жадында да әкелерінің партизандық жолы туралы айтқан әңгімесі сақталмапты. Ең бастысы – Елекеңнің біз жоғарыда көрсеткен әскери билеті мен біз облыстық мемлекеттік мұрағаттан тапқан жеке ісіндегі деректер мұны толығымен растайды
Соғыстың кесірінен осындай қилы тағдырға тап болған Елеп Балтоғаев азаматтық қасиеті қатты сыналған шақта адами намысына қылдай қылау түсірген жоқ. Ол Отан қорғап, соғысты.
Бірақ соғыс туғызған қатал заңдардың болғаны да белгілі, олар тұтқында болған әскери адамдарға күдік туғызуға негіз жасады. Осындай қатал тәртіптің ықпалы болса керек, Е.Балтоғаев 1945 жылдың желтоқсан айынан 1946 жылдың шілде айына дейін жұмысшы батальонның қатарында Ұлы Отан соғысы кезінде қатты бүліншілікке ұшыраған Сталинград қаласында жұмыс жасап, оны қалпына келтіруге өзіндік үлесін қосты. Ол 1959 жылы “1941 – 1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін” медалімен марапатталды.
Елге абыроймен оралған майдангер сол 1946 жылдың қазан айынан 1949 жылдың 1 қаңтарына дейін “Жаңа таң” ұжымшарында, 1949-1951 жылдары Сталин атындағы ұжымшарға екінші есепші, 1963 жылға дейін осы шаруашылықта, “Правда” ұжымшарында қой фермасының меңгерушісі болып еселі еңбек етті. Адал еңбегімен көрінген қызметкер 1958 жылы партия қатарына қабылданды. Ұжымшарлар кеңшарға біріккен кезде ол “Ембі” кеңшарында орта буын қызметтерді атқарып келді, құрметке бөленді.
Балтоғаев Елеп зайыбы Әсиямен бірге Тұрғызба ауылында тұрды. Сағидолла, Хамидолла, Асқар, Рақила, Оңай, Қымбат, Күләш атты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі де кешегі майдангердің асыл арманын орындау жолында аянбай тер төгіп, туған халқына риясыз еңбек етті.
Иә, кешегі қаһарлы соғыста қайсарлықпен Отаны үшін отқа түскен жауынгер, партизанның өмірін шолғанда оның ғибратты ғұмырынан туған елі мен жерін қорғаудың – отаншылдықтың ең жоғарғы сатысы екендігі туралы тамаша ұғымды тағы да сүйсіне ұғындық.