«Халықтың үніне құлақ асатын Үкіметтен» үміт зор

Бұл мәселе егжей-тегжейлі тексерілуі керек. Бірақ, қазіргі сәттегі кезек күттірмейтін нәрсе - елдің жай-күйі. Қаланы қайта жандандыру, тұрғындардың үйіне қайта оралуы - күн тәртібінде бірінші тұрған мәселе. Жағдай реттелгеннен кейін, жауаптылардың барлығы заң алдында белгілі бір деңгейде жауапқа тартылады.

2023 жылдың 1 қарашасынан бастап жіберген Сырымбек Сарсембаевтың хаттарында да көп нәрселер жарияланған. Ол хат мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына жеткен, ол кісі тиісті органдарға хатты жолдаған. Бірақ, айналып келгенде, жеткілікті жұмыс жасалмаған. Онда Жем өзенінің бойында көптеген заңсыз бөгеттердің бар екендігі айтылған-ды. Егер де, сол жұмыстар дер кезінде атқарылғанда, мүмкін мұндай алапат орын алмас па еді деген ой да келеді. Осы жайттарды ескере отырып, мен нақты айта аламын: Атырау облысында «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» қағидаты дұрыс жұмыс жасамайды. Өйткені осы апаттың негізгі себептерінің бірі де - дер кезінде нағыз керекті жұмыстардың жасалынбауының кесірі.

Қылмыстық кодексте де «аса ауыр зардап» деген бөлім бар. Өкінішке орай, бұл жерде кісі өлімі және үлкен көлемдегі материалдық шығынға жол беріліп отыр. Оның барлығы да мемлекеттік бюджеттен өтеледі. Сондықтан жауапты тұлғалардың стратегиялық маңызы бар қаланы суға кетіріп қойып, жай ғана емін-еркін жүруі мүмкін емес. Алдағы уақытта барлығы зерделеніп, зерттеліп, тиісті адамдар заң алдында жауапкершілік жүгін арқалайды. Мен ел алдында осыны нық сеніммен айтып, тиісті жаза тағайындаларына уәде етемін.

Зардап шеккен тұрғындарға толық шығын өтелуі тиіс. Ол үшін де, менің ойымша, аралық бақылау комиссиясы құрылғаны жөн. Қазіргі таңда, су әлі қайтпағанымен, ішінара бағалау процесі жүруі керек деп есептеймін. Себебі, кейбір ауыл тұрғындарының айтуынша, қайықпен аралағанда, кей жерлерде газ кетіп жатыр деген де ақпараттар тарады. Ол бірінші кезекте ауаны ластаса, бір жағынан ол шығынның бәрін тұрғынның өзіне төлеуіне тура келеді. Қазір біз де жағдайды өз көзімізбен көріп, болып жатқан жайттарды тереңірек түсіну үшін қайықпен аралап шығамыз. Барлығы әділ түрде болуы үшін бар күшімізді саламыз.

Абзал ҚҰСПАН,

Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521