Жауаптан жалтарған сатушы

Есігін ішінен іліп алып, тығылып сауда жасаған сатушыдан түсініктеме алынып, ескерту берілді.

Аудандық «Адалдық алаңы кеңсесінің» басшысы Мадина Әбдіғалиева бастаған еріктілерден құралған топ орталық базар маңында орналасқан дүкендердегі бағаның тұрақтылығын бақылады. Топ құрамында ауылшаруашылығы саласының маманы, қалалық әкімдіктің қызметкері, қарапайым халық өкілдері және өзге де жергілікті бөлімдердің мамандары болды.

Ең алдымен, базар маңында азық-түлік сатып алуға келген тұрғындарға індеттен сақтану шаралары жазылған қағаз таратылды.

baga231

Мониторингтік топтың алғаш болып бас сұққан орны халық ең көп сауда жасайтын «Береке» дүкені болды. Аталған сауда орнында бағаның қымбатшылығы байқалмады. Десе де, мұндағы тағамдардың құны тұрақты болғанымен, өзге дүкендерде азық-түлік бағасы шарықтап кеткен. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, кей дүкендерде жергілікті «Бақай құс» ЖШС-нің жұмыртқалары 31 теңгеден болса, келесі дүкенде 35 теңгеден сатылымда болып шықты. Бір қызығы, сатушы жұмыртқаларды «Бұлар іріктелген жұмыртқа (отборное яйцо) болғандықтан қымбатқа сатып тұрмыз» деп ақталды. Дегенмен де, арнайы топ мүшелері жұмыртқалардың жергілікті өнімнен айырмашылығын көре алмай, біраз тексеріс жүргізді. Осы тексеріс нәтижесінде басқа да тағам түрлерінің бағасы өскені байқалды. Сапа да сын көтермейді. Бұл келеңсіздікті жою үшін топ мүшелері дүкен иелерімен байланыс орнатып, ескерту жасады. Мұның себебін кәсіп иелері азық-түлік бағасының күрт өсуі, көтерме бағаның, яғни, өнім өндіретін өндірістен келген бағамен байланысты деп түсіндірді. Сонымен қатар, кейбір дүкендерде нан өнімдерінің қаптаусыз күйде сатылып жатырғанын көзіміз шалды.

Бағаның қымбатшылығын былай қойғанда, қарапайым тұрғындардың өзі індеттен қорғану шараларын ұмытқандай болып көрінді. Тіпті тұтынушылар дүкенге кезекпен кіруді де доғарыпты.

baga23

Базардың бір қапталында орналасқан азық-түлік нысандарын толық аралап болған соң, көп көзінен тасада орналасқан ет дүкендерінің біріне кірдік. Ішіне енгеніміз сол еді, сатушының бетпердесіз, қолғапсыз тұтынушылармен саудаласып тұрғанының үстінен түстік. Тексеруші топ өкілдерінің еттің құнын сұрағаны сол еді, дүкен иесі айқайға басып, өзімбілемдікке салды. Өзінің заңға қайшы әрекет жасағанын мойындаудың орнына, бақылау тобының мүшелерін кінәлап шыға келді. Бүгінгі ел ішінде болып жатырған ахуалға бей-жәй қарап, заң талаптарына бағынбаған әйел адамнан түсініктеме алынып, акт толтырылып, қатаң ескерту жасалды.

Арнайы топтың бақылау жұмысы 4 сағатқа созылды. Осы азғана уақыт ішінде біраз заңсыз әрекеттердің куәсі болдық. Тексеріс шаралары соңына таяп, кері қайтуға ыңғайлана бергенімізде автобөлшектер сататын дүңгіршектен бір азаматтың жасырын саудаласып, шығып келе жатырғанын аңғардық. Оқиға орнына жедел жеттік. Расымен де солай екен. Есігін ішінен іліп алып, тығылып сауда жасаған сатушыдан түсініктеме алынып, ескерту берілді.

Бүгінгі жағдайды ескеріп, бағаны тұрақты сақтаудың орнына, әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының бағасын аспандатып жіберген кей кәсіпкерлердің келеңсіз қылығы осы бақылау жұмысы барысында белгілі болды. Алдағы уақытта да бағаның өсуіне жол бермеу үшін, мониторингтік бақылау тобы өз жұмыстарын алдағы күндері одан әрі жалғастырады.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521