Жауапсыздық салдары

Аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Серікқали Тасқалиевтің айтуынша, күні бүгін ауданда көптеп орын алып жататын үш қылмыс болса, соның бірі – жол апаты екен.

Расында да, соңғы кезде жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткені жасырын емес. Ең өкініштісі, олардың арты қайғылы жағдаймен аяқталуда.Тергеу бөлімшесі басшысы оның көпшілігі жүргізушілердің жауапсыздығынан орын алып жатқандығын жасырмайды. Таяуда сотқа жолданған қылмыстық іс – дәл соның айғағы.

Мезгіл жаздыгүні, қас қарайған кешкі уақыт еді. Сол күні жүргізуші әйел өзінің жекеменшік «Toyota Corollа»-сымен апасының үйіне қонаққа барады. Біраздан кейін жиені одан дүкенге барып келу үшін автокөлігін мініске сұрайды. Жас баланың жүргізушілік куәлігін алмағандығын әрі міндетті сақтандыру полисінің жоқтығын білсе де, апасы оның көңілін қайтармады. Сөйтіп, кілтін бере салады. Темір тұлпардың тізгініне жармасқан жігіт қала көшесінің бойымен орталыққа қарай ағызып келе жатады. Міне, сол сәтте тасжолды кесіп өтпек болып бір жаяу жүргінші шыға келеді. Тура келіп қалған көлік абайсызда оны қағып кетті. Жол-көлік оқиғасының зардабынан ауыр дене жарақатын алған ол сол жерде қаза тапты. Кейін белгілі болғанындай, көз жұмған жәбірленуші кәмелетке толмаған, биыл ғана орта оқу орнын бітірген уыздай бозбала жігіт болып шықты.

Бұл жерде жүргізуші Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 санды Қаулысымен бекітілген жол ережесінің 2.1.1. және 2.4.1-тармақтарын өрескел бұзды. Көлік жүргізуге құқығы жоқ адамға темір тұлпарының тізгінін беріп қойған. Соның кесірінен үлкен өмірге жаңа ғана қадам басқан жас ғұмыр қыршынынан қиылды. Сондықтан құқық қорғау органы жүргізуші әйелдің үстінен Қылмыстық кодекстің 349-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс көтерді. Яғни, заң тілімен айтқанда, "басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлік құралын басқаруына жол беріп», соның салдарынан «адам өліміне әкеп соқтырған іс-әрекетті» жасағаны үшін айыпталды. Қылмыстық іс тергеуден өтіп, кінәлі сот арқылы жазасын алды.

Жауапсыздық салдары осындай орны толмас ауыр қайғыға душар етті. Жүргізушілердің жолда жүру ережесіне немқұрайлы қарауының кесірінен қаншама ғұмыр қыршынынан қиылды. Мұның барлығы өзге көлік иелеріне ащы сабақ болса, кәнеки?!

Е.Есенов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521