«Жаттығу кезінде қиын болса...»

«Қыс қамыңды жаз ойла» дегендей, аудан бойынша 21-22 қараша аралығында «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Жыл сайын өтетін бұл шара биыл да өз жалғасын тауып, жоспар бойынша жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.

Алдымен, аудан әкімі, аудандық Азаматтық қорғаныс басшысының 2024 жылғы 13 қарашадағы № 86 санды «Жылыой ауданында «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуды өткізуге арналған жедел штаб туралы» бұйрығы бекітіліп, жоспар жасақталды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ғаріпжан Құрмановтың айтуынша, барлық бөлімдер айрықша атсалысты және жоспарға сәйкес барлық іс-шаралар толық орындалды. Соның ішінде «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы алдындағы алаңда техникаларды сапқа тұрғызу арқылы дайындықтарын тексеру жұмыстары жүргізілді.

Оқу-жаттығуды дайындау және оны өткізу кезінде бірнеше бөлімдер тартылды. Оның ішінде азаматтық қорғау қызметтерінің авариялық-құтқару және инженерлік техникасы мен жеке құрамын құрастыру үшін көшелерді сүйемелдеуді, жабуды аудандық полиция бөлімі қамтамасыз етті. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі қар құрсауында қалған кезде төтенше жағдай аймағына қар тазалау техникасын жедел жіберу мәселесін пысықтады. Ақпарат қызметі практикалық іс-шаралар кезінде халықты уақытша жылыту пункттеріне эвакуациялау үшін еріктілердің қатысуын және оқу-жаттығу кезінде дыбыстық сүйемелдеуді, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді барынша пайдалануды ұйымдастырды. Аудандық орталық аурухана қызметкерлері зардап шеккендер келіп түскен жағдайда аурухана төсектерінің санын, дәрі-дәрмектер қорын, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін емдеу мекемелері мен санитарлық көлік қызметкерлерін даярлап, оқу-жаттығуға белсене қатысты. Басқа бөлімдер де төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттерін бір пысықтап алды.

Спортта «Жаттығу кезінде қиын болса, алаңға шыққанда оңай болады» деген тәмсіл бар. Сол айтқандай, күнделікті тірлікте оқу-жаттығу жиындарын өз деңгейінде өткізетін болсақ, қиын-қыстау кезеңдерде аңтарылып қалмасымыз анық. Дәл сол күні аудан көлемінде құлсарылықтардың құлағына таныс дабыл сиренасы естіліп тұрды. Жағымсыз дыбыс бір сәт көңілге қорқыныш пен үрей туғызғандай көрінгені рас. Олай дейтініміз, көктемгі су тасқыны кезінде де баспанасынан безген ағайынға осы бір дабыл үні қауіптің ұлғайып келе жатқанын жеткізіп тұрған болатын. Кей тұрғындар үшін оқу-жаттығу кезіндегі сирена сол бір «етігімен су кешкен» ауыр кезеңдерді еске түсіріп жіберді.

Иә, «Апат айтып келмейді», дегенмен, енді оның ауылы алыс болсын дейміз. Төтенше жағдайды талай бастан кешкен аудан үшін төтенше жағдайға дайындық үшін жасалған оқу-жаттығу бұрынғыға қарағанда қарқынды жүргізілді.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT