«Жасыл ел» жастары: еңбекте де, білімде де алда

Бүгінгі жас – ертеңгі ел тірегі. Олардың әр ойы, әр талпынысы ұлттың жаңа бетбұрысы, жаңа тынысы. Жастардың жүрегінде – жалын, көзінде – үміт, қадамында келешекке бастар сенімділік бар. Еңбек пен еріктілікті, білім мен өнерді қатар қойған «Жасыл ел» еңбек жасағы жобасының өкілдері арасында «Jasyl el Pazl» ойыны өтті. Логика мен жылдамдыққа негізделген бұл ойын жастардың аңғарымпаздығы мен ширақтығын шыңдады.

Шілде айының аяғында аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл сайысқа үш бірдей команда қатысып, ақшалай жүлдеге таласты. Пазл ойыны топтық жұмысты талап ететін болғандықтан, тез тіл табыса кеткен ұжым бірден алға озып, біліктіліктерін көрсетті. «Жасыл ел» еңбек жасағының координаторы Інжу Елешова:

- Ағымдағы жылға, негізінен, 125 квота бөлінді. Алдағы тамыз айында толық жұмысты аяқтайтын боламыз. «Жасыл елдегі» жасөспірімдердің көңілін аулау үшін әр ай сайын осындай интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, маусым айында квест болса, шілдеде пазл өткізгенді жөн көрдік. Тамыз айында да жалғасын табатын болады,-деді өз сөзінде.

Жарыстың нәтижесі бойынша «Үкі» командасы қоланы қанағат тұтса, «сұңқарлықтар» екінші болып аяқтады. Ал, «Теңіз» ұжымы оқ бойы озып шығып, турнирдің жеңімпазы атанды. Жеңімпаздардың бірі Мақаш Меңдіғазиев:

- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. Жұмыс барысында осындай шаралардың ұйымдастырылуы достығымызды нығайта түсері даусыз. Барша әріптестерімді жеңісімен құттықтаймын,-деп өз алғысын айтты.

Көптің ортасынан суырылып шығып, орын алған командаларға дипломмен қоса ақшалай сыйақы ұсынылды. Зияткерлік сайыс арқылы өзара ынтымақты арттырып, тапқырлығын танытқан жастар бұл жолы да біліктіліктерін дәлелдеді. «Жасыл ел» жасағы тек еңбекпен ғана емес, білім мен ой ұшқырлығын ұштастыра білген жас толқынның шынайы көрінісі.

 

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT