Жастарға жаңа мүмкіндік ашқан

«Шектелме» жобасы Жылыой жастарын онлайн мамандықтарға баулып жұмыссыз жастар мен бала күтімімен үйде отырған аналарды кәсіби медиадағдыларға оқытып, жаңа кәсіп бастауға жол ашатын әлеуметтік бастама ретінде іске қосылған. 16-35 жас аралығындағы тұрғындарды қамтитын бұл жоба 2023 жылдан бері «Жаңаша» қоғамдық қоры мен «Теңізшевройл» ЖШС әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді.

Таяуда жобаның үш жылдығына орай Атырау қаласындағы АВК кешенінде үшінші кезеңді қорытындылауға арналған «Shektelme Awards» іс-шарасы өтті. Жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, басқарма басшылары, «Теңізшевройл» (ТШО) ЖШС өкілдері, жоба түлектері мен қоғам белсенділері қатысты.

 Іс-шара барысында танымал фильмдердің контент-маркетологы Қазбек Турдакин «Қалай үлкен қаралым жинап, сол арқылы сатылым жасауға және танымал болуға болады?» тақырыбында тренинг өткізді. Бұрын Теңіз кен орнында жұмыс істеген ол қысқартуға ұшырағаннан кейін «Шектелме» жобасының таргетинг және SMM курстарын тәмамдап, тұрақты табыс тауып жүрген үлгілі түлектің бірі болып табылады.

 Сонымен қатар, Райхангүл Қанатқызы, Ақылбек Рамазанов және Шапағат Жақсылық өз бағыттары бойынша жоғары нәтижеге жеткені үшін марапатталды. Айта кету керек, іс-шара барысында «Кең Жылыой» редакциясының СММ-маманы, әріптесіміз Анар Арманқызы «Үздік СММ» номинациясын жеңіп алды.

«Шектелме» жобасы жастарға жаңа кәсіп игеруіне, тұрақты табыс табуға және өз әлеуетін толық жүзеге асыруға жол ашқан маңызды әлеуметтік бастама екенін дәлелдеді. Жоба нәтижесі аудан жастары үшін тиімді әрі сұранысқа ие екенін айқын көрсетіп отыр. Қатысушылар бүгінде маркетинг, графикалық дизайн, SMM, мобилография және таргетинг салаларында алған білімдерін іс жүзінде пайдаланып, жаңа дағдыларын табысқа айналдыруда. Бұл жоба тек білім беріп қана қоймай, әр қатысушыға өз арманына жетуге, шектеусіз ойлауға және белсенді түрде әрекет етуге шабыт береді. «Шектелме» әр жасқа өз мүмкіндіктерін шексіз көрсетуге, идеяларын іске асыруға және өз өмірін өзгертетін жаңа қадам жасауға мүмкіндік беретін әлеуметтік бастама. Болашаққа сенетін әрбір жасқа шекара жоқ, тек батылдық пен еңбек қана шексіз биіктерге жеткізеді.

 А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT