Жастар жүзеге асырған жоба

Жастар жүзеге асырған жоба

«Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен «Орталық Азияның Еуразия қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Жылыойда бірнеше жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан «Қоғамдық кеңістіктер» жобасының аудан халқы үшін маңызы айтарлықтай зор. Сол арқылы ауданның белсенді тұрғындары халқына арнап көптеген игілікті істерді атқаруға мұрындық болып жүр.

Олар жобаға қатысып, грант ұтып, өз бастамасын іске асыру барысында туған ауылына балалар ойын алаңдарын салып, көпірлер мен саябақтарды, жаттығу алаңдарын тұрғызып, стадиондар мен балабақша аулаларын қайта қалпына келтіріп, абаттандыруда.

Бүгінде ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде "Қоғамдық кеңістіктер" жобасы аясында пайда болған жаңа нысандар мен қалпына келтірілген алаңдар айтарлықтай көп. Әсіресе, бұған жастардың бастамашы болып жүргені қуантады. Оларды қолдаушылар да аз емес. Жұдырықтай жұмыла білген ауыл тұрғындарының арқасында біраз жаңартылған, көркейген нысандар қатары көбейіп келеді. Сондай белсенді жастың бірі - Мұратбек Ағылов.

Ол қасындағы жан жарымен бірлесе жүріп,үш жыл қатарынан осы жобаға қатысып, бірнеше игі істің бастамашысы болды. Оған, әрине, өзінің ауылдас бауырлары, достары мен іні буын өкілдері де көп қолғабыс еткен. Мұратбектің биыл атқарған жобасы өткен аптада ғана аудан халқының игілігіне берілді. Ол - Тұрғызба ауылындағы "Жастар" саябағы.

-Бұл жобаға биыл үшінші рет қатысып отырмыз. Алғаш 2021 жылы жоба аясында ауылға балалар ойын алаңы мен аялдама салуды қолға алып, жүзеге асырдық. Екінші жылы ауылдағы тозығы жеткен сахнаны жаңартып, қалпына келтірдік. Енді биыл ауылдың кіре берісіндегі жастардың тал егіп, "Жастар" саябағы деп атап кеткен саябақты абаттандырдық. Бұрын ауыл тұрғындарының атсалысуымен жабайы шарбақпен қоршалып тұрған еді. Бұл мәселе бұған дейін де ауыл әкімімен өткен кездесуде айтылып жүрген болатын. Биыл міне, «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы арқылы жоспарды жүзеге асырдық. Бұл менің ғана еңбегім емес, ауылдағы мен секілді өзге де жастардың маңдай терінің жемісі. Атап өтсем, саябаққа 16 орындық, 10 қоқыс жәшігі орнатылды, төсемтас төселіп, жарықтандырылды, жан-жағы қоршалды. Ауыл әкімдігінің қолдауымен 200 түп әр түрлі жеміс ағашы отырғызылды. Сөйтіп, ауыл халқы демалып, саялап отыратын саялы баққа айналды. Біз мұнымен тоқтап қалмақ емеспіз, бойымызда ерік-жігер мен күш-қуаттың барында халық игілігіне арналған тың жобаларды алдағы уақытта да жүзеге асыра беруге ниет еттік,- деді ауыл тұрғыны Мұратбек Ағылов пен оның жары Айнагүл Тәжімұқан.

Ал Құлсары қаласындағы «Ынтымақ» саябағына спортпен шұғылдануға арналған құрылғылар қойылған. Жоба иелері Айжан Кісенбайқызы мен баласы Алдоңғар Рақымов «Қоғамдық кеңістіктер» жобасына осымен екінші мәрте қатысып тұр. Бұған дейін олар тұрғындардың атсалысуымен 7-учаскеге балалар ойын алаңдарын тұрғызса, енді биыл саябақ салып беріп отыр.

Халық игілігін көздеген ізгі жандар өзге жерлестеріне үлгі болып, алғыс арқалап жүр.

Ш.ЖАУҒАШТЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT