Балалар мен жасөсіпірімдер тәрбиесі, қауіпсіздігі мен құқығы - бұл аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысының күн тәртібінен түспейтін мәселе. Өткен аптада осы аталған комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров төрағалық еткен отырыста 2018 жылы туған Құлсары қаласының тұрғыны, кішкентай қыз балаға қатысты бір ғана мәселе көтерілді.
Әке-шешесі жоқ бүлдіршінге қатысты тақырып бұдан бұрынғы комиссия отырысында да қаралған болатын. Газетіміздің өткен сандарында да оның тағдыры туралы егжей-тегжейлі баяндап, жазған едік.
Әлі бес жасқа да толмаған балақай К-нің әкесі жоқ, анасы ауыр науқастан қайтыс болған. Қазіргі таңда ол нағашы әжесінің тәрбиесінде. Нағашы әжесі мен нағашы апасы және кішкентай қыз бала барлығы Құлсары қаласындағы, Газпром ықшамауданында үй жалдап тұрады. Олардың тұрмыс жағдайы төмен, үй ішінде ешқандай санитарлық талаптар сақталмаған. Нағашы әжесі мен апасы ішімдікке үйір дейді бұл жайтты зерделеген комиссия мүшелері.
Аудандық білім бөлімінің бас маманы, қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілі Зинат Тұрсыналиева:
-Қыз баланың нағашы әжесінің тұрғын үй жағдайын зерделеу актісі жасалды. Негізі, бүгінгі комиссияда тағдыры талқыланып отырған қыз баланың өмірден өткен анасының 2008 жылы дүниеге келген тағы бір қызының болғандығын да өткен жолғы отырыста айтқан едік. Өкінішке орай, анасы көзі тірісінде қылмыстық іске қатысы болып, бас бостандығынан айырылуына байланысты ол қыз бала 2013 жылы Сабыр Қазбаев атындағы облыстық балалар үйіне тапсырылған. Алайда, аталған балалар үйінің жабылуына орай оны отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйіне орналастырған. Ол жерде қыз баланы бір адамдар асырап алып кеткен. Ал жиендерінің біреуге асырап алуға берілгендігінен нағашы әжесі мен нағашы апасы мүлде хабарсыз. Тіпті қай балалар үйіне орналастырылғандығынан да бейхабар болып шықты. Енді, еш заңды қамқоршы өкілі тағайындалмаған бес жасар бүлдіршіннің де тағдыры бізді алаңдатып тұр. Анасы қайтыс болғаннан бері қарай жиендерінің жетім қалғандығы жөнінде тиісті органдарға айтпаған, яғни, нағашы әжесі мен апасы баланың жетім қалғандығы жөнінде жергілікті атқарушы органға, қамқоршылық немесе қорғаншылық жөніндегі істі жүзеге асыратын органға бірде-бір рет хабарламаған, - деді.
З.Тұрсынәлиева: - Осы мәліметтерді алға тарта отырып, комиссия мүшелері заңды өкілінсіз қалған бүлдіршінді еш жерге хабарламай ұстап отыруына және жеке тұрғылықты жерінің жоқтығына байланысты нағашы әжесі мен апасына заң талаптарына сай шара қолдануын сұрайды. Біз, комиссия мүшелері қыз баланы Атыраудағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйіне орналастыруға ұсыныс беріп, оң шешілуін сұрап отырмыз. Өйткені, баланы заңды өкілінсіз, ішімдікке үйір, жауапсыз, оның үстіне жағдайы төмен, тұрақты мекен-жайы жоқ туыстарының қолына беріп қою болашағына, өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді деген күдікті оймен отырған жайымыз бар. Оның үстіне, бала ешқандай медициналық тіркеуде жоқ, бірақ біз оның дамуында, денсаулығында қандай да бір кінәрат бар деп топшылап отырмыз. Себебі, оның үйінде өзін-өзі ұстауы, үлкендермен қарым-қатынасы қалыпты, дені сау баланың әрекетіне ұқсамайды, - дейді.
Иә, бес жасар қыз баланың тағдыры аянышты-ақ. Гүлдей сәбидің ертеңгі өмірі қандай болмақ? Міне, осы мәселені шешу - аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелерінің алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Комиссия отырысы кезінде қатысушылар айтқан ұсыныс пен пікірлер жан-жақты сараланып, оң шешім қабылданды.
Ш.ХАМИТОВА