Жасөспірім – жас өскінің...

ӨТКЕН АПТАДА ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ҒИМАРАТЫНДА ОРНАЛАСҚАН АУДАНДЫҚ БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫНДА ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАНЫНДАҒЫ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ БОЛЫП ӨТТІ. ОҒАН ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ, ОБЛЫСТЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ С.ЕСЕНҒАЛИЕВ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТІП, АШЫП ЖҮРГІЗІП ОТЫРДЫ.

Отырысқа аудан әкімі Халел Жамалов, Атырау қаласы, Махамбет, Индер, Құрманғазы, Исатай, Мақат, Қызылқоға аудандарының Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың төрағалары, комиссия хатшылары, аудандық полиция бөлімінің, прокуратураның, орталық аурухананың өкілдері мен аудандағы 20 мектептің директорлары және психолог мамандары қатысты.
Күн тәртібінде «Кәмелетке толмағандардың арасындағы өз-өзіне қол жұмсау, суицид фактілерінің алдын алу, суицидке ұмтылған балаларды өмірге қайта бейімдеу және оңалту бағытында 2020-2021 жылдары атқарылған жұмыстардың» есебі тыңдалды. Сондай-ақ, «кәмелет жасқа толмаған қыз балалар арасындағы ерте жүктілік пен жасөспірімдер қылмысы және олардың арасындағы жанжалды жағдайлардың алдын алу шаралары» да отырыстың күн тәртібіне қойылды.

Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның Жылыой ауданы бойынша төрағасы Әнуар Шәкіров баяндама жасады.

-Жылыой ауданы бойынша жалпы орта білім беретін 20 мектеп бар. Мектептерде барлығы 18 332 оқушы білім алуда. Кәмелет жасқа толмағандар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғасының алдын алу үшін аудандық білім бөлімі, ішкі істер бөлімі және аудандық емхана мамандарынан құрылған топ жұмыс істеуде. Жұмысшы топтың негізгі мақсаты – психологиялық көмек көрсету арқылы жасөспірімдер арасындағы суицидтің жолын кесу. Топ мүшелері осы бағытта көптеген іс-шаралар жүргізіп, ата-аналар арасында 70-тен астам кездесулер мен жеке қабылдаулар жүргізді. Індетке байланысты елімізге енгізілген Төтенше жағдай кезінде аудандық комиссияның көптеген отырысы өткізілмеді. Ал биылғы өткізілген 3 отырыста №2, №5, №7 жалпы орта білім беретін мектептердің жұмыстары тыңдалды. Білім беру ұйымдарында өмірдің қиын жағдайына душар болған балалармен жұмыс жүргізу мақсатында «Дағдарыс орталықтары» ашылып, оған психологиялық көмекті қажет ететін оқушылар мен ата-аналар келіп, құпия түрде кеңес алып тұрады. Мектептердің барлығында арнайы «Сенім телефондары мен жәшіктері» орнатылған. – деді аудандық комиссияның төрағасы Ә.Играшинұлы.

Баяндамашының сөзінше, ауданда жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу және осы мәселенің себеп-салдарын зерделеу мақсатында тиісті бөлімдермен бірлесіп көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан, ауданда қайғылы жағдайлар орын алуда. Соңғы екі оқиға да Қосшағыл елді мекеніндегі №2 жалпы орта білім мектептен тіркелген. Жағымсыз оқиғалар өткен 2020 жылдың 5-желтоқсаны мен 2021 жылдың 21-тамызында онлайн оқу кезінде және жазғы каникул мезгілінде орын алыпты. Негізінен, мектептерде аталған мәселені болдырмау үшін оқушылар арасында сауалнамалар жүргізіліп тұрады. Осындай, «Bilim Foundation» жасөспірімдер денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы бойынша жүргізілген сауалнама 2021 жылдың қаңтар айында өткізілгендіктен қаза тапқан оқушы қатысқан жоқ. Ал екінші қаза тапқан оқушы осы сауалнамаға сыныбындағы өзге оқушылар секілді қатысып, ешқандай күдік байқалмаған. Дегенмен, екі оқушы да бұрын мектептің ерекше тізімінде болған екен.

Өйткені, М. атты оқушының отбасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы бұрын да орын алса, Ж-ның анасы басқа отбасына кетіп, бала нағашыларының тәрбиесінде болған. Сондықтан, қайғылы жағдайға душар болған екі балаға да мектеп әкімшілігі ерекше көңіл бөліп, үнемі сынып жетекшісі мен психологтар тығыз байланыс орнатып отырған. Екі оқушының да материалдық жағдайы жақсы болған және туыстары тарапынан ешқандай қысым көрсетілмеген екен. Кәмелет жасқа толмағандар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің алдын алуда білім беру ұйымдары психологтарының атқаратын рөлі зор деп танылды. Қазіргі таңда аудан мектептерінде 30-дан аса психолог мамандар жұмыс істейді.

-Қоғам назарында жастардың, әсіресе, ұлт болашағын тәрбиелейтін қыздардың жат әдеттерге бой ұрып бара жатқаны кім-кімді де толғандырып отыр. Қыз балалар тәрбиесі күн өткен сайын барша қоғамды алаңдататын, күрмеуі қиын мәселелердің бірі болып табылды. Өйткені, аузынан ана сүті кеппей жатып, жүкті болып жатырған жасөспірімнің саны артып келеді. Мұндағы басты себеп, жыныстық тәрбие жөніндегі насихаттың аз болуы, аналардың қыздарына жыныстық тәрбие турасында дұрыс ақпарат бермеуі. Көптеген отбасыларда бұл тақырыпты қозғау ұятқа саналып, әңгіме қозғалмай, жабық күйінде қалады. Стастистикаға сүйенсек, жоспарланбаған жүктіліктің 90 пайызы отбасындағы тәрбие мен қарым-қатынасқа байланысты келеді. – деді өз баяндамасында аудандық мәслихат депутаты, орталық аурухананың перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Мәмбетова.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған Сәуле Тұрдығалиқызы «Медицинада «Ерте жүктілік» деп кәмелет жасқа толмаған қыз балалардың жүкті болған жағдайын айтады» - деді. Осы уақытта қыздарда өтпелі жас кезеңі басталып, гармондық қайта құрылу жүретінін еске салды.

Баяндамашының есебі бойынша, ауданда өткен 2019 жылы ерте жүкті болған қыздардың саны 34 болса, 2020 жылы 39-ға өскен. Ал биылғы 2021 жылдың 11 айының өзінде ерте жүктілікке ұрынған жасөспірімнің саны 37-ге жетіп отыр. Оның ішінде, 1 қыз – 15 жаста, 6 қыз-16 жаста, 30-ы – 17 жаста болып шықты. Жылдың аяғына дейін 18 жасқа толғаны – 19 қыз. Төрт қызда медициналық түсік болған, мерзімінен бұрын босанғандары тіркелген жоқ. Жүктілік кезінде басқа жаққа кеткені 5-еу, кешкі мектепте оқитыны – 7, колледжедегісі – 29, ЖОО-дағысы 1-еу.

«18 жасқа толмаған қыз балалар арасындағы жүктілік қоғам боп назар аударатын күрделі мәселе. Мұның артында қыз баланың болашағы, денсаулығы тұр. Сондықтан осы мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Оқушы тәрбиесін, соның ішінде қыз баланың тәрбиесін тек мектептегі мұғалімдерге ғана артып қоймай, ең алдымен, үйдегі ата-ана бала тәрбиесін мықтап қолға алуы керек» деген тұжырымға келді комиссия мүшелері.
Комиссия отырысы кезінде үшінші тақырып бойынша да баяндама жасалды. Отырыс соңында күн тәртібінде қаралған үш мәселе бойынша қатысушылар өз сауалдарын жолдап, пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты.

Сонымен қатар, облыстық комиссия мүшелері аудандық емханадағы наркологиялық және суицидологиялық кабинеттердің кәмелетке толмағандармен жүргізетін жұмысымен және ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс атқаратын инклюзивті қолдау кабинетінің жұмысымен танысты.

Облыстық көшпелі комиссия отырысынан кейін жиынға қатысушылар мәдениет үйінде өткен Әкелер слётіне қатысты.

Ш.ХАМИТОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521