Жаһанда жасанды интеллекттің кезеңі белең алды. Адамзаттың алғы күнін болжау тым қиынға соғады. Себебі, күн өткен сайын жаңа технологиялар іске қосылып, әлем жарық жылдамдығымен адам танымастай өзгеруде. Осыдан 20 жыл бұрын жасанды интеллекттің мұндай алпауытқа айналмақ түгілі, оның не екенін білмейтін заман еді. Қазіргі таңда, сол ғылымның, жасанды интеллекттің тілін тапқан мемлекеттер алға озуда. Тіпті, көз көріп жүргендей кей ірі компаниялар жұмысшы күшін азайтып, орнына роботтар алып жатыр. Ал, Билл Гейтс сынды ірі бизнесмендер жасанды интеллекттің бұлай қарқынды дамуы болашақта қауіп төндіруі мүмкін екендігін де айтқан болатын.
Бірақ, қалай айтсақ та, бүгінгі күні жасанды интеллекттің заманы болып тұр. Осыны меңзеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында:
-Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек,-деді өз сөзінде.
Иә, шынында, көштен қалар болсақ, ел экономикасына кері әсер беруі мүмкін. Себебі, жалпы әлем сол жасанды интеллект пен жаңа технологияларға үдере көшуде. Күнделікті тұрмыста да «Алиса» арқылы іздеу салып, «ChatGPT»-мен әңгіме құратын адамдар жетерлік. Соңғы жылдары криптовалюта мен жасанды интеллект шығарумен айналысатын компаниялардың акция құны да қарқынды өсуде. Осыдан-ақ болашақтың қай жаққа бет алғанын байқауға болады. Сондықтан, білімге бет бұрып, озық технологияларды ойлап тауып, алпауыт елдерге ілесер күн туды.
Нұрлыбек Амандық,
Жас кәсіпкер