ЖАС ТА БОЛСА, БАС ҚАЛА!

Мен Астанаға алғаш рет 2018 жылы қадам бастым. Ол кезде қызым Жанат білімін жетілдіру курсына оқитын болып келген едім. Сол кездегі алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Қазақ халқының елордасы сонда маған қатты ұнады. Осы уақытта-ақ менің жүрегімде Астана тұрғыны болсам деген арман пайда болды.

Қызым да біразға дейін қаладан кеткісі келмеді. Жоғары білім беру ұйымдарына түйіндемесін тапсырды. Көп ұзамай арманы орындалды. Алдымен, Еуразия ұлттық университетіне докторантураға оқуға түсті де, көп ұзамай Назарбаев зияткерлік мектебі жұмысқа шақырды. Сөйтіп, 2019 жылдың 15 шілдесінде қызымның соңынан мен де Астана қаласына қоныс аудардым. Оның үстіне, ұлым да жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп, осында қызметке орналасты. Зейнеткерлікке қалған мен де бір жылға тарта жұмыс жасадым. Ақыры бірте-бірте отбасымызбен көшіп келіп, баспана сатып алып, бас қаламыздың тұрғынына айналдық.

Иә, Астана бәрімізге де ұнады. Шынымен де Астана қазіргі күні өте әдемі де әсем, көрікті де сәулетті, сұлу қалаға айналған. Қарап тұрып бас қаламыздың осы жылдар ішінде қалай қарқынды дамып, келбеті кеңейіп кеткеніне сүйсінесің, сүйсініп тұрып шүкіршілік етесің.

Астана – бұл қазақтың мерейі, мәртебесі! Астана - ел мақтанышы, мұнда қызмет ету, білім алу – бақыт. Бүгінде Евразияның кіндігінде бой көтерген қазақтың бас қаласында өзге ел азаматтарына мақтана көрсете алатын соңғы жетістіктер аз емес. Демалыс орындары, түрлі көрме, Ұлттық музей, балалардың ойын алаңдары, саябақтар әлемдік деңгейде салынған. Заңғар көкпен таласқан заманауи ғимараттар бірін-бірі қайталамай, халықтың тұрмыстық жағдайына орайластыра ерекше кескінмен бой көтерген. Бұл ретте Астана қаласы әкімдігінің атқарып жатқан жұмысы жоғары дәрежеде деп айта аламын.

Жас та болса, бас қаламыз – біздің сүйікті де сұлу шаһарымыздың туған күні де келіп жетті! Ару Астанамыз жасай берсін, көркейе берсін, одан әрі гүлдене берсін дегім келеді! Қазақ халқына Астана күні құтты болсын!

Жұмагүл КЕНЖЕШОВА,

зейнеткер

Астана қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT