Жас отбасы – грант жеңімпазы

отбасы күні
Амандықовтар отбасы

Ауданымыздың мерейін асырып, көпке үлгі атанған Амандықовтар жанұясының бүгінге дейін жеткен жетістіктері көп-ақ.

Отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі іс-шаралар кешені» мемлекеттік гранты шеңберінде «OtauFest» жас отбасылар фестивалі өтті. Аталған республикалық фестивальге жылыойлық жас отбасы Амандықовтар қатысқан еді. Олар облыс көлемінде жеңімпаз атанған 3 отбасының қатарынан табылды. Жеңімпаздар 100000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жас отбасының мұндай биік марапатқа қол жеткізуі олардың тату-тәтті жанұя ғана болып қоймай, алдарына мақсат қоя білетін талабымен, қоғамдық өмірге де белсене араласатындықтарымен тығыз байланысты десек қателеспейміз.

Жастар арасында отбасы және отбасылық құндылықтар институтын нығайтуға ықпал ету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасы мүшелерін жақындастыру және біріктіру аталған фестивальдің көздеген басты мақсаты болып табылады.

Фестиваль ережесі бойынша еліміздің 17 өңірінен 29 жасқа дейінгі 51 қазақстандық жас отбасы қатысуға жолдама алды. Ауқымды іс-шара барысында қатысушыларға арналып шеберлік-сыныптары ұйымдастырылып, гендерологтардың, отбасылық және балалар психологтарының, педиатр мамандардың, андрологтардың кеңестері беріліп, танымдық контент өткізілді. Байқауға қатысушылар өз отбасыларын жан-жақты таныстырып, презентация дайындады, қойылған шартқа қарай талап-міндеттерді орындады.

Ауданымыздың мерейін асырып, көпке үлгі атанған Амандықовтар жанұясының бүгінге дейін жеткен жетістіктері көп-ақ. Бүгінде 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған жас шаңырақтың отағасы Әлібек Амандықов - облысқа белгілі талантты жастардың бірі. «Талаптың мініп тұлпарын...» дегендей, ол - қашанда ізденіс үстінде жүретін жас. Ол - белгілі эстрада әншілерінің әндерінің сөзін жазған автор. Жас ақын. Аудандық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы. Сонымен қатар, сегіз қырлы, бір сырлы Амандық - аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйі жанынан құрылған «Жастар» халық театрының белді мүшесі. Облыстық деңгейде мәдени шаралар жүргізушілерінің арасында өткен «Конферансье - 2020» байқауының бас жүлде иегері. Әлібек Амандықов аудандық мәдениет үйінде қызмет істейді, ондағы «Жастармен және балалармен байланыс» бөлімінің меңгерушісі. Бұдан бөлек 2015 жылы өткен республикалық «Жандану әлемі» жобасының ұйымдастыруына атсалысқаны үшін ол Әлия Назарбаеваның алғысхатымен марапатталды. Бұл – Әлібектің жеткен жетістігінің жартысы ғана. Жан жары Арайлым Жұмабекова - қазіргі таңда отбасында бала тәрбиесімен айналыса отырып, ері мен перзенттерінің жетістікке жетуіне себепші болып жүрген белсенді әйел-ана, бір әулеттің ұйытқысына айналған ибалы келін.

Қос ұлдары Мейірбек пен Исламбек те өнерден құр алақан болмай шықты. Олар «Менің сүйікті әкем» байқауының I орын иегерлері атанып үлгеріпті.

Ш.Мұхтарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521