«Жас құтқарушылар»

Жас ұрпақтың төтенше жағдай кезінде өздерін дұрыс ұстауы, алғашқы көмек көрсету, ұжыммен бірлесе әрекет ету - өмірлік маңызы бар дағды. Жауапкершілік, батылдық, ұйымшылдық қасиеттерді дарыту да өте қажет. Ел ертеңінің бойына осындай қарымды қабілетті қалыптастырып, оны меңгеруіне мүмкіндік беру – бүгінгі күннің басты мақсаты. Бұл әсіресе өткен жылы тілсіз жаумен бетпе-бет келген жылыойлық балалар мен жасөспірімдерге өте керек.

Міне, осы мақсатты көздеген маңызды шара жақында Құлсары қаласының Орталық стадионында өтті. Ол мектеп оқушылары арасында төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік дағдыларын дамытуға бағытталды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен білім беру бөлімінің бірлесіп ұйымдастырған дәстүрлі «Жас құтқарушы» слеті шынымен де жас ұрпақты қиын-қыстау кезеңде қысылмауға үйретті.

Оған аудан көлеміндегі мектеп оқушыларынан құралған командалар қатысты. Олар бірнеше сайыс бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, команда капитаны өз командасын таныстырып, «Өрт сөндіру эстафетасы», «Техногендік апат аймағындағы құтқару жұмыстары» және «Су айдынындағы құтқару жұмыстары» сынды сайыстарда сыналды.

Тартысты өткен сайыс нәтижесінде І орынды – №5 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп командасы жеңіп алып, облыстық «Жас құтқарушы» слетіне жолдама иеленді. Ал, ІІ орын №8 жалпы орта білім беретін мектеп командасына берілсе, ІІІ орынды №6 жалпы орта білім беретін мектеп командасы еншіледі.

Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар бұл сайыстың маңызына тоқталып, балалардың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда және салауатты, білімді жас ұрпақты тәрбиелеуде осындай шаралардың рөлі ерекше екенін атап өтті.

Мұндай жарыстар мектеп оқушыларының өз-өздеріне сенімділігін арттырып қана қоймай, болашақ мамандық таңдауына да оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT