Қазір барлық ауылдық округтерде спорт кешендері бар.
Ауыл жастары үнемі денешынықтырумен шұғылданып, спорттың ауылда дамуына жол ашылып келеді. Бұл осы саладағы мамандардың да көбейіп, қалыптасуына мүмкіндік туғызуда. Сондай жас маманның бірі – Сәрсенбек Исимғалиев. Ол Қара-Арна ауылдық округінің орталығы Шоқпартоғай ауылындағы №3 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет атқарады.
-Мен бұл қызметке «Дипломмен – ауылға!» атты мемлекеттік бағдарлама бойынша келдім. Спорт мектебінде еңбек жолымды бастағаныма бір жылдан асты. Мемлекет қамқорлығымен арнайы баспанамен де қамтамасыз етілдім. Қазір ауылдың мектеп оқушыларын жаттықтырамын. Мен оларды футзалда шағын аяқ доп ойнаудың әдіс-тәсіліне баулимын, - дейді С.Исимғалиев.
Таяуда Сәрсенбек дайындаған 12 баладан тұратын командасы Маңғыстау облысындағы аймақтық жарысқа қатысып қайтты. Бұл оның өзі жаттықтырған жасөспірімдермен мұндай үлкен дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысуы еді. Команда 2010-2012 жылдар аралығында туған балғын спортшылардан құралған. Сол жолы шоқпартоғайлықтар биік жетістіктерге жетті!
Жарыс Ақтау қаласында, «Мұнайлы» футбол федерациясының кубогі үшін республикалық ашық біріншілік ретінде өтті. Оған еліміздің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарынан бірнеше ондаған командалар қатысты.
Дүбірлі доп додасы бақандай үш күнге созылды.
Жас жаттықтырушының дайындаған балғын былғары доп шеберлері бапкер ағайларыныңң дем беруімен үйренген бар өнерін салып бақты. Өте тартысты ойнады. Нәтижесінде көптеген қарсыластарының қақпасына қақырата доп соғып, жеңіске жетті. Төрешілердің ұйғаруымен шоқпартоғайлық команда ІІ орынға табан тірегенін естігенде Сәрсенбектің де, оның тәрбиелеген балғын ойыншыларының да қуанышында шек болмады. Ол аздай, команда мүшесі Саят Талғатұлы «Үздік сұрмерген» атанса, Еркебұлан Хайролла «Ең үздік техника» жүлдесімен марапатталды.
Жас спорт маманы Сәрсенбек Исимғалиевтің дайындаған алғашқы балғын командасы аймақтық дүбірлі доп додасынан осылайша зор жеңіспен оралды.Оның алға қарай да ел артқан үмітті ақтай береріне сенім мол.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ