ЖАРЫМЖАН ЖАРНАМАДАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Жарнама жай ғана ақпарат жеткізу құралы емес, ол тіл мәдениетінің мәйегі, рухани кеңістіктің ажырамас бөлшегі. Өкінішке қарай, бүгінде қазақ тіліндегі жарнама көбіне-көп орысшадан сөзбе-сөз жүрдім-бардым аударылған, мән мағынадан жұрдай, ойға да, миға да қонымсыз күйде тара тылуда. Бұл бір жағынан сауатсыздықты, бір жағынан ана тілімізді құрметтемеу, жауапсыздықты білдіреді.

Осыған байланысты ауданда республикалық терминология комиссиясының 2024 жылға арналған отырысы өтті. Ол тамақ өнеркәсібі саласы негізінде бекітілген терминдерді әдістемелік көмек ретінде тарату үшін, сондай-ақ тіл заңдылығын түсіндіру мақсатында болды. Оны аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырып, өңірдегі кәсіпкерлердің басын біріктірді. Шыны керек, қоғамда мемлекеттік тілге деген талап әлсіз. Жарнама агенттіктері, дизайн студиялары немесе жекелеген кәсіпкерлер қазақ тілінің нормасына баса мән бермейді. Олар үшін маңыздысы – көз қызықтырар үлкен жазулар мен қолданыстағы орыс, ағылшын тілінің жарнамасы. Бұл жай ғана тілдік кемшілік емес. Бұл ұлттың мәдени кеңістігіне жасалған немқұрайлы шабуыл. Өйткені әр жарнама оқырманның санасына әсер етсе, әр жазу жеңіл ой қалыптастырады. Ал тілді шұбарала күйінде ұсыну – ұлт болмысының бейнесін тұмшалайды. Өткен ап тада ұйымдастырылған жиынның мақсаты да осындай үлкен мәселенің алдын алу еді. Іс-шарада ауданымыздағы деректемелер мен көрнекі ақпарат құралдарын, атап айтқанда, баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштерін орналастыру және қайта жасақтаған жағдайда тіл заңдылығына қатысты орналастыру мәселесі бойынша жадынама ұсынды. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Үміт Кенжина сөз сөйлеп:

-Бүгінде ҚР-ның «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңына сәйкес көрнекі ақпараттарды орналастыру кезінде сақтайтын бірнеше талап бар. Олардың маңыздысына тоқталсам, деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен, яғни, мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады. Бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттық мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауы тиіс. Екіншіден, мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік және орыс тілінде, қажет кезде басқа тілдерде де орналасады. Үшіншіден, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болса, орыс және басқа тілде де жазылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшасында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады. Одан бөлек, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет жағдайда ғана орыс тілінде және басқа тілдерде орналасады. Ал Қазақстанда өндірілетін тауарлардың арнайы мәліметтер көрсетілген тауарлық жапсырмаларында, таңбаламасында, нұсқаулығында мемлекеттік тілде және орыс тілінде қажетті ақпарат болуға тиіс,-деп заң шеңберінде ескерту жасады.

Иә, жарнама бүгінгінің ауыз әдебиеті іспетті. Ол неғұрлым көркем, көрікті бол- са, елдің санасына соғұрлым сапалы ой қалыптастырады. Сондықтан әр сөз, әр сөйлем қазақ тілінің абыройын көтеруге үлес қосуы керек. Жарымжан жарнамадан арылып, жарқын тілмен жазылған жазулармен көшелеріміз көркейсе, әлбетте рухымыз да көтерілері анық. Ол үшін аудан дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген кәсіпкерлер, оның ішінде өңірді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған саудагерлер тіл тазалығына мән беріп, сауатты болғаны дұрыс. Және республикалық терминология комиссиясының өткен жылғы отырыстарында бекітілген тамақ өнеркәсібі саласына қатысты терминдерден хабардар болса нұр үстіне нұр. Мысалы, біз күнделікті өмірде қолданатын «пирог» сөзінің қазақ тіліндегі аудармасының «қаусырма» екенін, сол сияқты «пампушка» сөзінің «томпақша», «печенье» сөзінің «піспенан», «сухофрукты» сөзінің «жемісқақ», «цельномолочный продукт» сөзінің «табиғи сүт өнімі» болып аударылатынын білсе, ол қазақ тілінің қасиетін арттырып, тілге деген құрметімізді ұлғайтатыны сөзсіз. Бұл ретте, «блины» - «жайма құймақ», «мясо по-тайский» - «тайша ет», «жареный омлет» - «қуырылған өмлет», «запекание» - көмештеп пісіру», «закусочные рулеты» - «дәмтағам орамасы», «иркит» - «іркіт», «казахский чай» - «қазақ шәйі» болып қазақша жазылатынын білген жөн. Мұны не үшін ұсынамыз? Бұл өңірдегі ірілі-ұсақты мейрамхана, асхана, тойханалары бар кәсіпкерлердің ас мәзірін құрастыру барысына қажетті сөздер ретінде беріледі. Жоғарыда айтылған аудармалар сөздіктің бір бөлігі ғана, ал негізінде ол 293 аудармадан тұратынын айта кетейік. Жарымжан жарнамадан арылып, жарқын жарнама жасау үшін қазақ тілінің нормаларын сақтап, бекітілген терминологияны қолданып, сауатты аударма мен стилистикалық тазалыққа баса мән беру қажет. Сонда ғана қазақ тілінің тамырын тереңдетіп, ана тілдің абыройын асқақтата аламыз. Ал ол шағын ғана жарнамалық маңдайша, баннерлерден бастау алатынын ұмытпайық!

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT