Жарымжан жарнама, мүгедек маңдайша

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңының талаптарына сәйкес деректемелер, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын тексеру мақсатында үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіліп, алқалы жиындарда талқыланып, айтылып та жүр. Бірақ оған біреу құлақ асса, екіншісі қолын бір-ақ сілтейді. Неге? Себебі ана тілімізге келгенде заң бойынша тағайындалған қатаң жаза жоқ. Заңдылықты бұзғанға айыппұл салдыру үшін облысқа жүгінуге тура келеді. Ал, ол айналып келгенде тағы да қағазбастылыққа әкеп соқтырады. ңірегіндегі осы және басқа мәселелерге байланысты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға сауаттылық» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырылды. Аудандық балалар кітапханасында өткен жиынға аудандық мәслихат депутаттары, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалының өкілдігі, дербес бөлім басшылары, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиналған жандардың тіл мәселесіне байланысты өз пікірін айтып, ортаға салуды ұсынған модератор, аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жиынның алғашқы сөзін өзі алып:

- Бәрімізге белгілі көрнекі ақпараттар мен жарнамалардағы тіл заңдылығы өзекті мәселеге айналды. Атап айтқанда, баннер, маңдайша жазу, хабарландырулар, жарнама тақтайшалары ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер етеді. Көшеге шықсақ та, теледидар, ғаламторды қоса қалсақ та «шұбарала болып кеткен» жарнамаларды көріп жатамыз. Жарнама беруші сататын затына мән береді де, оның жазылуына көңіл аудармайды. Мұндай мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау керек,-деді ол.

Өзекті мәселе төңірегінде пікірталас ұйымдастырып, тілге жаны ашитын ауданның белсенді азаматтарымен семинар-кеңес өткізуді қолға алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Үміт Жұмалықызы жиынды одан әрі жалғастырды. Оның айтуынша, ауданымызда сыртқы, ішкі көрнекі ақпараттар мен маңдайша жазулары және жарнама саласындағы мәтіннің сауаттылығын сақтау мақсатында ай сайын тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылдың шілде айында Атырау облысынан да тіл мамандары келіп, бірнеше кәсіпкерге ескерту берді. Алайда бір емес, бірнеше ескерту алса да заңға бағынбай, өз «ережесімен» ғана жүрген жандар жетерлік. Мұндай олқылықтар мен заңға бағынбаушылық мемлекеттік тіліміздің мәртебесін түсіріп, қадір-қасиетін аяққа таптаумен пара-пар емес пе?!

- Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңның 21-бабына сәйкес «Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырады. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткіштер, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырады. Деректемелер мен көрнекі ақпараттардың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде – оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемді әріптермен жазылады. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттік тілде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тілдерде беріледі» деп нақты көрсетілсе де, ауданда бұл талаптарға сай келмейтін маңдайшаларды жиі кездестіреміз,-деді Үміт Кенжина.

«Дөңгелек үстел» барысында халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалының мүшесі Меруерт Төлегенқызы өз ой-пікірін қосып, «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атты республикалық байқаудың жеңімпазы, жеке кәсіпкер Серік Тасмұқанов: - Көрнекі ақпаратты жасақтаған кезде тіл заңдылығын сақтау керек. Еліне, ұлтына, тіліне шын жаны ашитын адам, алдымен, қазақ тілінде сөйлеп, жарнамаларды да бірінші мемлекеттік тілде жазуы керек. Қазақ бола тұрып өз ана тілінде сөйлемейтін жандар көп. Көріп, қарның ашады. Маңдайшалар мен көрнекі ақпарат құралдарындағы мәтіннің заң бойынша өз орнымен жазылуын жиі қадағалап тұру керек. Өрескел қателіктерді көре тұра алаңдаушылық білдірмеу – қателік, - деді ол.

Жиында одан бөлек «Құлсары» газетінің бас редакторы Әбдіхалық Жәңкейұлы, ардагер-ұстаз Наурызбай Төлеуов, қала әкімі аппаратының бас маманы Айжан Жаңғыбайқызы да тіл заңдылығындағы талаптардың сақталмауына қатысты өз ойларын ашық білдіріп, пікір алмасты. Ауданымызға полиграфиялық қызмет түрін ұсынатын «ПК Ақберен» ЖШС қызметкері Анаргүл Нұртілеуова:

- Бізге жарнама жасатуға қала халқы жиі келеді. Кейде «латын әліппесі бойынша жазып беріңізші» деген де ұсыныстар түседі. Тапсырыс беріп тұрғандықтан қомақты қаражаттан айырылып қалғымыз келмейді. Бұл әліппе бойынша жазуға бола ма? - деген көкейтесті сұрағын қойды. Оған аудандық тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Үміт Кенжина:

- Бүгінде латын әліпбиіне көшу 2023 пен 2031 жылдардың аралығына жоспарланып отыр. Сол себепті біз әлі өзіміздің әуелден келе жатқан кириллицаны пайдалана тұрамыз. Сондықтан латын әліппесін қолданып, тапсырыс жасау кәсіпкерлерге заңсыз болып саналады. Егер сізге осы ұсыныс қайтадан түссе, бұл әліппені пайдалануға болмайтындығын ескертіңіз. Тапсырыс берушінің дайындап әкелген жазуына күдікпен қарасаңыз, бізбен байланысып, тексерістен өткізіп алғандарыңыз өздеріңізге де жақсы. Егер қандайда бір сұрақ туындаса біздің бөлімнің 5 01 34 байланыс нөміріне хабарласса болады», - деген толыққанды жауабын да берді. «Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп тамырынан айырылған ұлт» деген еді халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Елін сүйген әр адам ана тілінің бірінші жазылуына аса ұқыптылықпен қараса, ол біздің өз Отанымызды, өз ұлтымыз бен тілімізді, қала берді өзімізді сыйлағанымыз емес пе?! Ендеше, кәсібімді өрлетіп, халқыма пайдамды тигіземін деген кәсіпкер ана тіліміздің де абыройын ойлап, тіл заңдылығын қатаң сақтағаны абзал-ау!

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT