Өткен дүйсенбі күні аудан әкімі Жұмабек Қаражанов Ақкиізтоғай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Ауыл әкімдігінің ғимаратында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, жауапты бөлім басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесуді Жұмабек Байрақбайұлының өзі ашып, қысқаша жасалған жұмыстары мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Тұрғындарға сөз кезегі беріліп, қойған сауалдарына жауап берді. Бүгінде ауылішілік жолдың 3,8 шақырымды қамтитын алғашқы кезеңі аяқталып, ендігі кезеңін бітіру үшін қосымша жұмыстар жасалмақ. Мұндағы ауыл тұрғындарының бірауыздан көтерген өзекті мәселесінің бірі - тоқ тарту жайы болды. Оның үстіне, жел тұрып тоқ сөнген уақытта байланыс та үзіліп, интернет ұстамай қалатыны тағы бар. Себебі: байланыс мен тоқ желісі бір жерде орналасқан, сеть электр энергиясына бағынышты, генератор орнатылмаған соң ол да істен шығады.
-Негізі, менің түсінігімде жарық мүлде өшпеуі керек. Жел болсын, басқа болсын, тоқ желісі ажырамауы тиіс. Тек табиғи апат орын алған жағдайда және жылдық тексеріс кезінде ғана уақытша өшіруге болады. Сондықтан, жарық мәселесін шұғыл шешу керек. Мен тиісті мамандарға тапсырма беремін, жақсылап жөндеп, жарық та, интернет те өшпейтін жағдай жасалады,-деді аудан басшысы.
Тұрғындардың тағы бір мәселесі – мектеп иелігіндегі «УАЗ» автокөлігі. Бұл, негізінен, мектеп оқушыларын қала мен екі араға тасымалдауға аррналған. Бірақ кей кезде бензин жоқ деп жүрмей қоятын көрінеді. Сол себепті, ата-аналар өз қалтасынан ақша шығарып, балаларын қалаға апарып келу үшін жанармай құюға тура келетінін айтып шағымданды. Бұл деректі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынгүл Ашықбаева растады. Жұмабек Байрақбайұлы ата-аналар қалтасынан бір тиын да шықпауы керектігін, мұндай жағдайда мемлекеттік сатып алуға ұсыныс беріліп, барлығы заң аясында шешілуі керектігін айтып, екінші рет мұндай келеңсіздіктің қайталанбауын қатаң ескертті. Нұрлыбек Ықыласов есімді тұрғын ауылдың кіреберісіндегі шағын саябақтың қазіргі күйінің өте нашар екенін жеткізді. Ауыл әкімі Марат Қабиденовтің сөзіне қарағанда, бұл демеушілікпен жасалынған жоба екен. Оған бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбеген. Ал, демеушілер өткен жылы қаржының тапшылығына байланысты қоршауды ағаштан жасап, биыл тіпті жобадан бас тартып отыр. Аудан басшысы бұл жерде саябақ жұмысы демеушілер есебінен жасалынған соң, ешбір кәсіпкерге жүк арта алмайтынын жеткізді. Дегенмен, ауылдың сәнін алып тұрған саябақ тұрғындардың келісімімен бұзылып, орны тазартылатын болды. Жем өзені бойына көпір салуға ұсыныс берген тұрғындарға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов мұндай жобаның тиімсіз екенін айтып бірден жауап берді.
Ал Құлсары қаласы мен Ақкиізтоғай аралығына қатынайтын трассадағы кей қауіпті жерлер «Казкомсервис» ЖШС арқылы қалыпқа келтіріліп, жөнделетінін жеткізді. Ауыл тұрғындарының қойған сауалының бірі - жаңа мектеп пен мәдениет үйінің құрылысы болды. Аудан басшысы мәдениет ошағының жоспарда бар екенін, «Игілік» бағдарламасы арқылы ұсыныс берілгенін айтты. Ал оқу ордасы жөнінде:
-Әр мектептің қызмет ететін мерзімі болады. Ол 50 жылды құрайды. Дегенмен, әр күрделі жөндеу жүргізілген сайын қызмет уақыты да өсіп тұрады. Мысалы, жергілікті білім ошағына осыған дейін екі күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Тиісінше, арнайы есеп бойынша бұл мектептің мерзімі де 50 жылдан көбірек болады. Заң шеңберінде тек уақыты жетіп, тозған мектепті ғана бұзып, орнына жаңа білім беру ғимаратын салатын боламыз,-деп жауап қайырды Жұмабек Байрақбайұлы.
Аудан басшысы бұдан бөлек әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге қосылған тұрғындардың қойған сұрақтарына да жауап берді. -Қазіргі таңда көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Соның бірі - аудан шекарасын бекіту. Бұрынғы құжаттарда қате өте көп. Сол себепті, 2023 жылдың тамыз айынан бастап мердігер мекемемен келісімге отырып, шекараны анықтап, бекіту жұмысы жасалуда. Биылғы жылда бұл іс-шара аяқталуы тиіс. Қазір ауданның басынан қиын кезеңдер өтуде. Өздеріңіз білетіндей, Құлсары қаласының бір бөлігі суға кетіп, көптеген тұрғын үйлерді, бизнес нысандарын, қаладағы инфрақұрылымды жарамсыз етті. Басты назар - қаламызды қалпына келтіруге аударуылуда. Дегенмен, жоспарымыздағы жұмыстар да өз бетінше жасала бермек. Төтенше жағдайға байланысты көптеген жобалар тоқтап қалды. Бірақ, алдағы уақытта жандандырамыз. Мұндай жағдайда бірлесе жұмыс жасасақ, шешілмейтін түйін жоқ,- деп түйіндеді кездесуді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов.
Ерназ Алтайұлы