ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖЕМІСІ

Ауданның, соның ішінде Құлсары қаласының әлеуеті зор. Потенциалын толық пайдалану үшін әлі талай жұмыстар жасалуы тиіс-ақ. Әрине, жүзеге асып жатқан іс-шаралар жоспары аз емес. Көктемгі тасқын көп шаруаға кедергі келтіргенімен, бұрынғы жобалар қайта жанданып, жолға қойылды.

ТАРАМ-ТАРАМ ТАСЖОЛДАР...

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2021 жылы азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын әзірледі. Ұлттық жобаның басты мақсаты: халықтың базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды, көліктік байланысты жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін, сондай-ақ халықтың ұтқырлығын арттыру болып табылады. Жобаны, негізінен, 2021-2025 жылдарға қарай іске асыру жоспарланған. Бұл бағытта, біздің өңірде қандай жұмыстар жүзеге асып жатыр?

Жылыойдағы жайсаң жұрт бұрынғы жылдардан бері аудан ішіндегі инфрақұрылымның бірі – тасжолдарды жаңғыртуды сұрап келеді. Осы жоба басталғалы бұл бағытта көптеген жұмыстар жүзеге асты. Қазіргі таңда ауданға қарасты қала мен кентішілік, ауылдық округтердегі ауылішілік жолдар да, қалаға қатынайтын тасжолдар да жыл сайын кезең-кезеңімен қолға алынды. Қазір Құлсары мен округтер аралығында қатынастан мәселе жоқ десе де болғандай.

Бірақ, биылғы жылғы алапат тасқын талай жасалған жұмысты жермен жексен етті. Ақкиізтоғай мен Тұрғызба аралығындағы тасжолды және қалаішілік біраз асфальт жолды су шайып кетті. Дегенмен, қазір қаланы қайта қалпына келтіру кезеңі де қарқынды жүріп жатыр. Ауыл- дармен қатынас жолға қойылып, қала ішіндегі инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары бастау алды. Бұдан басқа, Құлсары ішіндегі күрделі жөндеуді қажет ететін тасжолдар жасалып, учаскелер мен ықшамаудандар арасына жаңа жолдар төселуде. Бұл жұмысты жылдағыдай «Казкомсервис» ЖШС атқару үстінде. Жол мәселесі толыққанды алдағы жылдары шешіледі деп жоспарлануда. Оған дәлел ретінде аудан әкімінің халықпен кездесуінде бер- ген уәдесін келтірсек те жеткілікті.

ЖАЙЛЫ ҮЙДЕ ЖАҚСЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛСА

Көктемгі тасқыннан кейін Құлсары қаласы қайта жандана бастады. Тұрғындар жаңа әлеуметтік- экономикалық тұрғыдан серпіліс күтуде. Бұл сөзімізді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Орақұлы Azan радиосына берген сұхбатында растады. Жайлы тұрғын үйдің жайы реттеліп келеді. Оған қаламыздағы құрылыс жұмыстарының қарқын алуы дәлел бола алады.

Биылғы жылдың өзінде қаламыздағы 36 ескі көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы беті жөнделіп, қайта жасалуда. Бұл жұмыстар келер жылдары да өз жалғасын таппақ. Бірақ, Құлсарының басты орталық көше бетіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ғана сыртқы көрінісі жаңармақ. Бұл сөзімізді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлім басшысының міндетін атқарушы Бекет Бозжігітов растады. Одан бөлек әр ықшамауданда балалар ойын алаңы жаңадан салынады. Кейбірінің құрылысы басталып та жатыр. Өткен аптада тұсауы кесілген «Теміржолшылар» қалашығындағы ойын алаңының халықтың игілігіне берілуі – соның айғағы. Қазіргі таңда 1 және 3-ықшам аудандарда да ойын алаңдары салыну үстінде. Көпқабатты үйлердегі автотұрақ та реттеліп, тұрғын үйдің жайлылығын одан әрі арттырды.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арнап «Болашақ» ықшам ауданынан салынып жатқан үйлер де осы жылдың күз айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Үйлердің сапасы – жауапты органдардың жіті назарында. Тіпті, қарапайым аудан тұрғындары да мердігер мекеменің жұмысын интернет арқылы құрылыс маңында қондырылған камераларға қосылып, үйінде жатып-ақ бақылай алады. Қаладан шеткері орналасқан жаңа ықшамауданға алдағы жылдары көп ұзамай мектеп, балабақша және басқа да тұрғындарға аса қажетті инфрақұрылымның бәрі жүргізілмек. Биылдың өзінде газ тарту жұмыстары қолға алынды. Алға қарай қоғамдық көлік те қатынап, көп ұзамай тасжолдар да төселетін бола- ды. Ауылішілік, қалаішілік жолдар да қайта түлеп, тақтайдай тегіс болады.

ҚАЛА КӨРКІ – КӨШЕ ШАМДАРЫ

Қаланың әсемдігі кешке самаладай жарқыраған жарығынан-ақ білінеді. Құлсарыға кіріп келе жатқанда алыстан көрінетін бейнесі де көз тартады. Әсіресе дронмен түсірілген түнгі қала бейнесі де өзгеше әдемі.

Иә, өткен маусым айында да қаламыз жаңа көше шамдарымен толықты. Заманауи стильдегі шамдар- да «I love Qulsary» деген көрсе көз тартар көрнекі жазулары да бар. Қалалық әкімдіктің мәліметінше бұл жоба демеушілер есебінен жасалған. «TEK LED» компаниясы арқылы салынған 15 көше шамдары Махамбет даңғылының бойындағы жаяу жүргіншілер тротуарына орнатылған. Шынына келсек, керемет фотозона деуге де келеді. Себебі, көшенің ажарын аша түскендей. Ендігі кезек сол жердегі ескі тұрғын үйлердің сыртқы келбетін әрлейтін болса, Махамбет даңғылының осы бөлігі адам танымастай өзгерері хақ.

Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта тағы бір көңілден шығар жоба қолға алынады. Атырау- Құлсары республикалық трассасының аудан аумағына қарасты әр екі шақырымы сайын аудан тарихы мен мәдениетінен паш ететін билбордтар орнатылмақ. Бұл аудан қонақтарын өңірдің өткенімен таныстыруды мақсат тұтады. Мұны аудан әкімі Жұмабек Қаражанов Қара Арна ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу кезінде хабарлады. Бірақ, жобаның құны мен басталар уақыты әлі нақтыланбаған.

Ауданымызда бұдан басқа да көптеген жұмыстар атқарылуда. Олардың барлығы бұқара мен биліктің ауызбірлігі арқасында бітетінін де басты назарда ұстауымыз қажет. Себебі, көз көріп, құлақ естіп жүргендей қалада вандализмнің өршіп тұрғаны өтірік емес. Тасқынға дейін де жастарымыздың тәртібіне талай сын айтылған. Өзара топтасып төбелесу, өзге де құқық бұзушылық, қала көркіне өз кесірін тигізіп келді. Мысал ретінде айтсақ, қоғамдық орындардағы жарық шамдарын немесе орындықтарды істен шығару, қала ішіндегі су желісі құдықтарының қақпақтарын ұрлап кету деректері кездеседі. Одан бөлек, қала ішіндегі, Жем жағасындағы, демалыс орындарындағы тазалықтың жыры бір басқа. Бұл ретте жергілікті әкімдік тарапынан жаңа дүниелер салынғанымен, халық өзі күтіп ұстамаса болмайды.

Дегенмен, көпке топырақ шаша алмаймыз. Кешегі алапат су тасқыны көп жастарымызға ащы сабақ болғандай. Олар ауыл-ауылды тілсіз жаудан қорғау кезінде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» табиғи апатқа төтеп берді. Енді бүлінген Құлсарыны қалпына келтіруге күш салып жатыр.

Әрине, өңірді дамытуды көздеген өзге де жобалар жетерлік. Олардың жемісін уақыт көрсетеді. Ең бастысы – «Қазақ мұнайының туған жері», «Теңіз мұнайының астанасы» атанған аудан мен Құлсары қаласының өзі де, тұрғындары да мемлекет наза- рынан тыс қалып көрген емес.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT