Біздің ауданда автомобиль жолы өте үлкен маңызға ие. Мысалы, аэропорт жоқтығынан облыс орталығына баруға тура келеді. Ал, кейде әуе билеттерінің бағасы шарықтап кететіні де шындық. «Құлсары-Ақтөбе» арасында тұрғындар пойызбен немесе автомобильмен жолға шығады. Бұл маршрутта да Доссор арқылы өтуге тура келеді. Ал, соңғы уақыттардағы көптің көңіліне қуаныш ұялатқан жағымды жаңалықтың бірі «Мұқыр-Құлсары» тас жолының қолға алынуы.
Ол туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев:
-Транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстың бірі – қолданыстағы тас жолды орташа жөндеуден өткізу. «Махамбет-Х.Ерғалиев», «Мұқыр-Құлсары» жолын орташа жөндеу жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланып отыр,-деді өз сөзінде.
Бұл жоба сәтті аяқталатын болса, Құлсарыдан Ақтөбеге жол тартқан жолаушылар бірнеше сағатты үнемдейтін еді. Қазіргі әр сағат бағалы капиталистік қоғамда тұрғындар үшін тамаша жаңалық болды десем, артық айтқандық болмас. Одан бөлек «Атырау-Доссор» тасжолына да жөндеу жұмыстары жасалатынына бір марқайып қалдық. Ішкі туризм, қалалар арасындағы қарым-қатынаста тас жолдардың тақтайдай тегіс, әрі қауіпсіз болуы аса маңызға ие. Сондықтан, мұндай жобалар көптеп қолға алынар болса, ел экономикасына да оң серпін берері сөзсіз. Сапалы логистика – туризмді дамытудың алғышарты.
Сламғали Досқалиев,
Жем ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы