Жаралы жылдар жаңғырығы

Биылғы ақпанның 15-інде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толады.

10 жылға тарта уақытқа созылған соғысқа 22 мың қазақстандық қатысып, 761-і қаза тауып, 21 жауынгер із-түзсіз жоғалып кетті. Жалпы алғанда, бұрынғы Кеңес Одағынан болған адам шығыны 14453-ке жеткен. Сол дәуірдегі көзқараспен айтқанда, интернационалдық борышын өтеуге Атыраудан 782 жас аттанып, оның 13-і Отанына табытпен оралды. Жылыой өңірінен 46 жерлесіміз соғысып, 2-еуі оққа ұшты. Сондықтан Ауғанстанның қазақтың жүрегіне салған жарасы да жеңіл емес.

Жақында қаладағы Жылыой мұнай-газ және технологиялық колледжінде «Ел намысын ер қорғайды, ер ерлігін ел қолдайды» атты кеш болып өтті. Студент жастардың жүрегіне патриоттық сезім ұялатып, отаншылдық рухқа тәрбиелеуді мақсат тұтқан шараға Атырау қаласынан облыстық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Ғабиден Қайыржан бастаған бір топ Ауған соғысының ардагерлері келді. Шараға подполковник Сисен Қонаров бастаған аудан ардагерлері де атсалысты.

Кештің ашылу салтанатында сөз алған колледж директоры Марат Ибраев ардагерлерге «қош келдің» айтып, оқу ордасының қысқаша тарихымен таныстырып өтті. Қоғам төрағасы Ғ.Қайыржан Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр даланы найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған ата-баба қанымен дарыған батырлық, ерлік дәстүрі ешқашан үзілмегенін мақтанышпен айтты. Оған Ұлы Отан соғысы мен кешегі Ауған соғысы жылдарындағы ата-әкелеріміз бен аға буынның жүріп өткен жауынгерлік жолы куә. «Отан – отбасынан басталады» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отанға деген сүйіспеншілік әр перзенттің өскен ортасынан бастау алып, еліне, жеріне деген махаббатқа ұласады. Сондықтан жастар ата-анасын, бауырларын қалай сүйсе, Қазақстанды да солай қорғауы қажеттігін түсіндірді. Бұл ретте Ауғанстан жерінде ерен ерліктің үлгісін көрсеткен аты аңызға айналған «Қара майор» атанған Борис Керімбаевтың өмірі мен жауынгерлік жолынан өнеге алуға шақырды. Өкінішке орай, қазіргі кейбір ел ертеңінің бойынан біреудің қаңсығын таңсық көріп, шетелге еліктеу, теріс ағымның жетегінде кету секілді қазақ баласына жат жаман қасиеттердің бой көтергеніне қынжылыс білдірді. Оның арты ұлдарымызды әскерге бармай,Отан алдындағы азаматтық борышынан жалтару тәрізді теріс әрекеттерге ұрындыруда. Мұның барлығы ұлттық намыстың жоқтығынан туындап отыр. Ардагер азамат колледжде патриоттық клубтың жұмыс жасап тұрғанына ризашылығын білдіріп, осындай ұйымдардың жұмысын жандандыру керек деген ұсынысын жеткізді. Сөз соңында Ғ. Қайыржан колледжге Ауғанда қаза тапқан жауынгерлерге қойылған ескерткіштің эскизі мен энциклопедиялық кітапты табыс етіп, батасын берді.

Ауған соғысының ардагері, запастағы подполковник Сисен Қонаров 10 жылға созылған соғыстың салған жарасын тартып отырған замандастарының өмірінен сыр шертті. Соның бірі – доссорлық Есмұрат Иманғалиев. Әскери борышын жат жерде өтеген ол мәйітханада қызмет атқарды. Елге аман-есен оралғаннан кейін 21 жасында тістері түсіп, шашы ағарып кеткен. Ал Ақтөбе облысының Алға ауылында тұратын Бекбола Еленовті жерлесіміз өзі аяқтай іздеп барған. Соғыстан алған ауыр жарақаттың зардабынан қос жанары көрмейтін, бір аяғы жоқ ардагер азаматтың өмірге деген құштарлығы қайран қалдырады. Сексеннің сеңгіріне шыққан Сәкең колледж ұжымына ескерткіш ретінде Ауған соғысы мен оның сарбаздарының ерлігі хақында сыр шерткен кітаптарды сыйға тартты.

Запастағы офицер Камалбек Бектілеуов және басқалар өзінің жүріп өткен жауынгерлік жолы жайлы әңгімелеп, студенттердің қойған сауалдарына жауап берді. Жастардың ерлік турасындағы қойған сұрақтарына:

- Ерлік ол соғысқа соғыспен жауап беру емес. Ерлік, батырлық секілді қасиеттер тек қолма-қол ашық шайқаста ғана танылмайды. Ол бейбіт өмірде де көрінеді. Әлсізге көмектесу, қорғау, мәселен, студент өз білгенін қасындағы бір топта оқитын құрбы-құрдасына үйретіп, қол ұшын созса, ол да - ерлік. Терең білім алып, ғалым атанып, тың жаңалық ашып та ерлік жасауға болады. Қазақты әлемге танытқан Димаш Құдайбергеновтің ерен еңбегі де - ерлік. Ендеше, сіздерде бойдағы батырлық қасиетті танытатын мүмкіндік мол. Өйткені өмірлерің алда, болашақтарың жарқын,-деп тұжырымдады өз сөзін қоғам төрағасы Ғабиден Қайыржан.

Кешті Марат Оразұлы қорытындылап, барша ардагерлерге колледж атынан алғысхат табыс етті. Әсерлі кездесуді студенттер «Батырлар ұраны» әнімен айшықтап, «Еркесылқым» күйімен көркемдеді. Шара оқу ордасы ұстаздарының орындауындағы әйгілі «Атамекен» әнімен аяқталды.

Ербол Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521