Аудандық Жастар ресурстық орталығы тағы бір керемет шараның ұйтқысы болды. Бұл жолы Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Екі жұлдыз» ән байқауын ұйымдастырды. Дарынды жастарды анықтап, шығармашылық қолдау көрсетіп, әншілік қасиетін, өнерге деген құлшыныстарын арттырып, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткен байқау екі кезеңнен тұрды. Сайыс ережесіне сәйкес қатысушы жұптың біреуі әнші болса, енді бірі өзге саланың қызметкері болуы тиіс. Әр жұп өлеңді тек жанды дауыста шырқауы қажет.
Ән байқауына төрт жұп қатысып, патриоттық және еркін тақырыпта ән орындап, өзара бақ сынасты. Қатысушыларға ауданға белгілі, күміс көмей әншілер Дәмелі Сарова және Назгүл Жиенбаева, «Қазақстан дауысы» жобасының қатысушысы, белгілі әнші Азамат Төрехан қазылық етті. Төрешілер қатысушылардың киім кию үлгісіне, әртістік және әнді орындау шеберлігіне қарай бағалады.
Өнер додасында ерекше дауыс иелері Қайрат Үркенбаев пен Толғанай Бақыт І орынды жеңіп алса, Ғалиасқар Өтеуов пен Көрікті Сүйінғалиеваның жұбы ІІ орынға лайық деп танылды. Ал, Аймира Орынбасарова мен Данара Түсіпқалиеваның жұбы ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді. Жақсы өнер көрсеткен Нұрлыбек Амандықов пен Аружан Жүнісоваға Алғыс хат табысталды.
Ш.ХАМИТОВА