Жаназадағы аста-төк шашпалылықтан арылу қажет

Жиында жаназада қойылуға тиіс ас мәзірі бекітілді.

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінен бастау алған «Қаралы үйдегі ас мәзірі және жаназа рәсімдері» атты іс-шара жылыойлықтар арасында да қолдау тауыпты. Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, таяуда аудандық мешітте осы мәселеге орай алқалы жиын өтті. Оған Атырау қалалық «Құспан Молла» мешітінің бас имамы Э.Ғұмаров, аудан аумағында діни қызмет атқарып жүрген имам-молдалар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қажылар қауымдастық төрағасы, беделді ақсақалдар және зиялы қауым өкілдері қатысты.

- Жаназа намазы – пенденің дүниедегі тірі адамдардан талап етер соңғы ақысы. Қайтқан кісінің жаназасын шығару - мұсылмандар үшін парыз. Өліге құрмет көрсету, арулап аттандыру – шариғат талап еткен іс. Қазіргі қоғамда осы төңіректегі қозғалып жүрген ой-пікірлерді ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселенің жөн-жосығын көрсетіп, нақты пікір, бір пәтуаға келуді жөн санады,- деді Э. Ғұмаров.

Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің жергілікті БАҚ арқылы «Жаназа және жерлеу рәсімдері» туралы түсінік жүргізуі қажеттігі айтылды. Ұсыныс ақсақалдар тарапынан қолдау тапты. Жиында жаназада қойылуға тиіс ас мәзірі бекітілді. Ол енді аудан баспасөзі арқылы аудан жұртына кеңінен таратылып, насихатталуы керек. Осылайша,тағы бір жақсы бастама Жылыой жұртшылығына жол тартты.

Жиын соңында қатысушыларға «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап сыйға тартылды.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521