Өскелең ұрпақ үшін рухани кештер мен ұлттық құндылықтарға негізделген іс-шаралар – маңызды тәрбиелік құралдың бірі. Ол тек білім берумен шектелмей, ұрпақтың бойында мәдени таным мен саналы сезімнің қалыптасуына жол ашады. Әрбір бала ұлттық мәдениеттің қадірін түсініп, салт-дәстүрдің сырын сезінсе, бұл оның тұлға болып жетілуіне жасалған үлкен қадам. Сондықтан да мұндай игі істер ел болашағы үшін жасалған өлшеусіз еңбек десек, артық айтқандық емес.
Аудан көлемінде осындай тағылымды іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Соның жарқын үлгісінің бірі – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, мәдени тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттап жүрген аудандық орталық кітапхана ұжымының бастамалары. Жуырда ғана осы руханият ордасында парасат пен пайымға толы кезекті рухани кеш өткізілді.
«Жанарымның жарқылы» деп аталған портреттік кеш өлкеміздегі өлкетану әдебиеттерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған маңызды танымдық шара болды. Ол қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовтың 60 жылдығына орай өткізіліп, ақынның өмір жолы мен шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен насихаттауды көздеді.
Шараны оқырмандар қамту бөлімінің кітапханашысы Айсана Жаңбырбаева жүргізіп, бард ақынның шығармашылығына тереңірек тоқталып, тың деректер мен мазмұнды мәліметтер ұсынды. Жастар ресурстық орталығының маманы Зарина Аманова Т.Досымовтың «Қазақ едім дегенше» өлеңін мәнерлеп оқыса, Махамбет Асанов «Желтоқсандағы жыр», Нұрайым Батыр «Табылдың әні» атты туындыларын көркем жеткізіп, жыр кешінің мазмұнын аша түсті. Ақынның жүрекке жылы, елге деген сағынышқа толы «Дендерім – байтақ мекенім» атты әнін кітапхана оқырманы Қожахмет Сенғалиев орындады. Ал ауданымызға танымал жас музыкант Қайырхан Болатбекұлы «Жалған дүние», «Ұнатамын мен сені» және әйгілі «Сәйгүлік» әндерін гитараның сүйемелдеуімен шырқады. Оның орындауындағы әндер кешке ерекше әсер беріп, тыңдарманның көңіл көкжиегін бір кеңейтіп тастады.
Т.Досымовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітап көрмесімен оқырманға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Жадыра Амирбаева таныстырды. Осылайша шараның мазмұны ерекше өрбіді. Әсіресе, тағылымды туындылармен толықтырылған кітап көрмесі оқырманға мол рухани әсер сыйлады. Осы тұста біз шараның өту барысы мен кітап көрмесі туралы нақты пікірін білу мақсатында кітапханашы Ж.Амирбаеваны сөзге тартқан едік:
- Иә, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовқа арналған «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітап көрмесіне ақынның үш кітабы қойылды. Соның бірі – «Самала саздар сағымы» атты жинақ. Бұл кітапта ақынның өмірбаяны, естеліктер мен әндері қамтылған. Екіншісі – «Ұнатамын мен сені» атты ән жинағы. Мұнда махаббат, сағыныш пен арманға толы лирикалық әндері мен олардың ноталары топтастырылған. Ал үшінші кітап - «Жайықтың толқындары». Оған Табылды ағамыздың сырлы саздары енген. Кеш соңында шараға белсене қатысқан өнерпаздарға алғыс ретінде естелік кітаптарды тарту еттік,-деді.
Иә, расында осындай тағылымы мол шаралар жас ұрпақтың жүрегіне ұлттық рух пен әдебиетке деген сүйіспеншілікті дарытатын рухани көпір. Бұл ретте аудандық орталық кітапхананың бастамасымен ұйымдастырылған бұл кеш - туған елдің талантты перзенттерін дәріптеу арқылы жас буынды мәдени мұрамен таныстырудың жарқын үлгісі бола алады деп білеміз.
Ә.ҒАЛЫМЖАН