Өткен аптадан бастап әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджерлерінде, бұқаралық ақпарат құралдарының сайттарында Құлсары қаласындағы жарылыс болған «Ниет» газ құю станциясының тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс жасағандығы туралы ақпарат тарады. Бұл ақпарат көздері облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтің мәлімдемесіне сүйенген.
Әрине, бұл мәселеге орай «Кең Жылой» газетінің тілшісі «Ниет» ЖШС-нің аудандағы басшысы Ләззат Қуатбаеваға хабарласып, мән-жайды білмек болды. Ол өз кезегінде тексеріп, тергеу жұмыстары толыққанды аяқталмағанын, «Ниет» осыған дейін бірнеше ондаған жыл жұмыс жасап келген нысан болуына байланысты бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ал Сырым Бисенбайұлы станцияның бекітілген жобасы болмағанын, нысанның құрылысы мен іске қосылуы төтенше жағдайлар департаментімен келісілмегенін хабарлады. Бұл ретте өрттің шығу себептерін анықтау үшін тергеу жұмыстары бір ай уақытқа, керек болса ұзартылатыны да белгілі болды.
-Бұл – Қазақстан Республикасы «Азаматтық қорғау туралы» заңының 78-бабының талаптарын бұзу болып есептеледі. Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты міндетті талаптар да сақталмаған,-деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Ал облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен өткен жиында Сырым Жаймағамбетов өртенген бекеттің жобалау құжаттарынсыз жұмыс істегенін тағы бір қаперге беріп, «Азаматтық қорғау туралы» заңының 77-бабына сәйкес департаментке тіркелмегенін хабарлады. «Мұны мамандар станцияның тұрғын үй секторына жақын орналасуымен байланыстырып отыр» - деді. Осы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Талапұлының төрағалығымен өткен жиында «Ниеттегі» жарылыстан кейін облыс аумағындағы барлық автогаз және жанар-жағармай құю бекеттерінің тексерілетіні белгілі болды. Онда қала және аудан әкімдіктеріне өз аумақтарында орналасқан станциялардың тізімін жасақтау, олардың орналасқан жері және қауіпсіздігі жөнінде тексеріс жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
-Адам өміріне қауіп төндіріп тұрған нысандарды анықтап, ұсыныстарды әзірлеп, соның аясында жұмыс істеу – жергілікті атқарушы орган мен төтенше жағдай департаментінің алдында тұрған міндеттің бірі. Жалпы тексеріс жұмыстарын жергілікті атқарушы орган төтенше және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізуі керек. Барлығы заң талаптарына сай атқарылады. Қала және аудан әкімдіктері тек газ құю бекетін емес, жанар-жағар май құятын объектілердің барлығын тексеруі тиіс. Қала бойынша бекеттердің қай жерде орналасқаны туралы негізгі тізім бар. Бізге қазір адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған нысандарды анықтап, комиссиямен аумақтарды қарап, ұсыныс енгізу қажет, - деді Қ.Нұртаев.
Иә, бүгінде Құлсары қаласы «Ниет» жанар-жағармай құю бекетінде болған өрттің себебін анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс істеуде. Ол оқиғаның себебін бір айда анықтай ма, әлде одан да ұзақ мерзім қажет бола ма, оны уақыт көрсетер. Дегенмен, жарылыстан зардап шеккен тұрғындар кінәлі мекемеден өтемақысын талап етіп отыр. Оны «Кең Жылой» газетінің тілшісі тұрғындармен кездескенде мәлім етті. Соның бірі – «Ниеттің» іргесіндегі зардап шеккен «Дельфин» бассейнінің қызметкерлері. Онда ғимаратпен бірге автокөліктер де отқа оранды. Абырой болғанда, дәл сол күні бассейнде көп бала болмай Құдай сақтаған. Бұдан басқа автогаз құю бекетіне жақын маңда орналасқан үйлер мен сол жерде жүрген өзге де денесін күйік шалып, аурухана төсегіне таңылған адамдар да бар. Міне, осы тұрғындардың барлығы өздерінің денсаулығы мен тұрғын үйі, қызметтік ғимараты, автокөліктері мен басқа да мүліктері үшін өтемақы талап ететіні анық. Оның барлығын кім, қалай, қашан төлейді, әзірге ол жағы белгісіз?
Жалпы Атырау аймағында 125 жанар-жағармай құю бекеті жұмыс жасайды. Бұдан бөлек автогаз сататын 101 бекет бар екен. Олардың 56-сы Атырау қаласында орналасса, қалған 45 станция аудандарға тиесілі көрінеді. Олардың барлығы бірдей жоғарыда айтылғандай, тиісті заңдылық талап нормаларын сақтап тұр ма? Көп алысқа бармай-ақ, Құлсары қаласының ішінде орналасқан автогаз, жанар-жағармай құю бекеттерінің барлығы бірдей қауіпсіздік ережелеріне сай ма? Негізінен, олардың тұрғын үйлерге жақын орналасуы дұрыс па? Міне, көкейдегі осындай көп сауалдар аудан жұртшылығын мазалайтыны анық!
Е.ҚОШАҚАНОВ