Білім күніне орай №5 Абай атындағы орта мектептің жаңадан бой көтерген қос қабатты оқу ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Таңертеңгі сағат 8-ден бастап білім ордасына қарай ағылған оқушылардың жүздері бал-бұл жанады. Расында да олар үшін бүгін ерекше қуанышты күн. Өйткені бүгіннен бастап жаңа мектеп қабырғасында білім алмақ. Түрлі шарлармен, гүлдермен безендірілген ғимарат алдында балалар ұстаздарына гүл шоғын ұсынып, қуана қауышып жатты.
Шараға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов, аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев пен бөлім басшылары, ардагер ұстаздар мен мұғалімдер, оқушылар қатысты. Алдымен аудан басшысы баршаны жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Есігін айқара ашқалы тұрған мектептің талай балаға білім нәрін төгетін мықты білім ордасы болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ сөз кезегін алған Нұрберген Құсайынов, облыстық білім беру басқармасының өкілі Гүлмира Тәжиева, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Арман Нәсіпкереевтер балаларды озат әрі үлгілі оқушылардың қатарынан болуға шақырды. Бұдан соң мектеп табалдырығын аттаған 1 сынып оқушылары мәнерлеп өлең оқып, оларға «ПСКЭВЕРСТ» ЖШСнің арнайы дайындаған мектеп құралдарын «ТаразҚұрылысИнвест» мекемесінің өкілі Даниел Жұмашев табыс етті.
Бір кезде оқушылар сағына күткен қоңырау үні де естілді. Ортаға осы мектептің оқушылары Баянсұлу Көбей, Ернұр Тарабай, Айбибі Табыл шығып, жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соқты. Д.Жұмашев №5 Абай атындағы орта мектептің директоры Ұлжан Жаймұхановаға жаңа мектептің символикалық кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Бұдан соң аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы мен ардагер ұстаз Нұрдәулет Ақназаров ғимараттың лентасын қиып, мектептің ішін аралап көрді. Төрт блоктан тұратын білім беру нысаны заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Онда 13 оқу кабинеті бар. Оқу кабинеттерінде оқушы парталары, шкафтар орналастырылған. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана арнайы құрылғылармен жабдықталған. 2 лингафон кабинеті және 4 мультимедия кабинеті, 100 орындық асхана мен гардероб бар. Сыртқы киім шешетін орын жоғары сынып оқушылары мен бастауышта білім алатын балаларға бөлекбөлек орналастырылған. Әр блокта әжетханалар бар. 100 орындық акт залында киім ауыстыратын жеке бөлмесі мен үлкен лэд экраны қойылған. Кең спортзалында киім ауыстыратын шағын гардеробымен қатар, жуынатын бөлмелер де қарастырылған.
Аудан басшысы парталарына алғаш жайғасқан 1 сынып оқушыларына арнайы барып, Әліппе кітаптарын беріп, ақ тілегін айтты. Айта кету керек, биыл №5 Абай атындағы орта мектепке 570 оқушы барса, соның 68-і – 1-сынып оқушылары.
П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ