Жалпыға бірдей декларациялау – заман талабы

Жалпыға бірдей декларациялау – заман талабы
Фото: П.Қизатова

Қазақстандықтар жалпыға бірдей декларациялауға 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшеді. 2021 жылы басталған міндеттеменің үшінші кезеңі басталады. Заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары белгіленген тәртіп бойынша өздері жайлы толық мәліметті ұсынулары тиіс. Ол қалай жүзеге асырылады және мақсаты не? Осы сауалдарға Жылыой ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Жұмабаев жауап берді.

-Алдымен, жалпыға бірдей декларациялау туралы түсіндіріңізші.

-Мемлекеттің басым міндеттерінің бірі салық салуды нақты және сауатты басқару болып табылады, өйткені бұл процестің ұйымдастырылу деңгейіне елдің салық саясатының тиімділігі байланысты. Салық салу - мемлекеттің ең көне функциясы және экономикалық және әлеуметтік даму жолындағы қоғам дамуының негізгі шарттарының бірі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көлеңкелі экономиканың мөлшерін азайту мақсатында жеке тұлғалардың табыстарына салық салуды толық көлемде әкімшілендіру міндетін шешудің маңызды шарты халықтың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау болып табылады.

-Жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты қандай?

- Көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады.

-Декларациялау неше кезеңнен тұрады?

-2021 жылдан бастап азаматтар жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен өтеді. Мемлекеттік органның мәліметінше, бірінші кезеңде декларацияны мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары тапсырды. Екінші кезең 2023 жылы басталып, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет, спорт саласы, және олардың жұбайлары, сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілері және ұлттық компаниялардың қызметкерлері және олардың жұбайлары тапсырды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары, басшылары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары) және жеке кәсіпкерлер «Активтер мен міндеттемелер туралы декларация» (250.00-нысан) тапсыруға міндетті. 3 кезең шеңберінде декларацияны ұсыну жөніндегі талап уақытша тоқтатылған және әрекетсіз дара кәсіпкерлерге де, заңды тұлғалардың басшыларына да қолданылады. 2025 жылы қалған санаттағы азаматтар тапсырады.

-Жалпыға бірдей декларациялау кезінде жеке тұлғалар декларациялардың қандай нысандарын тапсыруы тиіс?

-Декларациялау жүйесіне кірген кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылады (250.00-нысан). Кейіннен халық жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыратын болады (270.00-нысан).

-Декларацияны ұсыну мерзімі туралы айтсаңыз.

-Декларацияны тұрғылықты жері бойынша ұсынады. Яғни, қағаз түрінде ұсынылған жағдайда - декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындаған ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмеуі керек. Ал электрондық түрде ұсынатын болса, осы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмейді.

-Декларацияны ұсыну тәсілдері қандай?

-Электрондық түрде - "салық төлеуші кабинеті" Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы арқылы (cabinet.salyk.kz), "электрондық үкіметтің" порталы (egov.kz), сондай-ақ, e-salyq azamat мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Ал қағаз жүзінде тапсырса, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына бару арқылы, сондай-ақ почта арқылы да ұсынады.

-Декларацияны табыстамаған жағдайда қандай шара қолданылады?

-Әкімшілік құқық бұұзушылық туралы Заңның 272-бабына сәйкес, алғашында ескерту беріледі. Бір жыл ішінде қайталанған сол іс-әрекет 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

-Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен: Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT