Қазіргі таңда шыққан жалғыздықтың бір түрі – ол онлайн өмір. Яғни отбасында қанша адам, сонша адамның жеке-жеке визуалды ғұмыр кешуі. Оған себепкер – қолымыздағы ұрлықшы телефон, смартфон, ғаламтор, интернет. Бір-бірімен, мейлі отбасындағы жанұя мүшелері, мейлі ағайын арасы, мейлі аға мен іні болсын, мейлі әке мен баланың, мейлі күйеуі мен әйелінің арасы болсын, жүзбе-жүз сөйлесу, қоян-қолтық араласу, мәміле жасасу, екеуара әңгімелесу, отырып диалог құру мүлдем қалып барады.
«НИЕТ, ИМАН, ДҰҒА, САЛАУАТ..!»
Ал, бұдан басқа рухани даму үстіндегі оқшаулану немесе оңашалануды жалғыздық дей алмаймыз, мұны даралық дегеніміз дұрыс шығар. Яғни бұл – адамның рухани тереңдігіне қажетті оқшаулық. Бұған көбіне әулие, ойшыл, ғалым, философ және т.с.с. адамдар жатады. Мұндай жандар жалғыздықты қолданады яғни нәпсіні тыюға, өз-өзін зерттеуге, жетілдіруге, рухани тазалыққа, ізденіске, шабытқа жұмсайды. Бірақ, бұл адамдар ортадан, қоғамнан, халықтан бетін бұрмайды.
Ендеше, жалғыздықты немен толтырамыз? Бұл жазадан өзімізді қалай алып шығамыз? Рухани жалғызсырап жүрген жандарға берер ақылым:
Біріншіден, жалғыздықты оңашалануға айырбаста. Өзіңді тыңда, зертте, не ұнайды, ұнамайды, ойлан, мақсат қой, жаңа дүние ойлап тап, өзіңді ойша дамыт, таныт, көрсет, тырмыс, талпын. Бір сөзбен айтқанда, өзіңді жақсы кезеңге дайында, жар таба алмай жүрсең, өзіңді жақсы адаммен кезігуге даярла! Әлбетте, «Жүгірген алады ма, бұйырған алады ма?» демекші, алдыңнан бір есік жабылса, қайырлы бір есіктің ашылатынына сен! Ең жақсысы соңында беріледі. Мына бір қарапайым сөзге құлақ түр: «Жалғыздың жары – Құдай!». Мұндайда сені құтқаратын ниет, иман, дұға, зікір, салауат, намаз!
Екіншіден, мейлі қандай адам бол, мейлі үйленген, үйленбеген, ажырасқан, ажыраспаған, ер немесе әйел бол, рухани жалғызсың ба – еш уайымдама! Өйткені, сенде еркіндік бар. Айналаңда ешкім жоқ па? Түк те емес! Керісінше еркін ойлана біл, өзіңнен ләззат ал, «жалғызбын!» дегенді санадан шығар! Түсінемін, қиын, бірақ күресе біл, сен күрескер болып жаралғансың! Күшіңді сына, сен мықтысың! Жығылдың ба, қайта тұр! Сүріндің бе, ештеңе етпейді! Бәрі де арманнан басталады! Қалай армандасаң да, алдағы бақытыңды арманда, жалғыздықта қалма және біреуді жалғыздықта қалдырма! Алдыңнан сәттілік күтсін!
«ЕРКЕКТІ ТӨРГЕ ДЕ, КӨРГЕ ДЕ СҮЙРЕЙТІН – ӘЙЕЛ»
Жуырда желіден бір апайдың ащы дауысы құлағыма жетті: «Сендер, мына ажырасқан әйелдер – қоғамның сорысыңдар. Біз жек көреміз сендейлерді, өз басым ажырасқан әйелдерді жек көремін, отырғым келмейді олардың қасында. Мен сияқты миллиондаған әйелдер бар отбасын ұстап отырған, бірақ ажырасқан әйелдермен бір дастархан басында отырғым келмейді!» Тап осылай айтты, сөзбе-сөз жеткізіп отырмын.
Мүмкін эмоцияға берілді, мүмкін ажырасқан әйелдерге деген реніші бар, бірақ, осы ащы сөзімен көптің көңілін толқытып, көп жараның аузын ашып жіберді. Мейлі ажырасқандардың жанына отырмаса отырмай кетсін, жек көрсе, көре берсін. Бірақ, біреу біреудің бағы болмаса, ешкім ешкімнің соры емес! Құдай екі адамды бекерден бекер қоспаса, адамды бір-бірімен ажырастырмайды! Мұны қазақта жазмыш, яғни бүгін қуантып, ертең жылататын алмағайып тағдыр дейді. Сондықтан, тағдырға келгенде беталды ой түю мен сөйлеудің өзі қорқынышты.
«Әркімнің тағдыры өз қолында» деп жатамыз, бірақ біреу тағдырын қолына ерте алады, біреу кеш алады, қайдан білеміз, мүмкін қолында емес шығар, кім бұған таласа алады? Қоғамды бұлай жік-жікке бөлуге ешкімге құқық берілмеген. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмірде кім сүрінбейді, кім құламайды, кім жығылмайды? Мүмкін арасында бірен-саран ақылы қысқа әйелдер бар шығар. Бірақ, қазақтың қыз-келіншектері мен әйелдері шетінен иманды, ибалы, сабырлы, мейірімді, парасатты, ақылды, сауатты, заманауи, үлкенді сыйлай білетін, кішіні қорғай білетін, шаруаға пысық, тағдырға көнбіс, туысқа шыдамды, енеге төзімді, күйеуге барын, балаға жанын беруге даяр тұратын батыр аналар дей аламын. Мұны аталарымыз «Еркекті төрге де, көрге де сүйрейтін – әйел» деп түйіндеп қойған. Сондықтан, біздің қазіргі дәстүрлі қоғамды көріктендіріп тұрған қазақтың әйелдері болмаса, бұзып тұрған олар емес.
"Мақаланың жалғасын "Кең Жылой" басылымынан оқи аласыз.
Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ
«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, дінтанушы