Қала мектептерінің бірінде жарылғыш зат бар деп, халық арасында дүрбелең тудырған жалған хабарлама көп ұзамай полиция қызметкерлерімен әшкере болды. Оқиға 9- желтоқсан күні орын алған еді. 112 арнасына белгісіз азамат қоңырау шалып, қала орталығындағы мектептердің бірінде жарылғыш заттың бар екендігі туралы хабарлаған.
Бұл факт ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар) бойынша тіркелген. Оқиға орнына полиция және арнаулы қызмет қызметкерлері барып, дереу тексеру жұмыстарын жүргізді. Хабарлама расталмады. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Жалған хабарлама таратқан азамат полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Мас күйде жалған хабарлаған қаланың 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті кінәсін толық мойындап, ішімдік әсерінен осы құқық бұзушылықты жасағанын айтты.
Дегенмен мұндай халық арасындағы тудырған резонансты хабарлама кешірілмейді. Ата-аналар уайымы, оқушылар мен мұғалімдерге төнген қауіп заң бойынша үлкен жауапкершілік арқалауға алып келеді. Анықталып, ұсталған тұрғынға қатысты ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Енді оны 5 мың АЕК-ке дейін айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
Полиция көрінеу жалған жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделетінін және келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеті жүктелетінін еске салады. Азаматтардан барлық жағдайда жауапкершілік танытуды сұрайды. Себебі осындай жалған қоңыраулар мен хабарламалар айналадағы адамдарға қауіп төндіретінін ескертеді.
А.Талапкер



