Жақында қаладағы №18 М.Сатыбалдиев атындағы орта мектепте білім алатын көпбалалы әрі аз қамтылған, жартылай және толық жетім 10 отбасының балаларына жомарт жүректі «Ә.Қалдыбаев» жеке кәсіпкерлігінің басшысы тағы да қол ұшын созды. Бұл жолы жайсаң жанның қолдауымен бүлдіршіндерге 355 мың теңгенің қысқы курткасы мен аяқ киімі, бас киім, классикалық шалбар, спорттық шалбар және шұлықтар секілді киімдерден жиынтық етіп жасалған сыйлықтар табыстады.
Бұл аталған оқу ордасында ұйымдастырылған кайырымдылық акциясында жүзеге асты. Оған аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Нұрмаханова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы М.Әбдіғалиева, облыстық Ішкі саясат басқармасы Қоғамдық келісімнің аудандағы сарапшысы А.Сыдықова, осы мектептің әлеуметтік педагогы, ата-аналары мен оқушылары қатысты.
Іс-шарада аналар кеңесінің төрайымы М. Әбдіғалиева, кеңес мүшесі М.Алғазиева және сарапшы А.Сыдықова бүлдіршіндерге жаңа жылға арналған тәттілер үлестірді.
Ұйымдастырушылар балаларға демеуші атынан сый-сияпатын тапсырып, оқушыларға жүрекжарды ақ тілегін ақтарып, болашағына сәттілік тіледі. Ата-аналар мен оқушылар да кәсіпкерге өз алғысын жаудырып, ризашылығын білдірді.
Дана халқымызда «Ішкен-жеген кешке жетпес, ықылас-ниет естен кетпес» деген нақылды сөз бар. Бұл жерде мәселе бергенде емес, кәсіпкердің жүрегіндегі балаларға деген мейірімінде жатқаны анық. Адамдардың барлығы «Ә.Қалдыбаевтай» болса, онда жер бетінде мұқтаж балалар да болмас па еді?!
Өз тілшімізден