Жайма базарды жайлаған синтетикалық киімдер

Ауданымызда ең көп тараған аурулардың қатарына түрлі тері аурулары мен аллергиялық аурулар, демікпе де жатады.

Ауданымызда ең көп тараған аурулардың қатарына түрлі тері аурулары мен аллергиялық аурулар, демікпе де жатады. Жаз айларында тыныс жолдары аллергиясымен науқастанатындардың көптігін көріп, жүрегіңіз ауырады. Аудандық емханаға бара қалсаңыз, осы сырқаттарды емдейтін дәрігердің кабинетінің алдында топырлап тұрған өшіреттің қарасы мол. Неліктен? Не себепті? Осы мақаламызда осы түйіні мол мәселені тарқатып көруге тырыстық.

Таза табиғи тағамдар мен табиғи маталардан тігілген киімдерді ғана тұтынған баяғы замандарда адамдар аллергия дегеннің не екенін де білмеген, мүлдем ауырмаған екен. Үлкенді де, кішіні де азапқа салатын осынау дерт химия өндірісіндегі жаңа технологиялар дамуымен қоса қабат ғасыр табалдырығын аттады.

Бір танысымыз антибиотиктік препараттың кесірінен жедел аллергиялық дерматитпен науқастанды. Үстін бөртпелер қаптап, денесі ісініп, ауыр халде «Жедел жәрдем» шақыртты. Дерматолог дәрігер науқасты емдеген соң, оған бұдан былай тек қана таза маталардан тігілген киім киюі керектігін айтады. Сөйтсе танысымның киім шкафы тола синтетикалық маталардан тігілген киімдер екен. Бұған дейін ол киімдерінің нендей материалдан тігілгеніне де мән бермепті. Содан орталық базарға барып, табиғи мақта матасынан тігілген киім іздеп шарламаған бутигі, бармаған жері қалмайды. «Табиғи матадан тігілген киім жоқ», сатушылар алақан жаяды. Әйтеуір, әупіріммен зорға дегенде бір бутиктен 100 пайыз мақта жібінен тігілді-ау деген жейде сатып алады. Колготки іздесе, ол да өңкей жасанды маталардан тоқылған, әрең дегенде 75 пайызы мақтадан, қалғаны полиэстер деген жасанды жіптерден дайындалған біреуін алып, әбден шаршап үйіне оралады. Әбден шаршап, ренжіген ол «Құлсары базарында, сауда орындарында көбіне синтетикалық киімдер сатылады екен ғой» деп мұңын шақты маған.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін табиғи таза мата мен жасанды синтетикалық маталардың айырмасы, пайдасы мен зияны, түрлері, өндірісі, шығу тарихы туралы айта кетейік.

Табиғи маталар кәдімгі алқапта өсірілетін ақ мақтадан, сондай-ақ жібек құрты арқылы өндірілетін жібектен, жылы киімдер мал жүнінен дайындалады. Олар (жібектен) атлас, дюпон, шифон, креп, жібек, фуляр , (мақтадан) шыт, бязь, вельвет, велюр, деним, джинса, жаккард, сатин, интерлок, кулирка, ластик, пенье, (таза жүннен) войлок, ватин, габардин, бостон, букле, драп, кашемир, сукно, твид, фетр, фильц, шевиот, (кенептен) льен, бортовка, мешковина, виссон деп аталады.Табиғи маталар ауаны жақсы өткізеді, терінің тыныс алуына кедергі жасамайды, ылғалды жақсы сіңіреді, ең бастысы, аллергиялық аурулар тудырмайды, экологиялық жағынан өте таза және оларды тек табиғи бояулармен бояйды. Кемшілігі: тез қыртыстанады, жуғанда отырады, тез тозады.

Енді жасанды маталар туралы айтар болсақ, өндірушілер оның пайдасын қанша әспеттеп жарнамаласа да, ғалымдар бір ауыздан оның зияны мол екенін мойындайды. 1932 жылы Германияда бірінші рет поливинилхлоридты синтетикалық талшықтар шығарылып, патенттелді. 1935 жылы «DuPont» американдық компаниясының зертханасында полиамид синтезделді. Бұл материал "нейлон" деген атқа ие болды. 1938 жылы өндіріске енгізілгеннен кейін,бір жыл өтпей-ақ тоқыма өндірісінде кең қолданыла бастады. КСРО-да химия ғылымының бұл жетістігі 60 жылдардан бастап кеңінен қолданысқа ене бастады. Осылайша синтетикалық маталар дүкен сөрелерін жаулай бастады.

Синтетикалық маталардың түрлері және оның зияны

Жасанды маталар мұнай мен табиғи газ және тас көмірден бөлінетін этилен,бензол және фенолды синтездеу әдісі бойынша дайындалады. Біріншіден , синтетикалық мата қыста салқын, ал жазда ыстық тартады. Өйткені адам терісінен бөлінген ылғалды сіңірмейді, ауа өткізбейді. Екіншіден, синтетикалық мата электрленеді, ал бұл терінің жүйке талшықтарына әсер етіп, қан тамырларының ырғағын бұзатындықтан адамның ашушаң, күйгелек болуына әкеп соғады. Гардеробында синтетикалық киімдері мол адамдардың түнде ұйықтай алмай, жаман түстер көретіні, тез шаршайтыны, агрессияға бейім болатыны ғылымда дәлелденген. Синтетикалық жіптерден жасалған мата, төсек жаймалары адамның қалыпты жылу алмасуын бұзады. Жасанды маталар ылғалды сіңірмейтіндіктен және ауа өткізбейтіндіктен олардан жағымсыз иістер шығады. Синтетикалық маталардың ең басты және ең қорқынышты зияндылығы: оның құрамындағы химиялық заттар. Бұл ұшпалы улы заттар киімді жуғанда, үтіктегенде жоғалмайды, онда мәңгі бақи сақталады. Күн сайын сіздің денеңіз химиялық қоспалардың құшағында болады, ол аздай, ол қоспалар сіздің тыныс жолдарыңызға да енеді және теріңізге сіңеді. Матасындағы химиялық талшықтардағы улы, ұшпалы заттар киімді үтіктеген сайын сыртқа бөлінеді. Ал енді осындай синтетикалық киімді терісі нәзік балалар кисе, не болмақ?

Аллергиямен, тері ауруларымен, экзема және псориазбен ауыратындарға синтетикалық киімдерді мүлдем киюге болмайды. Ал осынау сапасы төмен материалдар сау адамның өзін де дерматит ауруына ұшыратады. Біздің жайма базарларда көптеп сатылатын синтетикалық төсек жаймалары мен төсек қаптарында теміреткі микроорганизмдерінің концентрациялары болады екен.

Синтетикалық көпшіктерде қауырсын көпшіктерге қарағанда теміреткі қоздырғыштары 2-3 есе жоғары болады. Демікпе, аллергиялық аурумен ауыратындарға мұндай жаймалар , жастықтар өте қауіпті. Синтетикалық маталар арзан болғандықтан одан жалтырағы мол, қызылды-жасылды, «соңғы сәндегі» киімдер көбірек тігіледі. Көз жауын алатын , бояуы қанық кешкі көйлекке қызықпайтын әйел бар ма? Ендеше, синтетика аз шығынмен көп пайда табуды көздейтін нарықта салтанат құруда. Алайда матасы арзан болғанмен, тап соларды біздің базарлардан әне бір арзанға сатып та ала алмайсыз. Мәселен, етегі шұбалған бір кешкі көйлек ең арзан дегенде 30-40 мың тұрады. Бұл – қарапайым отбасының бір айлық жалақысының тең жарымы. Ал қазір не көп-той көп! Сол толып жатқан тойлардың бәріне бір көйлекпен баруды ұят санайды біздің арулар. Сэлфилетіп, сонсын оны инстаграммға жүктегенде бір көйлекпен түсе беру «позор» деп есептейді. Бірде бір бутиктен әдемі жейде сатып алдым. Сатушы «Түркиядан әкелінген» деп мақтай отырып, қомақты бағаға сатты. Бір-екі рет киген соң денем қышып,қызарып, қолдарым дуылдайтынды шығарды. Табиғи матадан тігілмеген киім кисем, аллергиям ұстай бастайтындықтан «Түркиядан әкелінген» әлгі мақтауын асырған жейденің табиғи жібектен емес, кәдімгі синтетикадан жасалғанын бірден білдім. Міне, жайма базарды жайлаған, дүкен сөрелерін жаулаған сырты жалтыраған, сапасы қалтыраған синтетикалық тауарлардың пайдасы. Киімнен басқа жасанды тамақтар мен тұтыну заттары, жасанды сусындар мен бояулар – өз алдына бір төбе. Ауданымызда аллергиялық аурулардың соншалықты көптігінің себебі енді түсінікті болар.

 

С.Тәжіқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521