Жайбарақаттылық жарға жықты

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңының 10-3-бабының 1-бөлігінің талабына сәйкес кез келген меншік иесі өзінің қарауындағы террористік тұрғыдан осал саналатын нысандарын лаңкестік әрекеттен қорғау үшін оның алдын алуға, тиісті деңгейде қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.

Атап айтқанда, нысандарға қойылатын талаптарға сәйкес оларды қазіргі заманғы инженерлік-техникалық күзет жабдықтарымен жарақтандыруға, терроризмге қарсы қорғалу паспортын әзірлеуге, қызметкерлерін үй-жайларды қарап, тексеру техникасына үйретуге, жарғыш құрылғылардың орнатылуы мүмкін орындарды анықтау мақсатында алдын алу және оқу-жаттығу шараларын өткізуге, орын алған террорлық акт зардабынан туындайтын техногендік сипаттағы қатерлерді жою бағытында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен іс-қимыл әрекеттерін жоспарлап, пысықтауға, объектінің ақпараттық желілерін қорғау, ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға міндетті. Өкінішке орай, аудандағы кейбір мекеме-кәсіпорын жетекшілері бұл жауапкершілікті жете сезінбей отыр. Соның кесірінен тиісті заң талаптарының бұзылып жататыны жасырын емес.

Таяуда құқық қорғау органы қызметкерлері террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы бойынша №104 санды актіге сәйкес Теңіз кенішінде орналасқан бір серіктестікті тексерген кезде көптеген кемшіліктерді анықтады. Дәлірек айтқанда, бейнебақылау қондырғысының ақпаратты бар болғаны 7 тәулікке дейін сақтайтындығы, олардың сертификаттарының жоқтығы, оның үстіне бақылау-өткізу пунктінде камераның мүлдем орнатылмағаны белгілі болды. Ол аздай, түнгі мезгілде электр жарығы түскен жерлерге бейнебақылау камераларының «көзі» жетпейтін болып шықты. Бұл жерде мердігер мекеме заң тілімен айтқанда, «террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы мен оған қарсы іс-қимыл туралы заңнамада көзделген талаптарды сақтау жөніндегі нұсқаманы» орындамаған. Сондықтан арнайы акт жасақталып, кемшілікті жою үшін жауапты маманға бір ай уақыт берілді.

Әрине, кемшілік өз алдына. Бұл жерде заң бұзушылық орын алғаны анық. Сондықтан мәселе сотта қаралып, мекеме өкілі жауапқа тартылды. Ол өз кінәсін толық мойындап, жауап берді. Сотта Атырау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 10 сәуірдегі Қаулысына сәйкес аталған мердігер мекеме аймақтағы террористік тұрғыдан осал нысандардың тізіміне енгізілгендігі белгілі болды.

Сол себепті мекеме тарапынан жіберілген құқық бұзушылық әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 149-бабының 1-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп табылды. Өйткені ол «террористік тұрғыдан осал объектісі бола тұра оның лаңкестікке қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауіпсіздігін тиісті деңгейде сақтау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған».

Сотта серіктестіктің кінәсі толықтай өз дәлелін тапты. Әрине, бір ай ішінде барлық кемшіліктің орны толтырылып, құқық бұзушылық қалпына келтірілді. Бірақ ол заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайтыны анық. Сондықтан мекеме жоғарыдағы баппен кінәлі деп танылып, оған 841750 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Осылайша лаңкестіктің алдын алуға асықпай, жайбарақат жүрген серіктестік басшылығы заң алдында жауапқа тартылып, тиісті жазасын алды.

А.Асалов,

аудандық соттың судьясы,

Е.Бисекенұлы,

өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521