Аудан аумағында осыдан бірнеше күн бұрын жауған толассыз нөсерлі жаңбыр жергілікті тұрғындарды әбден әбігерге түсіріп жібергені рас. Бірі әлеуметтік желіні шулатып, қала басшыларынан көмек сұраса, бірі ет жақын адамдардың үйлерін паналап кетті. Әрине, бұл тұста әкімдік те қол қусырып қарап отырмады. Көмекке мұқтаж көп балалы және жалғызбасты аналарға, сондай-ақ су ортасында қалған жеке үйлерге су соратын вакуум көліктерін жіберіп, күні-түні дамыл таппай, бұл мәселені халықпен бірге еңсере білді.
Көп қабатты үйдегі көп мәселе
Өткен демалыс күні көп қабатты тұрғын үй иелерінің де мазасы қашты. Себебі шатыры жоқ пәтердің төбесінен шелектеп аққан сары су жоғарғы қабаттан бірінші қабатқа дейін жетіп, баспана иелерін бір күн ішінде тентіретіп жіберген. Соның бірі - Жангүл Дүйсешова. Жексенбіде жауған жаңбырда бала-шағасы мен киім-кешегін жинап, Жаңа Қаратон кентіндегі тумасының үйіне кеткен ол бұл күні қалай қиналғанын жасырмады. Төбесінің әр бұрышынан аққан лас су үйінің қабырғасын түгел бүлдіріп жіберді.
- Біз осы І ықшам ауданындағы 32-үйдің 48-ші пәтеріне 2018 жылы көшіп келдік. Ол кезде түгелдей жөндеу жұмыстары жасалған еді. Бірақ қазір соның бәрі зая кетті. Бұған төбеде шатырдың болмауы басты себеп болып тұр. Жылдан жылға көретініміз – осы. Жаңбыр жауғанда бір емес, екі бөлменің төбесінен су ағып, қабырғалар көгереді. Қар жауғанда да осындай проблемаға тап боламыз. Дәл қазір бізге өте қиын болып тұр. Өйткені жөндеу жұмыстарын жасай алмай отырмыз. Кеше пәтеріміз адам тұруға жарамағасын жақынымыздың үйіне кетіп қалдық,-дейді ол ашынып.
Мұндай қиын жағдайға тап болған көп қабатты тұрғын үй тұрғындары ішінен жалғыз Жангүлдің жанұясы емес. ІІІ ықшам аудандағы 21-ші үйдің де жағдайы көз қуантпайды. Оның жертөлесі судан толып, тіпті іргетасы бір жаққа қарай опырылған. Пәтерлер іші ылғал, қабырғалары көктеп, қабыршақтанған. Терезе жақтаулары ісініп, жаға ұстатарлық жағдайда тұр. Баспананың мұндай халге дейін жетуіне үй төбесіндегі шатырдың болмауы мен жертөленің суы себеп дейді олар. Десе де, өз қалтасынан қаражат бөліп, тұрып жатқан үйінің төбесін бітеп жүрген Нұртай Жакипов көршілердің ортақ шаруаға қосылмайтындығын, сондай-ақ жасаған еңбектің зая кететінін айтып, шағымданды. Ол өз сөзінде:
- Төбеге топырақ төсеп, цементін құюға әр жөндеу жұмысы сайын өз қалтамнан 100 000-нан астам қаражат кетеді. Топырағын, цементін, басқа да қажетті заттарды алып, оны төбеге жалғыз шығарудың өзі – қиын жұмыс. Бірақ су кететін бұрыштарды қанша рет бітесем де, бәрібір тамшы ағып кете береді. Ал үйдің жағдайы болса мынау! Шыны керек, үйге қонақ күтуден қалдық. Ұят қой, қалай шақырамыз?! Маған пәтерімнің жөндеу жұмысына ешқандай көмек қажет емес, тек ортақ үйіміздің шатырын салып берсе болды. Қалғанын өзіміз-ақ жасап аламыз,-дейді ол әкімдіктен көмек сұрап.
Иә, шатыр мәселесі халықтың бас ауруына айналды. Себебі оның салдары жуырда ғана жасалған күрделі жөндеу жұмыстарының ізін де қалдырмаған. Бұл жөнінде осы ықшам аудан тұрғыны Тасқынбек Сәндібеков:
- Жаңбыр, қар жауған сайын осындай бізде. Мынау кешегі мол жауған жаңбырдың салдары ғой. Кермелі төбенің бәрі ашылып кетті. Өткен жылы ғана пәтерімді күрделі жөндеуден өткізіп едім. Әрине, ол өзіміз үшін ғой. Бірақ жасаған еңбек шатырдың болмауынан осылай зая кетеді. Өзім 4 баланың әкесімін. Әр жаңбыр сайын бала-шағамның аузынан жырып, тапқан табысымды жөндеу жұмыстарына жібере бергім келмейді. Қазір үйде бірде-бір кілем жоқ. Бәрі малмандай су болды. Жуып, тазалап беретін орталыққа апарып тастадым. Бұл – екінші қатар. Жоғарыдағы тұрғындардың пәтері тіпті сұмдық. Айналамызда жағдайы орташа, пәтерін жөндеуден өткізе алмайтын көршілеріміз бар. Оларды түсінуге болады, көгерген жерде амалсыздан отыр,-дейді ол.
Жауыннан шыққан жанайқай
Жексенбіде жауған көктем жаңбыры жер үй тұрғындарын да бір дүрліктіріп алды. Оны әлеуметтік желіден анық көруге болады. Су ортасында қалған үй иелері «Барлаушылар», «Достық», «Жадырасын» ықшам ауданы мен 1-ауыл, 5-ауылдың тұрғындары болып шықты. Жанұшыра көмек сұраған олардың даусы ғаламторды кезіп кетті, ел назарын бұрғызбай қоймады. Есесіне әкімдікке да жетіп, ойпаң жерлерде орналасқан үйлерге жиналған жаңбыр суы күні-түні үздіксіз тазаланып тұрды. «Барлаушылар» ықшам ауданы, 93-ші көше тұрғыны Гүлбарам Шагированың айтуынша, көршінің бос тұрған шұңқырлы жеріне жиналған жаңбыр суы жинала келе шарбағына келіп құйылады екен. Бұған дейін де жылда осындай мәселеге тап болып, өз қалтасынан вакуум көлігін шақыратын, бірақ таусылар су жоқ. Ол бұл мәселенің нүктесі қойылмайтынына қапалы.
- Жергілікті әкімдіктен көмек сұрап байланыстым. Алдымен төтенше жағдай қызметкерлері келді де, суды тартып болғаннан кейін оны қайда жіберерін білмей дал болды. Кейіннен мәселе шешілді ме, шарбақтағы суды сорып бастады. Бірақ алғаны не керек, арада бірнеше сағат өткеннен кейін көрші үйдің шарбағынан су кері құйылып, кіріп-шығуымыз қиындады. Су етікпен жүрмеске болмады. Десе де, түнгі сағат 01:00-ге дейін көмек қолын созған ағаларға алғысымды айтқым келеді. Олар қолдарынан келгенін жасады. Еңбектері Алладан қайтсын!-деді сөз соңыңда.
Ал аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы Бауыржан Жанафияұлының айтуынша, жер үйлер мен көп қабатты тұрғын үйлер жекеменшік және ортақ объект болып табылады. Сондықтан әкімдік оларға көмектесуге міндетті еместігін жеткізді.
- Үйді жарамсыз деп тану үшін техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Ал ол жұмыс тұрғындар тарапынан жүзеге асырылады. Біз өткен жылы 112 үйге техникалық-зерделеу жұмыстарын жасаттық. Оның 96-сы апатты деп танылды. Бірақ ол қос қабатты тұрғын үйлерге ғана тиесілі. Ал І, ІІ, ІІІ ықшам аудандағы көп қабатты тұрғын үйлерге техникалық-зерделеу жұмыстары жасалған жоқ. Ондағы үй иелері бізге келіп “Біздің үйдің төбесінен су кетіп жатыр” деген арыз-шағымын жазса, онда ол біздің бөлімнің міндетіне кіреді. Және қосымша фотосурет, видеороликпен келсе дейміз. Акт және фиксациясын жасап береміз. Себебі сол жасақталған АКТ-ке байланысты сотқа беру жұмыстары жүргізіледі. Құжат осы бөлімнің тарапынан шығатын болғасын ол қағаз міндетті түрде сотта сұралады. Ал одан бөлек күндегісін күнде, кешкісін болсын, күндіз болсын, қолымыз босаған уақытта ықшам аудандарды аралау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда біздің тарапымыздан уақытша ол тұрғын үйлердің төбесіне топырақ төсеу немесе цемент құю сияқты жұмыстар жасалынбайды. Себебі оған ақша бөлінбейді. Ал бізде 2023 жылы 7 көп қабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 2024 жылы оған 11 үй қостық. Қазіргі таңда 18 тұрғын үйдің 1-еуі жөнделіп тұр. Қалған 17 көп қабатты үйде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл тұста айта кететін мәселе: көше бетіне қарап тұрған үйлерге бюджеттен ақша бөлуге негіз бар. Ал мына ішкі бетіне ондай қарастырылмаған. Оған негіз де жоқ. Сондай-ақ І ықшам ауданы, 32-ші үй тұрғындарының өтінішімен жасақталған акт, яғни құжаттың заңды күші жоқ. Ол ортақ мүлік объектісі болып табылады. Сондықтан тұрғындар тарапынан жертөле мен шатырды күтіп ұстау жұмыстары өз күшімен жүргізіледі. Бұрын бізде «КСК» деген болды. Қазір ол меншік иелерінің бірлестігі, яғни «ОСИ» және қарапайым серіктестік, яғни «ПТ» деп өзгерді. Оны ашқан тұрғындар 1500-2200 теңгеден асып кетпейтін қаражаттан жинап, жөндеу жұмыстарын жасай алады. Ол үшін бір тұрғын үйде 60 пәтер бар ма, соның жоқ дегенде 50 пайыздан көп бөлігі «ОСИ и ПТ» ашуға келіссе, әрі қарай құжаттарға өзіміздің тараптан көмектесеміз,-деді ол өз сөзінде.
Бүгінде ауданда 223 көп қабатты тұрғын үй болса, оның 96-сы апатты деп танылған екен. Бірақ олардың орталық көше жақ бетіндегі үйлерге ғана әкімдіктен көңіл бөлініп, ішкі тұрғын жайларға көмек көрсетілмейтін көрінеді. Демек ондағы тұрғындар қар еріп, жаңбыр жауса, жер үйдің иелері секілді өз мәселесін өздері шешеді деген сөз.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ