«ЖАБАЙЫ САУДАҒА» ЖОЛ ЖОҚ!

Жақында әлеуметтік желі мен уатсап мессенджерінен бейнежазба тарады. Онда қаланың бір бөлігінде арзан қарбыз сатылып жатқаны туралы ауызша хабарлама айтылады. Расында да, қарап тұрсақ, бағасы көңілге қонымды-ақ. Дегенмен, көңілде «бірақ...» деп басталатын бір сауал тұрып алды. Ауыр жүк көлігімен әкеліп, арнайы сауда орнынан емес, жолдың бойында жабайы сатып жатқан жаздың қақ ортасындағы белгісіз өнімнің сапасы қандай?

Оның үстіне, тағы да сол әлеуметтік желіден ерте піскен қауын-қарбыз өнімдерін «жемеңдер» деген хабар желдей ескен еді. Енді қайтпек керек? Бірақ оған қарап жатқан Құлсары тұрғындары жоқ. Қарбызды сағынған қалалықтар қалтасы көтергенше сатып алып жатқанын көзімізбен көрдік. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, сөйтсек, олардың жасап жатқан сауда-саттығы тиісті заң талаптарына қайшы екен. Әйтпесе, қала әкімі аппаратының мамандары қадағалап, рейдтік іс-шара ұйымдастырмас еді.

Иә, өткен аптада Құлсары қаласының әкімдігі аудан орталығында белгіленбеген орындарда сауда жасап тұрған кәсіпкер азаматтар мен кәсіпкерлік нысандарына рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Шара барысында 5 кәсіпкерге ескерту беріліп, сауда-саттық жасау үшін арнайы белгіленген орынға рұқсат алынуы керектігі түсіндірілді.

-Қала аумағындағы ретсіз сауда-саттықты жою мақсатында рейдтік іс-шаралар алға қарай да өз жалғасын табатын болады. Ал ескертуге құлақ аспаған тұрғындарға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертеміз,-дейді қала әкімі аппаратының мамандары. Шынымен де кәсіпкерлердің бұл әрекеті өткен ғасырдың 90-жылдарындағы «жабайы сауданы» еске түсіреді. Ал біз болсақ, озық өркениетке бет алған қоғамда өмір сүріп жатырмыз.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT