Жабайы адам ауылға қайдан келді?

Бұл балалық шағымда болған оқиға еді. Мұнайшылар поселкесінде тұрамыз. Кеңес Одағы кезінде «өкімет» поселкенің тазалығын бүлдіресіңдер деп қазақтарға мал қораны ауылдан бір шақырымдай аулаққа салдыртатын.

Мал бақпаса, отыра алмайтын қазақ амалсыз сол жерге малын қоралап, шөбін түсіреді. Кешке әйелдер қарларына шелектерін іліп, шұбырып түйе саууға кетіп бара жатады. Ауыл адамдары жазға салым мал төлдеген уақытта жас бота, қозы-лақты қарау үшін сол қораның бір бұрышында уақытша тұратын. Қос кемпір - әжем Данаш пен апам Түймеш екеуі сол поселкеден сәл қашықтау қыстауларда тұрып жатты. Мен әжемнің жекеменшік ерке қызы болғандықтан сабақтан шыға сала солай қарай құстай ұшамын. Нағыз қазақ үшін малдың күйіс қайырғанын тыңдап, көң мен сабан Һәм түтін иісі араласқан ауаны жұтқан да бір ғанибет! Әжелерім киізді жайып, құрақ көрпені төсеп, самауырға шоқпен қыз-қыз шәй қайнатады. Таба нанды бүйеннен алынған қаймаққа батырып, сары секер, ірімшік-құртпен қалампыр, мускат қосқан шәй ішкен қандай! Сол шәйдің хош иісі, дәмі әлі таңдайымда! Бір күні сабақтан шыға сала қора жаққа келсем, бір топ адам жиналып қалған. Абыр-дабыр. Әжелерімнің жүздерінде үрей бар. -Түнде ұйықтап жатқанда бір дыбыстан оянып кеттім. Қарасам, есіктен бір дә-ә-ә-у қара кісі кіріп келе жатыр екен,- дейді Түймеш апам,- анық жабайы адам. Үстіндегі жүні жалбырап тұр. Қорыққаннан дыбысым шықпай қалды. «Ау, бұл қайсың?» деп тұншыға айқайлап жібердім. Сол кезде әлгі адам босағадағы шелектен бақырашпен су ішті де, ақырын, дыбыссыз шығып кетті. Апамның айтқанын әжем де қостайды. Содан ауыл адамдары жиналып мал қораларды аралап, жұмбақ адамды іздеуге шықты. Біреу қолына ағаш, енді бірі айыр-күрек ұстап алған.

Жабайы адам табыла қалса, жабылып ұрайын деп жүр ме, кім білсін?! Тоғыз жасар балаға бәрі қызық, мен де қалмай жүгіріп еріп жүрмін. Қораларды, үйілген мая шөптерді түгел аралап шығып, ауылдың шетіндегі үңгірге келді. «Ау, шық, шық!» деп айқайласады. Шіркін-ай, жабайы адам табылса екен! деп армандаймын. Адам айтса, нанғысыз осы оқиғаны айтып, достарымның аузын аңқитар едім! Ұзақ іздеді. Бірақ жабайы адам сол күйі табылмады. Сол бір балалық шақтағы сурет, ауылдың аңғал адамдары, әжелерімнің қорыққаннан бақырайып кеткен көздері есіме түссе, кейде жымиып күлемін. Бірақ...шынында да, сол жұмбақ «жабайы» адам кім болды? Ол кезде қазіргідей мал ұрлығы деген атымен болмайтын, адамдар да бір-біріне мейірімді, әркім мамыражай күй кешіп жататын. Әр үйде де ақ көбігі бұрқыраған шұбат, салқын айран бар. Қазіргідей алыпсатарлық, қаптаған жайма базар деген жоқ. Үйдегі шелек тола шұбатты немерелеріне ішкізе алмай, ожау ұстаған әжем бізді қуалап, ұрсып жүреді. Шұбаттың ақ көбігі асып-тасып сыртына төгілуде. «Ішіңдер! Обал болды-ау, құр бекер рәсуә болып мына шұбат! Ең болмаса, құрт та қайната алмаймын, белі түскірі қақсап...»,-деп әжем ожауын шошаңдатады.

Біз өңкей сотанақ жырқылдап күліп, үй айнала қашамыз. Сол шұбаттың, шынында да, обалы бар ма, бүгінде базардағы бағасы удай қымбат тағамды ақшаны сытырлатып беріп сатып алған сайын ожауын шошаңдатқан әжемнің «Обал-ай, обал...» деген сөзі есіме түседі. Мұрнымызды шүйіріп ішпеген шұбаттың обалы осындай болды. Әжемнің асты обалсынуының да себебі бар. 32-жылғы ашаршылықта шиеттей балалары қырылып, зұлматты бастан кешкен қайран әжем ғой! Сонымен жабайы адам қайдан келді? Поселкедегі тұрғындардың бірі дейін десең, бір-бірін танитын, бір-біріне туыстай болып кеткен алақандай ғана ауылдың адамдары ол заманда бір-бірінің қорасына ұрланып бармасы анық. Түнде ұрланып баратындай менің екі кемпір апам қыз-қырқын, желегі түспеген келіншек емес.

Бәлкім... ауылда жүйкесі ауыратын, бірақ адам баласына зияны жоқ, момақан жандар болатын, солардың бірі ме екен? Ал Түймеш апамның сөзіне сенсек, шақырылмаған қонақтың жабайы адам екені айдан анық, Сыртқы терісінің жүні жалбырап, шашы да дудырап тұр-мыс». Асыл әжетайым да, аңқылдаған Түймеш апам да марқұм боп, аппақ жаулықтары ақша бұлттай желбіреп әлдеқашан ақ сағымға айналды. Жатқан жерлеріңіз мамық болсын! Шынында да, сол жабайы адам табылғанда не істер еді олар, ә ?!

С.ТӘЖІҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521