Жаңа жобалар жұмыссыздықты жоя ма?

Қазақ мұнайының туған жері, «қара алтынды» қарт Ембінің қара шаңырағы саналатын өндірісті өлкемізде қос қолына бір кәсіп көзін таба алмай жүрген жұмыссыз жандардың көптігіне және осы бір әлеуметтік мәселе - жұмыссыздықтың қаншалықты өткір тұрғанына өткен жұма күні «Кең Жылыой» мәдениет үйіне барғанда көз жеткізе түстік. Онда жиналған жұртшылық арасында көрермен залына сыймай, түрегеліп тұрғандар да көп болды.

Сенім артқан қос жоба: үміт пен күдік

Сондықтан аудан әкімі Жұмабек Қаражанов түйіні тарқатылмай тұрған күрмеуі қиын күрделі мәселені шешу үшін аудан халқымен кездесті. Жалғыз келген жоқ, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Атырау облысы бойынша еңбек мобильді орталығының директоры Гүлболат Аманғалиева да бірге қатысты. Сондай-ақ Теңіз кенішіндегі «Теңізшевройл» ЖШС мен мердігер мекемелердің өкілдерін шақырды. Жұмыссыз қалған жергілікті тұрғындардың көзқарасынан олардың жұмыс іздеп әбден қажығанын, күнкөрісі нашарлап, істерге жұмыс таба алмай мезі болғанын байқауға болады. Олар мұнайлы өлкеде тұрса да мұнай компаниялары мен мердігер мекемелерден жұмыс табылмағанына қапалы. Әсіресе әкімдіктен «Теңізшевройл» секілді алпауыттан еліміздің өзге өңірінен келетін азаматтарды жұмыстан босатып, алдымен, жылыойлықтарды жұмысқа орналастыруды ашық түрде талап етті. Жиналған тұрғындардың көтеріп отырған басты мәселесіне тоқталған аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы:

- Жұмыссыздық тек біздің ауданның ғана емес, республика көлемінде өзекті мәселе. Жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту және жәрдемдесу, әрине, ол бәріміздің міндетіміз. Күні кеше де жиналыс болды. Онда да өз талаптарыңызды қойдыңыздар. Яғни, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамту, вахталық әдісті 14 күндікке ауыстыру мәселесін көтердіңіздер. Қазір сіздермен кездесуге «Мансап» орталығының басшысын, мамандарын, аудан прокуроры, полиция бөлімінің, сондай-ақ құзырлы органдар мен мекеме басшыларын шақырдық. Мына жерге қаншама жұмыссыз азаматтар жиналғанын көріп отырмын. Мен сіздерге «Жақын арада жұмысқа кіріп кетесіздер, жұмыс тауып беремін» деп уәде бере алмаймын. Десе де, бұл бағытта жұмыс жасайтын боламыз. Ал сіздердің Теңіз кенішіне қатысты сауалдарыңызға байланысты айтсам, білесіздер, қазір ол жақта көптеген қысқартулар болып жатыр. Мердігер мекемелерді айтпағанда, «Теңізшевройл» компаниясының өзінде қазір мыңға жуық азамат қысқарды. Үшінші буын зауыты салынды. Құрылыс жұмыстары аяқталып, енді биыл ол іске қосылды. Қысқарту себебі сол. Десек те ол жақта әлі де өндіріс көлемі бар.

Айталық, Теңіз кенішінде газ сепараторын салу жұмыстары басталғалы отыр. Қазір осы жұмыстарға байланысты алдағы наурыз айында қоғамдық тыңдаулар өткізілетін болады. Аталған мекеменің басшылары Астана қаласында. Алдағы апталарда кездесуге келеді. Сонда біз олармен меморандумға отыратын боламыз. Міне, сол компанияға біз жергілікті азаматтарды жұмысқа тартуды талап еткелі тұрмыз. «Karaton Operating» деген компания аудан аумағынан мұнай бұрғылауды бастады. Дегенмен бұл жерде 2-3 ай көлемінде жұмыс болады деп айта алмаймын. Себебі мекеме басшысының айтуынша, ол жақта мұнай көзі табылса ғана жұмысшы күші қажет етіледі. Яғни, 3000-4000-ға жуық адамға арналған жұмыс орны ашылуы мүмкін. Сондықтан біз осы екі өндіріс ошағына жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруды қарастыратын боламыз. Әрине, іздеген адамға қазір қаламызда жұмыс жоқ емес, бар. Бірақ біздер тек «Мен жоғары жалақылы жерде жасауым керек» деген қағиданы ұстанып алғанбыз. Бұл – қате пікір,-деді жиынды өзі бастап.

Облыстан келген мамандар да мәселенің мән-жайына орай түсінік берді. Олардың айтуынша, жұмыспен қамту шаралары мемлекеттік бағдарламалар негізінде іске асады. Мәселен, оқуын аяқтаған азаматтар «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналаса алады. Сондай-ақ еңбек жолын енді бастайтын жастарға «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы, 35 жастан аспаған азаматтарға «Ұрпақтар келісім-шарты» және 50-ден асқан жандарға «Күміс жас» жобасы бар. Облыс көлемінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылған жұмысқа тоқталған облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева:

- Жылыой ауданында қанша жұмыс орны ашылатындығы жөнінде, қанша адам жұмысқа орналасатындығы жөнінде аудан әкімі толықтай айтып өтті. Болашақта өңірде жүзеге асатын жаңа жобалар көп. Бұл жобаларда, алдымен, сіздерді жұмысқа орналастыруды көздеп отырмыз. Алдағы уақытта бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі де өтеді. Ол жерге ірі кәсіпорындардан жұмыс берушілер келіп, сіздерге вакансия ұсынады. Бұл тұста біздер тек жұмыссыздыққа тіркелген адамдармен ғана жұмыс жасайтынымызды жеткізгіміз келеді,-деді жиналған тұрғындарды жұмыссыздыққа тіркелуге шақырып. Ал Атырау облысы бойынша еңбек мобильді орталық басшысының орынбасары Зиба Түсіпова өңір бойынша қанша адамның жұмыстан қысқартылғанына тоқталып:

- Өткен жылы «Келешек кеңею» жобасынан 11 155 адам босатылды, оның 4104-і (37%) облыс тұрғындары еді. Құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты 2024 жылы «Теңізшевройл» компаниясының болжамына сәйкес 18 713 қазақстандық азамат босатылды, оның ішінде 7 089 адам (38%) Атырау халқының еншісіне тиеді. Десе де қызметінен босатылған қызметкерлерге кәсіпкерлік негізде бизнесті дамытуға қайтарымсыз гранттар ұсынылды. 2024 жылы 57 адам «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтсе, оның ішінде 35 адам сертификат алып, кәсібін дөңгелентіп кетті,-деді ресми сандарға сүйеніп.

Екі қолға бір күрек таппай жүрміз

Кездесу басталған уақыттан-ақ көкейтесті мәселесін көтеріп, арыз-талабын айтуға асыққан азаматтардың қарасы көп болды. Солардың бірі - жұмыстан қысқартылып, қазіргі таңда қызметке орналасудың амал-әрекетін іздеп шаршаған Арман Үсенов еді. Ол өз сөзінде әкімнің пікіріне қарсы мынадай деректерді келтірді:

- Бірде Құлсарыдан жұмыс табылды. Бардым, сөйлестім. Құжаттарымды қарады. «Бәрі жақсы» деді. Бірақ орналасу үшін менің несие тарихымды да сұрады. Біздер өзіміздің жағдайымыз үшін, мұқтаж болғандықтан несие алдық, иә, ол рас. Оны төлеуден қашып отырған мен жоқпын, өз мойныммен көтеремін, әрине. Жұмыссыз жүргесін менің есепшотым қазір бұғатталып қалды. Яғни, несие тарихым бұзылды. Ал олар келіп: «Есепшотыңыз бұғаттаулы болса біз сізді жұмысқа алмаймыз, несиелеріңізді төлеңіз, содан кейін ғана барып қызметке қабылдаймыз» деп шығарып салды. Өзім болсам, жұмыссыз алты ай жатып қалдым. Теңіздің сертификаттарының уақыты бұл аралықта бітіп кетті. Енді келіп жұмысқа орналасайын десем «Сенде сертификат жоқ» дейді. Мен түсінем, «Теңізшевройлға» оқыған, тоқыған, білімді, дайын кадр керек. Бірақ неге бізді оқытпасқа? Біздің кәсіби шеберлігімізді көтереміз десе, біз де қарсы емеспіз. Кезінде «Теңізшевройлдың» арқасында Атыраудан 3 ай уақытымды арнап, дәнекерлеуші мамандығын оқып алдым. Бірақ сол кәсіппен жұмысқа кірейін десем, «Тәжірибең жоқ» дейді. Біз қашанғы осылай жұмыссыз жата береміз? Шыны керек, жұмыссыз болған соң, шаңырағымызда да тыныштық жоқ. Оны осы жердегі жігіттердің бәрі мойындайтын болар. Ата-анамыздан да, бала-шағамыздан да ұят,-дейді кімнен көмек сұрарын білмей.

Ал мұнайлы өлкеде тұрып, мұнай кәсіпорындарынан жұмыс табылмағанына қапаланып, әкімдіктен «Теңізшевройл» секілді алпауыт пен мердігер мекемелерге, алдымен Жылыой халқын жұмысқа орналастыруды талап еткен Жанболат Ерғалиев:

- Соңғы рет «SK»-да еңбек еттім. Қасымда әртүрлі мердігер мекеменің адамдары болды. Бірақ олардың арасында жұмыс жасап жатқан бір құлсарылық жоқ. Атыраудың бір ғана баласы болды. Көбі оңтүстіктен, Шымкенттен, Қызылордадан келген жігіттер еді. Одан бөлек мен «Сичимде» де жасадым. Онда да Құлсарының бір адамын таба алмадым. Барлығы да басқа облыстан келеді. Оның үстіне біреуінің де тәжірибесі жоқ, жаңадан келген жұмысшылар. Ал мұндай қызметке біздің жергілікті азаматтарды алмайды. 2019 жылы «SK»-ға кірерде емтихан тапсырдым. Жұмысқа орналасу үшін сұхбаттасу барысында менен «Қай жақтансың?» деп сұрады. «Құлсары» деп едім, ойланып қалды да, айналым парағын (обходной лист) толтыруымды сұрады. Және «Сіз жүре беріңіз, жұмыс болып жатса қосымша хабарласамыз» деді де, содан кейін байланыспады. Мен жұмыстан өткен жылы наурыз айында қысқардым. Қазір, міне, жұмыссыз жүргеніме бір жылға жақындады. Өткен жолы «Alem Zholdas» мекемесіне түйіндеме жолдадым. Хабар болмағасын артынан өзім байланысқа шықсам, олар тек жергілікті Оралдың ғана азаматтарын алады екен. Бұл талапты неге біздің Жылыойға да енгізбеске?! Біздің басшылар неге тек қана Жылыойдың жергілікті тұрғындарын қызметке қабылдауды талап етпейді, түсінбеймін, -деді ашынып.

Жұмыссыздық мәселесі бойынша жиналған тұрғындардың арасында өзіне де, жұмысқа қабілетті балаларына да қызмет іздеген аналардың қарасы көп болды. Олар аяқ асты қысқартылып, енді қайта қызметке орналаса алмай әлек. Бұл жөнінде жалғызбасты ана Алтынай Күзембаева:

- Жалғыз түйір балам бар. Өзімде үй жоқ. Ағамның пәтерін жалдап тұрып жатырмыз. Не істейтінімді де, қалай күн көретінімізді де білмеймін. Тамақ, жарық, бәрі қымбат. Жалақысы жақсы жұмыс табылса бірден орналасар едім. Басқа тілегім жоқ. Бұған дейін жекеменшік «Amir Holding» мекемесінде жасадық. Ол жерден былтыр сәуір айында қысқартылып қалдым. Содан бері өзім де, балам да қос қолға тұрақты бір кәсіп көзін таба алмай келеміз,-деді өз сөзінде.

Ресми дерек: 9331 жұмыссыз

Жұмыссыздықты жою мәселесі жөнінде өз пікірін білдіріп, жасалып жатқан жұмыстарды қала халқына таныстыру мақсатында сөз сөйлеген аудандық «Мансап» орталығының басшысы Ақылбек Едігеев:

- Бірі білсе, бірі білмейтін болар, біздер enbek.kz порталы арқылы жұмыс жасаймыз. Сол порталда қандай бос жұмыс орындары шығады, сол мекемелерге шығып, өзіміздің жергілікті азаматтарды ұсынамыз. 2023 жылдың қараша айында осы жерде үлкен жиналыс болды. Оған да ТШО-ның өкілдері келді. Сол жерде біз ұсыныс-талаптарымызды жеткіздік. Екі арада келісімшарт жасақталып, нәтижесінде өткен жылы біз 1050 адамды жұмысқа орналастырдық. Былтыр ресми ақпарат бойынша ауданда 9331 адам жұмыссыздыққа тіркелді. Оның 1050-іне жұмыс тауып берсек, одан бөлек қаншама тұрақты жұмыстарымыз бар. Яғни, 2024 жылы ортақ есеппен 4000-ға жуық адамды қызметпен қамтыдық. Ал қалған 5000 адамға жұмыс тауып беретін мүмкіндік болмады. Біздің жұмыс жасау жүйемізді кейбір тұрғындар түсінбеуі мүмкін. Біздер әлеуметтік кодекстің талаптарына, өзге заң тәртібіне бағынып қызмет атқарамыз. Сондықтан егер сіздер заңға қайшы келетін әңгіме айтып, қарсы талап қойсаңыздар, біз сол адаммен жұмыс жасаудан бас тартамыз. Ал оны басқаша түсінетіндер бар,-деді өткен жылдық есепке көз тастап.

Жиын нәтижесінде аудан әкімі заңсыз жұмыстан қысқарып қалған жылыойлықтарға сол мекеменің басшысымен сөйлесетіндігін және алдағы наурыз айында жұмыссыздық мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтіп, жоғарыда аты айтылған компаниялармен меморандумға отыратындығын жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтетіндігін айтып өтті.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

*Фотосуреттер ашық дереккөзден алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT