Жаңа ойын алаңы ел ертеңіне қуаныш сыйлады

Қаланың дамуына демеушілер дем беруде. «Теміржолшылар» ықшамауданында өткен аптада балаларға арналған жаңа ойын алаңы ашылуы – соның айғағы. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова мен Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адиновтер арнайы қатысып, құттықтады. Ашылу рәсіміне ауданның белсенді азаматтары, қоғамдық ұйым жетекшілері, тұрғындар келді.

«Теміржолшылар» ықшамауданында балаларға ойын алаңының жетіспейтіні осыған дейін де айтылып келді. Сол сұранысты естіген депутат Анарбек Есениязов демеуші компанияға депутаттық сауал жолдаған еді. «Олжа» АҚ-ның жоғарғы басшылығы бұл ұсынысты қабыл алып, өткен мереке күні теміржолшы тұрғындар біткен үлкен істің жарқын куәсі болды. Көрнекті ойын алаңы ондағы ел ертеңінің игілігіне берілді. Аталған жобаны демеуші ретінде «Олжа» АҚ-ның өзі қолға алып, толықтай аяқтап, қала тұрғындарына пайдалануға берді.

Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Аязберікқызы мен «Олжа» АҚ-ның бөлім басшысы Бауыржан Рахметов ойын алаңының алқызыл лентасын қиды. Алғаш құттықтау сөз кезегін алған демеуші компанияның өкілі Бауыржан Меңдіғалиұлы ел игілігі үшін атқарылған іс-шараларға алға қарай да қолдан келгенше қолдау көрсететінін жеткізді. Қала басшысы Қадыржан Аманкелдіұлы:

- Бүгін балалар қуанатын күн болды. Мұнда бүлдіршіндердің бос уақытын тиімді өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Осы орайда демеушілік танытқан «Олжа» мекемесіне тұрғындар атынан алғысымызды білдіреміз,-деді.

«Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов демеуші «Олжа» АҚ басшысының атына Алғысхат табыс етті.

Айта кету керек, мұндағы балалар алаңында әткеншек, айналмақ, сырғанақ және ойын кешенінен бөлек, воркаут спорттық жабдықтары да қарастырылған. Жаңа алаңда жүгіре ойнаған ел ертеңінің жүзіне күлкі үйірілді. Балалар да, ата-аналар да дән риза.

Қала басшысының айтуынша, бұдан бөлек, биыл қалалық әкімдікпен балаларға арналған 11 әмбебап ойын кешенін салу жоспарланып отыр. Оның бірқатары жасалу үстінде екенін көзіміз көріп жүр. Әсіресе, ІІІ ықшамауданда құрылыс жұмыстары басталып кеткен алаңдар құрылысы алдағы айларда аяқталып, қала тұрғындарына пайдалануға берілгелі тұр.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT