Еліміздің әр аймағы Жаңа жыл мерекесін түрліше тойлады. Кей аймақтар ертерек бастады десек те болады. Бұл көштен біздің аудан да қалыс қалған жоқ. Өткен жылмен қоштасқан қала тұрғындары 31 желтоқсан күні Орталық алаңға қарай ағылды. Қала тұрғындарының құрметіне түнгі сағат 23:00-ден бастап концерттік бағдарлама қойылып, керемет отшашулар болды.
Аталған кеште аудан өнерпаздары ән шырқап, «Жем аруы» халықтық би ансамблінің бір топ сұлулары мың бұрала би биледі. Олардың қатарында ауданымыздың мақтаныштары «Қазақстан дауысы» жобасының финалисті Азамат Төрехан, сондай-ақ Назгүл Қанатқызы, Аймира Орынбасарова, Оралхан Қарашаевтар бар. Жылыой көгінде әуелетіп ән шырқаған Азамат Төрехан:
- Керемет атмосфера. Жаңа жылды қарсы алуға келген халықтың да қарасы қалың. Бізге де өте тамаша қолдау көрсетіп, ыстық ықыласын білдіргендерге шын ризашылығымды айтамын. Барлығыңызды мерекемен құттықтаймын,-деді өз сөзінде.
Орталық алаң сахнасында өткен мерекелік бағдарлама 00:00-ге дейін жалғасып, оны тамашалауға келген қалалықтардың қатары көп болды. Күннің суығына қарамастан қызықты кеште табылған қала жастары да бас шыршамен суретке түсіп, әсем әндерге қосылып жаңа жылдық кештің одан әрі көркін кіргізді. Өнерпаздар да жиналғандарға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлады. Концерттен кейін мерекелік отшашу болып, аудан жұрты Ұлу жылының соңғы күнін есте қаларлықтай қорытындылап, Жылан жылын қуанышпен қарсы алды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ