Жаңа мектепте өткен жаңашыл семинар

Жаңа мектепте өткен  жаңашыл семинар
Фото: А.Құрманова

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында №5 Абай атындағы мектепің жаңа оқу ғимаратында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Хадиша Нұрғанованың ұйымдастыруымен «Қазақ тілі сабағында дағдыны қалыптастырудағы әдіс-тәсілдердің тиімділігі» тақырыбында аудандық қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің семинары өтті. Оның өз деңгейінде өтуіне мектеп директоры Ұлжан Жаймұханова мен оқу ісі меңгерушісі Гүлшат Тілекованың үлесі зор болды.

Онда педагог-зерттеуші Айгерім Сарманова 5 «а» сыныбында әдебиет пәнінен Ы.Алтынсаринның «Дүние қалай етсең табылады?» атты әңгімесінің желісі бойынша жаңаша сабақ өткізіп, ұйымдастыру бөлімін психологиялық тренингпен ашты. Сабақ барысында «Галереяға саяхат», «Әдеби диктант», шапшаң ой әдісі «Jumio» платформасын, креативті ой әдісі «Jambord» тақтасы, «Фортсайт» әдістерін, «Жарқын болашақ пирамидасы» модельдеу, «Инфографика», «Қоғам және ой» тапсырмасы, «Mentimetr» әдістерін пайдаланып,оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын оята білді. Бейне көрсетілім арқылы шығарма кейіпкері Антонның әрекетін мысалға келтіре отырып, ауданда да сол секілді өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің аз еместігін атап өтті.

Пән мұғалімі, педагог-модератор Сәліш Гүлмира 10 «а» сыныбында қазақ тілі пәнінен «Отандық өнім» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Оны Тәуелсіздік мерекесіне сай ұлттық рәміздер, ұлттық валютаға қатысты сұрақ-жауаптан бастап, «Word wall», жаңа тақырыпты болжауда «Қара жәшік», жеке жұмыста «Жасанды интеллект», жұптық жұмыста «Қырағы көз», топтық жұмыста «Аквариум» (интервью,мақала,нұсқаулық жазу), бағалауда «Class dojo», кері байланыста Хештег әдістерін тиімді пайдаланып, жоғары деңгейде сабақ өткізді. «Қара жәшік» әдісі арқылы жаңа тақырыпты болжатып, республика, қала берді облыс, аудан көлеміндегі өндіріліп жатқан отандық брэнд өнімдермен таныстырды. Оқушылар отандық өнімдер туралы толыққанды, жан-жақты мағлұмат алды, кәсіпкерлер бейнесінде сұхбат та берді. Жасанды интеллекттің сұрақтарына жауап берді. Сабақ соңында қатысушы пән мұғалімдеріне «Отандық өнім» тақырыбындағы шарадан тәбәрік ретінде Қазақстан брэнд өнімі сыйға тартылды.

Ашық сабақтар соңы дауылпаз жыршы, ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі М.Өтемісұлының 220 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жыр жебелі Махамбет» шарасымен жалғасты. Онда оқушылар Махамбеттің ерлік пен рухқа толы өлеңдерін мәнерлеп оқып, делебе қоздырар күй тартылып, мың бұралған би биленіп, кезек Махамбет өмірінің соңғы сәтін сахналауға ұласты. Оқушылар сахналық көріністе кейіпкерлерді сомдауда актерлік шеберлігін таныта білді. Педагог-модераторлар Жанаргүл Тәуірбаева, Жанерке Қапанова ұйымдастырған бұл сахналық қойылым да жоғары деңгейде өтті. Пән мұғалімі Гүлмира Сәліш те Махамбеттің жырларын мәнерлеп оқып, қайсар рухты ақын мұрасын насихаттай білді.

Семинарды білім бөлімінің әдіскері Х.Нұрғанова қорытындылап, пән мұғалімдер өз ой-пікірлерін ортаға салды. Еліміздің Жалпыға міндетті Білім беру стандартын жүзеге асыруда білім мазмұнын, заман талабына сай сабақ түрлерін жаңа форматта құра білген ұстаздардың іс-тәжірибесін аудан көлемінде тарату,семинар барысында жүзеге асырған іс-шараларды мұғалімдердің өз әрекетінде пайдалануы сынды бірқатар ұсыныстар қабылданды.

Айна ҚҰРМАНОВА, №21 мектептің қазақ тілі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT