Жаңа маусым жаңа тыныс әкелді

«Ешқашан кеш емес» әлеуметтік жобасын ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл хореография, вокал, ағылшын тілі және йогадан тұрақты топтық үйірмелердің қатарына скандинавиялық жаяу жүру сабақтары қосылмақ. Бұған қоса қаржы, құқықтық, компьютерлік сауаттылық сынды маңызды тақырыптардан бір реттік сабақтар өтпек.

Құлсары қаласында 50 жастан асқан тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге бағытталған «Ешқашан кеш емес» әлеуметтік жобасының екінші маусымының салтанатты түрде ашылуы осындай жаңалықпен басталды. Жоба Құлсары қаласындағы «Алтын ұя» бизнес орталығында тұсауын кесті.

«Жаңаша» қоғамдық қорының бұл бастамасы «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында іске асып, жылыойлық зейнеткерлердің ыстық ықыласына бөленген болатын. Биыл да демеушілердің қолдауына ие болған жоба үлкен үмітпен жаңа маусымға қадам басты.

Ашылу салтанатына аудан әкімдігі өкілдері, ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова, «Теңізшевройл» компаниясының өкілдері мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов қатысты.

Ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Қанатқызы жобаның зейнет жасындағы тұрғындарға қаншалықты пайдалы екеніне тоқталып, қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Қоғамдық қордың жетекшісі Алтынай Серікбай алғашқы маусымның жетістігімен бөлісіп, биыл 150-дей қатысушы тартуды жоспарлап отырғанын жеткізді:

-Өткен маусымды өте жақсы нәтижемен үлкендердің алғысы мен батасын алып аяқтадық. Бұл бізге жобаны әрі қарай жалғастыруға үлкен серпін берді,- дейді ол.

Жобаның бірінші маусымына қатысқан Алмажай Қуанышқызы биыл да өз мүмкіндігін жібермей, алғашқы болып өтініш берген:

- Осы жобаның арқасында жасымыздың үлкейгеніне қарамастан жаңа дағдыларды меңгеріп жатырмыз. Бұл өмірімізге жаңа леп, жаңа тыныс берді. Осы маусымда да оқуды жалғастырамын, өйткені шынымен де үйренуге «ешқашан кеш емес» екеніне көзім жетті,-дейді ол.

Маусымашар шараның көркем нүктесі ретінде вокал үйірмесінің түлектері орындаған «Гүлдерайым» әні тарту етілді. Былтыр алғаш рет сахнаға шығып, тыңдарманның ықыласына бөленген қатысушылар биыл өнерін одан әрі шыңдауға бел буып отыр.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT